«Мәшһүр Жүсіп» облыстық орталық мешіті Павлодар қаласының дәл орталығында орын тепкен. Имандылық үйінің құрылысы 23 қазан 1999 жылы басталған. Ол «Ертіс-Трансстрой», «Құрылыс», «Жилстройкомплекс» ЖШС құрылыс компаниялары тарапынан тұрғызылып, 2001 жылы халық қызметіне тапсырылған.
Мешіт орналасқан алаң 6,2 га жерді қамтиды. Алаң ақ қайың, шырша және басқа түрлі ағаштармен көгалдандырылған.
Мешіт аумағы – 48х48 метр. Сегіз қырлы 4 мұнарасы бар және олардың әрқайсысының биіктігі – 63 метрден тұрады. Мешіт күмбезінің биіктігі (айды қоса алғанда) – 54 метрді құрайды. Айдың ұзындығы – 1,20 метр. Мешіттің жалпы ауданы – 7240 м2. Пайдалы ауданы – 5320 м2. Оның ішінде 2850 м2 – тахникалық қабат. Ғимараттың екі қабаты мен мұнаралары кірпіштен салынған, ал күмбезі металдан құрастырылып, алюкабондпен қапталған. Ғимарат үш қабаттан тұрады.
Бірінші қабаты 2850 м2 құрайды. Онда Құран оқу бөлмесі, неке қию залы, күту және демалыс залы, 100, 250, 500 орындық үш асхана және оның қосалқы бөлмелері орналасқан. Сонымен қатар киім ілетін бөлмелер, дәретханалар, вестибюльдер бар.
Екінші қабаты 1810 м2 құрайды. Үлкен залда шамамен 1500 ер адам намаз оқиды. Кіре берісте үлкен холл, киім шешетін ілгіштер бар. Айналасында кітапхана, сыныптар, қызмет бөлмелері орналасқан.
Үшінші қабаты 660 м2 құрайтын балконнан тұрады. Ол жерде әйел жамағаты намаз оқиды.
Үлкен залдағы люстраның салмағы – 3,5 тонна, биіктігі – 18 метр, ені – 6 метр, 434 шамы бар. Ол Ташкенттегі «Онис» зауытында Әмір Темір кесенесіндегі шамның үлгісімен жасалған.
«Мәшһүр Жүсіп» облыстық орталық мешітінің бас имамы – Бертымұратов Жолдас Қоспақұлы.