Жақында «ҚР Бас прокуратурасы әлемжелідегі алауыздықты туындату мазмұнындағы жарияланымдардың қатаң жолы кесілетіндігі туралы» хабар шықты. Онда «ҚК 174 бабына сәйкес алауыздық тудыру 2 мыңнан 7 мың АЕК түрінде айыппұл немесе 2 ден 20 жылға дейін әрекеттің ауырлығына қарай жаза тағайындалатындығы» айтылған.
Иә, бұл мәселе туралы сұрақ көп туындайтын болар. Алайда, көбінесе осы арандатушылықтан елдік пайда көру некен саяқ. Қазіргі көптеген елдердегі қоғамдық құрылым бірыңғай, біртұтас емес. Көптеген этникалық топтар мен конфессиялардан тұрады. Саяси түрлі мүдделер кейде осы ерекшеліктерді кемшілік ретінде пайдаланып, этносаралық, конфессияаралық дау-жанжалға айналдырып жатады. Былай қарағанда ешкім өз ұлтын, нәсілін, туған жерін таңдай алмайды ғой!
Десе де, бұған көп қарапайым адамдардың санасы жетпей кемсітушілікке, арандатушылыққа жол беріп жатады. Осы күндері Монголиядағы жергілікті монголдар мен этникалық қазақтар арасында да жік салу талпыныстарын байқауға болады.
Көптеген этностар пен конфессиялар шоғырланған Қазақстан Республикасында этносаралық және конфессияаралық қатынас ерекше көңіл бөлуді қажет ететін мәселелер қатарына жатады. Қазақстан жерін мекендейтін халықтардың достық, түсіністік қарым-қатынасы, оларды біртұтас мақсатқа жетелейтін жетекші ұлттық, керек болса азаматтық мүдде болуы қазіргі саясаттың маңызды бөлігіне айналды.
Әрбір Қазақстан азаматы, ең алдымен, өзі өмір сүріп жатқан елінің азаматы, сонан кейін өз ұлтының перзенті екендігін сезінгенде ғана ұлтаралық қарым-қатынастың жоғары мәдениеті қалыптасады. Сонда ғана, ұлтаралық келісім мен қазақстандық патриотизмге негізделген шынайы саяси және қоғамдық тұрақтылыққа қол жеткізуге болады.
Қазақстанның даму, өсу, өркендеу жолындағы басым бағыттарының бірі – ұлттық келісім, ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетінің жоғары деңгейін қалыптастыру. Әрине, ұлттық келісім аясында әрбір адамның азаматтық құқы сақталуы шарт екені түсінікті. Ұлтаралық келісіммен бірге халықтың әл-ауқатының жақсаруы елдегі саяси тұрақтылықтың сақталуына өз ықпалын тигізеді. Этностар мен конфессиялардың арасындағы қарым-қатынасты жақсартып, татулықты тереңдете түсудің бір жолы – олардың бір-бірінің мәдениетін терең танып-білуіне, сол арқылы өзара түсіністіктің орнауына жол ашу. Жалаң ұранның соңында жүріп, өз ұлтының, нәсілінің жанашыры ретінде әсіре пікірлер өзгелердің өшпенділігін тудыратындығын кейде назардан шығарып алу қаупі бар. Шығыс-батыс бөлшектенуінде, батыстың шығысқа қарсы озбырлығында да осындай «зерттеулер» мен тұжырымдардың жатуы мүмкін.
Ғылымда «конфронтация» деген түсінік бар. Бұл дегеніміз қасарысу, текетірес дегенді білдіреді. Ал дінде мұны фанатизм, таассуб деп айтуға болады. Таассуб мазхабтар арасында, жамағат арасында, конфессиялар арасында, діндер арасында сол дінге немесе жамағатқа, мазхабқа тиесілі адамдардың басқалардың пікіріне төзімсіздік танытуымен ерекшеленеді.
Өркениеттілік пен мәдениеттілік өзіңді бағалау және өзгеге түсіністік білдіруден басталады. Олай болса, танымның өзегі хикметке негізделгендіктен барлық дүниеге салмақты қараған абзал! Абайша айтқанда:
Өзіңде бармен көзге ұрып,
Артылам деме өзгеден.
Күндестігін қоздырып,
Азапқа қалма езбеден.
Пайданы көрсең бас ұрып,
Мақтанды іздеп, қайғы алма.
Мініңді ұрлап жасырып,
Майданға түспей бəйгі алма...