«ҚОРҚЫНЫШ ПА, ҮМІТ ПЕ, ӘЛДЕ МАХАББАТ ПА?»

«ҚОРҚЫНЫШ ПА, ҮМІТ ПЕ, ӘЛДЕ МАХАББАТ ПА?»

1
2 мин
«ҚОРҚЫНЫШ ПА, ҮМІТ ПЕ, ӘЛДЕ МАХАББАТ ПА?»

Бір күні Сүфиян әс-Сәури (қ.с.) Рабия әл-Адауиядан (қ.с.) былай деп сұрапты:

 – Әркім Аллаға өзінше бір себеппен құлшылық етеді: бірі Одан қорыққандықтан, енді бірі Жәннаттан үміт еткендіктен. Ал сен Аллаға не үшін құлшылық етесің?

Рабия әл-Адауия былай деп жауап беріпті:

– Мен Аллаға Одан қорыққандықтан құлшылық етпеймін. Егер солай болса, қожайынынан қорыққандықтан ғана жұмыс істейтін нашар қызметшіге ұқсар едім. Сондай-ақ Жәннатты аңсағандықтан да құлшылық етпеймін. Егер солай болса, қожайыны бір нәрсе берсе ғана жұмыс істейтін нашар қызметші болар едім. Мен Алла Тағалаға тек Оны сүйгендіктен, жақсы көргендіктен, Оның разылығына бөленіп, дидарына қауышуды қалағандықтан құлшылық етемін.

 Құлшылықтың мәні – Алланы сүю, яғни жақсы көру.

 Құлшылық – тек намаз оқып, ораза ұстаумен шектелмейді.

Ол – Алланы шын жүректен сүю, жақсы көру, Оның разылығын іздеу және әрбір ісімізде Оған жақындауға ұмтылу.

Нағыз құлшылық қорқыныш пен үмітке ғана емес, ең алдымен, Аллаға деген шынайы сүйіспеншілікке негізделеді. Алладан қорқу, Оның рақымынан үміт ету және Оны сүю – бірін-бірі толықтыратын рухани құндылықтар.

 Құлшылықтың шынайылығы адамның мінезінен, адалдығынан, мейірімділігінен және өзгелерге жасаған жақсылығынан көрінеді.

Қорытынды: Аллаға құлшылық ету – Оны сүю, яғни жақсы көру, Оның разылығын көздеу және сол сүйіспеншілікті ізгі амалдармен дәлелдеу. Ең көркем құлшылық – ықыласпен жасалған, жүректен шыққан құлшылық.

Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ






  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс