Құлшылықтан ләззат таба алмай жүрсең, бәлкім, оған «міндет», «бұйрық» деп қарап жүрген шығарсың…
Сен құлшылыққа кейде уақытың мен тыныштығыңнан бір бөлікті арнауға келгендей келесің. Ал шын мәнінде, сен оған шаршаған жаныңды тыныштандырып, жүрегіңе қайта күш жинау үшін келу қажетсің.
Егер сен құлшылықты: «Мені бұған бұйырған Раббым мені жақсы көреді. Менің дауысымды естуді, Оған жалбарынып, сырласқанымды қалайды. Мені Өзіне қарап, алдында тұрғанымды көргісі келеді» деген сезіммен жасасаң ше?
Яғни, бұл — сүйген адамыңның: «Маған қонаққа келші, сені көргім келеді, дауысыңды естігім келеді» деп шақырғанындай…
Сен намаздың тезірек біткенін күтіп, минут санап тұрасың. Ал оның негізгі мақсаты — керісінше, осы дүниенің шаршауынан намаз арқылы тынығуың еді. Сен жай ғана тұрып, иіліп, сәжде жасап жатқан жоқсың. Сен бар шаршауыңды мешіттің есігінде қалдырып, өзіңді сынған жеріңді бүтіндейтін Раббыңның алдына тастайсың. Сонда сәжде жай ғана дененің қимылы емес, жаныңның тынығатын мекеніне айналады.
Сен жай ғана әріптерді оқып, сауап жинап жатқан жоқсың. Сен — бүкіл әлемнің Раббысы саған арнайы жіберген хатты оқып отырсың. Сондықтан әр аяттың арасынан өзіңе керекті жауапты, жүрегіңе ем болатын шипаны ізде. Дұғаны жаттап алған сөздеріңді ресми өтініш сияқты айтып шығу үшін жасама. Ішіңдегі мұңыңды, сағынышыңды, әлсіздігіңді — бәрін сені сөз айтпай тұрып-ақ білетін Раббыңа айтып жатқандай айт. Өйткені дұғаның ләззаты тек қалағаныңның орындалуында емес. Оның Өзімен сырласудың өзінде.
Зікірді тек белгілі бір санды орындау үшін қайталай беретін сөз деп қабылдама.
Ол — Раббыңмен тірі байланыс.
Күнделікті күйбең тіршіліктің арасында жүрегіңе жарық түсіріп, ішкі тыныштығыңды қайтаратын байланыс. Алла сенен шаршап-шалдығуды, өзіңді қинауды қаламайды. Ол сенің өзіңді қалайды. Шынайы жүрегіңді, мейіріміне шөлдеген жаныңды қалайды.
Құлшылық — Аллаға өзіңнің мінсіз екеніңді дәлелдейтін қиын емтихан емес.
Құлшылық — өмірден шаршаған кезіңде саған ашылатын рақым құшағы. Алла сенен өзіңді мықты етіп көрсетуіңді сұрамайды.
Керісінше, Оның алдында осылай әлсіз болып, мұқтаж екеніңді мойындағаныңды жақсы көреді.
Сен Оған құлағанда, Ол сені Өзіне лайық түрде қайта көтереді, жаралы жеріңді емдейді.
Есігін саған ешқашан жауып қоймайды.
Керісінше:
«Күнәң көкке жетердей көп болса да, кейін Менен кешірім сұрасаң, сені кешіремін» деген үміт береді. Сонда Оның саған деген кешірімі мен мейірімі сенің күнәңнан әлдеқайда үлкен екенін түсінесің. Егер Оған қорқып келсең де, Ол сені құр қайтармайды. Жүрегіңе тыныштық береді. Осы дүниеде жүрегіңді дір еткізген талай қорқынышты ұмыттыратындай бір тыныштық сыйлайды. Раббыңа тыныштық пен мұқтаждық сезімімен бар. Оған ауыр міндетті орындап жүрген адам сияқты барма. Сенің шынайы түрде Оған бет бұрғаныңды көрген Жомарт Раббың саған жақындықтың сондай бір тәттілігін сездіреді, ол бұл дүниенің талай ащылығын ұмыттырып жібереді.
Уа, жүрегім…
Аллаға бейтаныс біреу сияқты, есіктің алдында тұрып рұқсат күтетіндей жақындама. Кішкентай бала сияқты жақында. Өйткені сенің мейірімді де кешірімді Раббың бар. Ол сенің Өзіне қарай бір қадам жасағаныңды күтеді. Кемшіліктеріңді жасырады. Тіпті жамандықтарыңды жақсылыққа айналдырады.
Алла — ақиқатты айтады және тура жолға бастайды.