УАҚЫП - САРҚЫЛМАС ҚАЗЫНА (Жиырма алтыншы күн)

УАҚЫП - САРҚЫЛМАС ҚАЗЫНА (Жиырма алтыншы күн)

137
12 мин
УАҚЫП - САРҚЫЛМАС ҚАЗЫНА (Жиырма алтыншы күн)

15 наурыз

Жиырма алтыншы күн

Уақып – сарқылмас қазына

اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Дінімізде қоғам үшін де, жеке тұлға үшін де, адамның ақыреті мен осы дүниесі үшін де ең ізгі амалдардың бірі – уақып ісі. Уақып сөздікте «ұстау» деген мағынаны білдірсе, ал, терминдік мағынасы: «Белгілі бір мүлікті (жарамсыз болып қалғанға дейін) үздіксіз қайырымдылық жолында пайдалану». Уақыптың үкімі Құран және Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисімен, сонымен қатар ислам ғұламаларының бір ауыздан келісуімен бекітілген. Құранда уақып жалпы мағынада келген, мал-дүниеден болған пайданы Алла Тағаланың жолында жұмсау деген сөз. Алла Тағала Құран Кәрімде:

لَنْ تَنَالُوا الْبِرَّ حَتَّى تُنْفِقُوا مِمَّا تُحِبُّونَ وَمَا تُنْفِقُوا مِنْ شَيْءٍ فَإِنَّ اللَّهَ بِهِ عَلِيمٌ 

«Жақсы көрген мал-дүниелеріңнен Алла жолында жұмсамайынша, ізгілікке қол жеткізе алмайсыңдар. Сондай-ақ қайыр-садақа ретінде не берсеңдер де, Алла оны біледі», – деген («Әли Имран» сүресі, 92-аят). Осы аят түскен кезде Алла Елшісінің (оған Аллланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабасы Әбу Талха (Алла оған разы болсын) ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)! Алла Тағала біздерге: «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұсамайынша, әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар…», – деді. Ал менің ең сүйікті, жақсы көретін нәрсем – Байруха бағы. Сондықтан Алла жолындағы берген садақам сол болсын», – дейді. Бұған Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

بَخْ ! ذَلِكَ مَالٌ رَابِحٌ ذَلِكَ مَالٌ رَابِحٌ! وَقَدْ سَمِعْتُ مَا قُلْتَ، وَإِنِّي أَرَى أَنْ تَجْعَلَهَا فِي الأقْرَبِينَ

«Пах шіркін! Бұл неткен табысты дүние! Әлбетте бұл табыс әкеледі! Мен сенің айтқаныңды естідім, расында, мен оны туысқандарың мен жақындарыңа беруің керек деп ойлаймын», – деді. Осыдан кейін ол оны туысқандары мен әкесімен (не анасымен) ағайындас ағасының балаларына бөліп берді» (имам Бұхари).

Бірінші: Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабалары жасаған уақыптар

Алла және Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызықтырған амалды жүзеге асыруға сахабалар асығатын. Өздерінің иеліктеріндегі дүние мүліктерді Алла жолында сарп еткенін олардың ғибратқа толы өмір жолдарынан көптеп кездестіруге болады. Соның бірі Абдулла ибн Омар (Алла оған разы болсын) мына оқиғаны баян етеді

Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын) Хайбар соғысында бір жерді иемденеді. Бір күні осы жер хақында кеңесу үшін Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Мен Хайбар соғысында бір жерді меншігіме алдым және ондай байлыққа бұған дейін ие болмадым. Бұл жер хақында маған қандай әмір бересің?» – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлем болсын): «Егер қаласаң ол жерді уақып ет те одан түскен пайданы садақа етіп отыр», – деп кеңес береді. Омар (Алла оған разы болсын) содан кейін ол жерді ешкімге сатылмайтын, мирасқа да бөлінбейтін етіп садақа (уақып) ретінде береді. Одан түскен пайданы кедейлерге, өзін құлдықтан құтқарғысы келгендерге, Алла жолындағы жақсылықтарға, жолаушыларға садақа етіп беріп отырады (имам Мүслим).

Осы оқиғадағы хазіреті Омардың (Алла оған разы болсын) өз меншігіндегі жерін уақып етуін ислам ғұламалары «Ислам тарихындағы ең алғашқы уақып», – деп санаған. Өйткені хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) Хайбардағы жерін уақып еткеннен кейін көптеген сахабалар өздерінің мал-мүліктерін, бау-бақшаларын уақыпқа қоя бастаған. Жәбир (Алла оған разы болсын) есімді сахаба: «Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларының ішінде мал-мүлкін уақып етпеген ешкім болмаған», – деп айтқан.

Екінші: қазақ даласындағы уақыптар

Уақып жөнінде сөз қозғағанда, Қазақстан жерінің рухани астанасы саналатын Түркістанда Ақсақ Темірдің 1397-1405 жылдары Қожа Ахмет Ясауиға арнап салғызған кесене-мешіті жайлы айтпаса болмайды. Өйткені тарихи деректерден Ақсақ Темір осы кесене-мешітті уақып етіп салып, «уақыпнама» қалдырғанын білеміз.

Құнанбай қажы бабамыз Меккеге қажылық жасауға барған қасиетті сапарында киелі шаһардан «Тақия» деген қонақ үй тұрғызып, уақып жасаған.  Әкесінің бұл игі ісі жайында Хакім Абай:

Меккеде уақып үй салып,

Пәтер қып, жаққан шырақты.

Бір құдайдың жолына,

Малды аямай бұлапты, – деген.  Осы айтылған пайдалардан бөлек көптеген игіліктері бар. Сол үшін де уақып беру өзімізге де, өмірімізге де, қоғамға да өте қажетті іс.

Үшінші: уақып етудің пайдасы

Кез келген игі дүние-мүлікті уақып ету Алланың құзырында көп сауапқа кенеліп, разылығына қол жеткізеді. Бұл жайында Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

مَثَلُ الَّذِينَ يُنْفِقُونَ أَمْوَالَهُمْ فِي سَبِيلِ اللَّهِ كَمَثَلِ حَبَّةٍ أَنْبَتَتْ سَبْعَ سَنَابِلَ فِي كُلِّ سُنْبُلَةٍ مِائَةُ حَبَّةٍ وَاللَّهُ يُضَاعِفُ لِمَنْ يَشَاءُ وَاللَّهُ وَاسِعٌ عَلِيمٌ

«Алла жолында мал-мүлкін сарп ететіндердің мысалы жеті бірдей масақ шығарған, әр масағында жүз дәні бар дәнек секілді. Алла қалаған пендесіне еселеп береді. Алла – Уасиғ (өте кең), Алим (барлық жай-күйді өте жақсы білетін шексіз ілім иесі)», – деген («Бақара» сүресі, 261-аят). Бұл аятта Алла Тағала мал-дүниесін Өзінің жолында сарп еткендердің дүниесі әсте кемімейтіндігін, сонымен қатар әрбір істеген жақсылығы өзіне еселеп қайтатындығын баян еткен. Сондай-ақ Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:

مَنْ تَصَدَّقَ بِعَدْلِ تَمرَةٍ مِنْ كَسبٍ طَيِّبٍ، وَ لَا يَقبَلُ اللهُ إلَّا الطَيِّبَ، ثُمَّ يُرَبِّيهَا لِصَاحِبِهَا، كَمَا يُرَبِّى أَحَدُكُم فَلُوَّهُ حَتَّى تَكُونَ مِثلَ الجبَلِ

«Кімде кім адал жолмен тапқан табысынан бір құрмадай садақа берсе, Алла ол садақасын қабыл етеді. Содан кейін оны таудай болғанша, яғни сендердің біреуің тай құлынды кішкентайынан өсіргендей иесіне сауабы үлкейеді», – дейді (имам Бұхари).

  • Уақып ету арқылы қайтыс болған мұсылманның сауабы үзілмей артынан барып тұрады.
  • Мал-мүлкін уақып еткен мұсылман осы ісі арқылы Алланың махаббатына кенеледі.
  • Уақып ету арқылы қоғамның жақсаруына үлес қосады.

Яғни уақыпқа берілген дүние-мүлік қашан да ағымы жалғасып тұратын садақаға жатады. Мысалы, оған бірнеше мүліктерді атауға болады. Айталық, қазіргі таңдағы мешіттер мен медреселер, сондай-ақ жеке адамдардың мұқтаждар үшін пайдалануға беріп жатқан дүниелері осыны білдіреді. Тіпті уақыпқа қатысты шариғатта көрсетілген түрлері көп. Олар:

  1. Тек діни бағытқа арналған уақып (мешіт, медресе, мектептер);
  2. Мұқтаждарға қайырымыдылық ретінде берілген уақып;
  3. Ұрпағына арналған уақып.

Аллаға шүкір, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да арнайы «Уақып» қорын ашып, халыққа насихат жұмыстарын жүргізіп келеді. Бүгінде осы «Уақып» қорына кейбір азаматтар өз мүліктерін тіркеп, сауапты іске атсалысып, Алла жолында садақа жасауда. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай уақып ретінде берілген садақа – сауабы үзілмейтін істердің бірі. Сондықтан дініміз өзгелерге көмектесуге, адамдарға жәрдемші болуға шақырады. Алла Тағала:

وَمَا أَنفَقْتُم مِّن شَيْءٍ فَهُوَ يُخْلِفُهُ وَهُوَ خَيْرُ الرَّازِقِينَ ...

«Алла жолында берген нәпақаларыңның есесін Алла толтырады», – дейді («Сәбә» сүресі, 39-аят).

Ал, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

خَيْرُ النَّاسِ أَنْفَعُهُمْ لِلنَّاسِ  

«Адамдардың жақсысы (өзге) адамдарға көбірек пайда тигізгендері», – деп өзгеге пайдасын тигізген, оларды қуантқан жандарды адамдардың ішіндегі ең абзалы деп мақтаған.

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс