19-20 ғасыр аралығында Алтай-Қобда бетіндегі ағайын жұрттың діни-рухани бірлігін нығайту, «қилы заман, қиын өткел кезінде» қасиетті дініміздің Алтай тауының күнгей бетінде жүйелі де тиянақты таралуының негізін қалаған Мұхаммед Мүһмин Шахмансурұлы (1807 - 1902) хазіреттің діни тұлғасы, оның жолын жалғастырған ұрпақтарының тағдырлы тарихын осы шағын мақалада түгелдей қамту мүмкін емес.
Мұхаммед Мүһмин Шахмансурұлы хазіреттің тікелей ұрпағы Мархамет Жанасұлы Шаһхайымтегінің 2020 жылы Астана қаласы, «Өрнек» баспасынан жарық көрген «АЛТАЙ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ДІН ТҰТҚАСЫ – МҰХАММЕД МҮҺМИН ХАЗІРЕТ» атты кітабы бойынша қысқартып ұсынып отырмыз.
Қилы заман, қиын өткелде тұрғанда ислам дінінің Алтай тауының күнгей бетінде жүйелі де тиянақты таралуының алтын дәуірі Мұхамед МүҺмин Хазіреттің есімімен тығыз байланыста жүзеге асады.
Мұхаммед Мүһмин Шахмансурұлы (1807 - 1902) – арғы тегі Қоқан қожаларынан шыққан, Бұқара қаласындағы әйгілі Бахауаддин Нақышбанди әулиенің шәкірттерінен дәріс алған ірі діни қайраткер, Алтайдағы қазақтардың мұсылмандық жолына бетбұрыс жасаған көшбасшы тұлға. Оның діни ғибадат қызметі сан тарапта, жүйелі, ислам ілімінің шариғатына сай тиянақты да бірегей, жоспарлы, заманға сай озық тәсілдермен, терең парасатпен, табанды күреспен, жергілікті халықтың мінез-құлқы, тұрмыс-салтымен үйлесімділік тауып көрегендікпен жүзеге асқаны аңдалады. Мұхаммед Мүһмин Хазіреттің ислам дінін таратып орнықтырудағы еңбектері топшылап айтқанда негізінен төмендегі салаларда көрініс табады:
-Алғаш рет Ақмешіт, Сармешіт деген мешіттерді соғып, шәкірт оқытып, медресе ашуы;
-Жайлау қыстау,күзеуде жүрген көшпелі елдің басын қасиетті жұма, діни түрлі мейрамдарда тұрақты қосып, әлімкөже істеп тегін таратып, сап түзетіп, намазға ұйытуы, осылайша ислам дінінің басты шарттарын орындауға жағдай туғызуы;
-Алтай қазақтарын алғаш рет Меккеге қажылыққа өзі бастап апарып,қасиетті сапарға жол салуы;
-Осман империясының Сұлтанына кездесіп, мұсылмандардың бас Хазіретінен бата алып алқанып, ислам әлемінің ең шығысындағы шеп-қорған іспетті Алтай қазақтарына Мұхаммед пайғамбардың (Ол кісіге Алланың салауаты ен сәлемі болсын) мүбәрәк мұрты «муй-мүбаракты» арнайы сандығымен тәбаракка әкеліп, «Муй-мүбарак» үйін соқтырып, шығыстағы қазақтарды табындыруы;
-Беделі дәуірлеген ол «Қазы» дәрежесіне жетіп, қазақ арасындағы сот ісіне төрелік етіп, шариғат үкімін бітімге енгізіп, қара қылды қақ жарған әділеттілігімен мұсылманға сыйлы болуы;
-Мұсылмандардың достық байланысын бекітіп, Бұқара, Қоқан, Қашқар, Стамбул, Мекке, Мединемен байланысты жалғап, өзінің және шәкірттерінің, ұрпағының білімін жетілдіре түсуге жол салуы;
-Жергілікті халықтың салты, шаруашылық болмысын дөп басып, қажеттілігін өтеу үшін дінмен бірге сауда кәсібімен де шұғылданып, халықтың әл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігін арттыруға да күш салуы;
-Ұрпағы мен шәкірттеріне рухани жолын жалғастыруға жетерлік білім бере білуі және олардың ата жолын адал жалғастырып, көбінің 1928-1937 жылдары Шыңшисай, Сталин,Чойбалсан нәубатында шәйіт болуы;
Әлқисса, басынан бастар болсақ, ең әуеліде жиырма жастағы Мұхаммед Мүһмин әкесі Шахмансурмен бірге 1827-1830 жылдары Қоқан, Бұхара тараптан сауда-саттық жасап Алтайдағы қазақтарға келіп-кетіп жүрген, олар жергілікті халықтың сұранысын барлап, бұл өлкеде дін таратуды қарқынды әрі шұғыл жүргіздің қажеттігін терең ұғынады. Сол себептен де ел ағаларының қалауымен ұлы Мұхаммед Мүһминды керейлердің ортасына қалдырады.
Мұхаммед Мүһминннің бірнеше буын ұрпақтары Алтайдағы, Қобдададағы қазақтар арасында діннің алтын діңгегіне айналады. Мұхаммед Мүһмин Қоқаннан 1827 жылы (кейбір деректерді есептегенде 1830 жылы) Өр Алтайға келіп, 93 жасап, 8 рет қажылыққа барып, 73 жыл бойы дін таратады. Ол Алтайдың күн бетінде екі мешіт (Ақмешіт, Сармешіт), Алтайдың теріскей Моңғолия тараптағы Қобда бетінде Ұзын Күйтін деген жерде Күйтін мешітін салып, зор сауапқа бөленеді.
Білімдарлығымен, әулие парасаттылығымен танылып, кейіннен «Керей Ишан», «Хазірет Атаң» аталып бүкіл халықтың алқауына кенелген Мұхаммед Мүһмин Алтай тауы қазақтары ортасында жетпістен астам жыл өмір кешкен шағында исламның хақтығын, ұлылығын, тазалығы мен құдіреттілігін ел санасына терең сіңірумен қатар ауқатты, беделді адамдарды алғаш рет Меккеге өзі бастап барып, қажылық сапарға жол ашқан. Ол туралы Ақыт қажы былайша жырлайды:
Меккеге талап қылды халқын бастап,
Әуелі жеке барды елін тастап.
Хақ жолға қара жаным болсын фида,
Дұрыс па уайым қып жолдан қашпақ?!
Екі-үш жол аман барып, аман келді,
Келгенін аман-есен халқы көрді.
Еліне әмір қылып жүр деген соң,
Ақырда әрбіреуі қасына ерді.
Хади боп Хадиатқа дін таптырып,
Бастады Байтоллаға тамам елді.
Меккеден такияны алды сатып,
Қазақ елі, керей момын тұрсын жатып.
Бәйтолла мен оразаны зиярат қылып,
Келеді барған сайын нұрға батып.
Өр Алтай өлкесіндегі алғашқы мешіт-медіреселерді орнатып, халық арасына дін тарататын білімдар шәкірттер әзірлеп, оларға рұқсат беретін алғашқы діни алқа құрады.
Абақ-Керейлер орын тепкен өлкенің әр жерінде бой көтерген мешіттердің арасында «Хазірет Атаңның Сары мешіті» аталған орталық мешіт сол заманда Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі секілді шығыстағы қазақтардың ең бір қасиетті орнына айналады. Мұхаммед МүҺмин қазірет тек Өр Алтаймен ғана шектелмей күллі Шығыс Түркістан қазақтары арасындағы дін өрісін ұлғайтуда ұлағатты істер тындырады, арнайы Қашқарияға сапармен барып мұсылманның ауызбіршілігін арттыруға да үлкен үлес қосады. Моңғолия тарапта Қобда бетіне қоныстанған қазақтар арасына да мешіт салдырып, өзінен дәріс алып арнайы тағайындалған имамдары арқылы дін уағыздау аясын кеңейте түседі. Оған бір дәлел, қазіргі Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы Цэнгэл сұмынының Күйтін өлкесінде салынған «Күйтін» мешіті еді. Бұл мешіттің іргесін 1903 жылдары (Кейбір деректерде 1870-жылдар) шамасында қалап, кейін Алтайдың күн бетіне қайта өткенде бұл мешітті шеруші Тілеуберді моллаға беріп, өз орнына оны имамдыққа сайлап кетті.
Хазірет Атаң сонымен қатар исламдағы отбасы, неке, әйел мәселелеріне байланысты діни жосын, шариғат үкімдерін қазақтың салт-санасына сай өзгертіп, азаматық дау-жанжалдарды шариғат жолымен шешуге үлкен үлес қосып, үнемі әділ билік айтып, ханға да, қараға да тартпайтын туралығымен асқан беделге ие болады.
Өр Алтайда Мұхаммед Мүһмин Балбағайда қоныстанып, бұрынғы өзі салған медресе орнына 1889-жылы қызыл қарағайдан мешіт салдырады. Оны көрінісіне қарай халық «Сарымешіт» деп атап кетеді. Бұл мешіт ел қыстауға орналасқанда кәдеге асып, намаз оқылатын, әдетте дінге сенімі аз, жапырыла құлап жығылып тұрмайтын қазақтар, қысты күні қоныс шалғай, жері алыс, күн суықта мал-жанның қамынан асып мешітке көп жиыла қоймайтын. Ол кезде халық егін салуға аса беріліп кетпегендіктен егіншілікпен шұғылданатын өлкелер өте шалғай, астық саудасын істейтін кірекеш саудагерлер жоқтың қасы еді. Жұрт бидай көже, бөртпе тары, бауырсақ, шелпек, жент, жаншыма секілді тағамдарды таңсық көретін.
Халықтың осындай мұқтаж жағдайын білетін алғыр имам жыл бұрын саудагерлер арқылы әр орындардан бидай, арпа алдырып, қыстың алты айындағы әр келген жұма күні көже істеп, намазға жиналған халыққа тегін таратып отырады. Халық бір жағынан жұма намазын өтеп, құдайға құлшылық етуге барса, енді бір жағынан таңсық тамақтан ауыз тиюге барады. Кейін келе бұл көжені «әлімкөже» деп атап кетеді.
Революцияға дейін Түркістандағы Ахмед Яссауидың мешітінде жұма намаздан кейін жиылғандарға әлімкөже беретін әдет болған. Бұл арабша «халймун» жұмсақ деген мағына береді. Басқаша айтқанда қабығынан тазаланған бидай, арпа дәндеріне ет қосып, айрықша әдіспен жасалған жұмсақ ботқа. Халықты мешітке осындай түрлі шараларды қолдану арқылы жинаған Мұхаммед Мүһмин намаз кезінде уағыз сөйлеп, шариғат айтып, Құраннан үзінділер оқып, мазмұнын аударып, Алланың бірлігін, пайғамбардың хақтығын, Құранның шындығын т.б. ислам дінінің шариғаттарын үгіттеп мүминдерді ұйытады. Осындай ауқымды қызметтері арқылы Алтайдың күн бетінде жоғары беделге ие болды.
Мұхаммед Мүһминнің жарым ғасырға жуық молдалық істеп, ел алдында абыройы артса, енді бір тараптан ұзақ жылдық өміріндегі өрбіп-өскен шәкірттері он екі абақ керейдің әр руларына тарап, әр елде Мұхаммед Мүһминді «пір» тұтқан білікті-білікті молдалар жетіліп, өз тәрбиешісінің туын тік көтеріп, Алтай-Сауырдың еліне беделі онан ары арта түсті. Мешіт салып, бала оқытқан кезінде, хафиз (дінді қорғаушы абыз) атанып келсе, кейін келе халқы Мұхаммед Мүһмин «хазірет», яғни «пір» атайды.
Абыройы өскен Хазіреттің дәулеті де қаулап өсе береді. Осы дәулетті бабымен басқара білетін ыспар, салауатты хазірет, керей ішіне тек дінмен ғана емес, құда, тамыр, туыс, жегжат болып тамыр жаюды да қалт жібермейді. Ислам дінінің көп әйел алу шариғатынан пайдаланып, абақтың ұрпақтарынан төрт әйел алып, керейлерге күйеу бала болып сіңіп, балталаса кесілмес, сүймендесе айырылмас туыс болады.
Мұхаммед Мүһминның алғашқы әйелі – қожа қызы өлгеннен кейін, екінші әйелі Абуқанипадан Мұхаммед Уали, Абеу Уали, Мұхаммед Салиһ, Қалиолла деген төрт ұл, үшінші әйелі Тыныштықтан Әбіш, Ахмед деген екі ұл, төртінші әйелі Бибимусылимадан Мұхамедқали деген бір ұл туып, осылардан тараған үрім бұтағын халық: «Хазырет атаң ауылы» деп атап кетеді.
Хазырет ата мұнымен тынбады. 1890 жылдары қажыға жетінші рет барған жолында Стамбұлда болып, ондағы діни ғұламалармен сөйлесіп, өзінің ислам дінінің кемелденуі үшін істеп жатқан ісіне көмек сұрайды.
Осман империясының (Түркия) Сұлтаны және Дінбасы хазіретімен болған мәжілісте Мұхаммед Мүһмин өзінің терең білімді, үлкен күрескер екенін дәлелдеп, ҚХР Шыңжан Алтай бетіндегі қазақтар қытаймен іргелес өмір сүретін ислам әлемінің ең солтүстік шығыс шебінде, шекара шетіне қорған болатын жұрт екенін, яғни бүгінгі тілмен айтқанда геосаяси маңызды ахуалын дұрыс түсіндіре алғандықтан өзін де, халқын да таңғажайып сыйлыққа кенелте алғаны байқалады.
Стамбұл ғұламалары хазіретке «муй-мүбарак» ашуына көмектесуге уағда беріп, оны келесі жылы қажыға келген адамдардан қалдырмай беретін болып келіседі. «Муй-мүбарак» дегеніміз пайғамбар Мұхаммед (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) -тің әйнек құмыраға салған мұрты еді. Ислам дінінің мейрам күндері (ораза айт, құрбан айт күндері), пайғамбардың дүниеге келген, о дүниеге кеткен күнін еске түсіретін кезде пайғамбардың мұрты салынған құтыны жұрт көзіне басып, ислам дінінің қадырлы пайғамбарын еске алып, оған сиынады.
Мұхаммед Мүһмин осы сапарынан Алтайға қайтып келгеннен кейін, келер жылы алып келетін «муймүбаракке» арнап 1898 жылы Қыран бойынан «Ақмешітті» салдырып, оған арнайы «муй-мүбарак» күмбезін орнаттырады. Мешіт қызметі қарбалас жүріп жатқан осы жылы Мұхаммед Мүһмин өзінің жеті ұлының ішіндегі ең алғыр, зерек, мұрагер болар зейінді деп таныған кіші ұлы Мұхаметқали (Мағсұм қажы) мен адал да құнытты үлкен ұлы Қалиолла имам (Нұрмұхаммед) екеуін қажыға жіберіп, қайтар жолында Стамбұлдан «мүй-мүбаракты» алдырады.
«Мүй-мүбарак» қысты күні Ақмешіттегі «мүй-мүбарак» күмбезінде сақталып, жазда арнаулы жасатылған киіз үйге қойылып, күзетіліп, көшкен елдің жағдайына қарай он екі айда Алтайдың жонына шығып, ойына түсіп тұрады.
«Мүй-мүбарак» әр жылы ораза айт пен құрбан айт және пайғамбардың туған күні Хазірет атаң ауылында ашылып, мәуліт оқылып, ат жетер жердегі қазақтар таңнан келіп «мүй-мүбарактың» ашылуын күтетін. Ақыт қажы ақын былайша жырлайды:
Күзетті мүй-мүбаракты күмбез салып,
Шатланды еңғашлықтың кеңін алып.
Сұлтаннан мұндай қайыр көрген бар ма,
Талай жан Ыстамбұлға жүрген барып...
Жаранлар, ұғып тыңла мына сөзді,
Керемет ұясынан шайтан безді.
Қай патшалар мұндай шен берген екен,
Талай жан шейхпін деп жиһан кезді?[1]
Ақмешіт бітіп, «Мүй-мүбарак» тұңғыш ашылған күні жұрт көп жиналады. Алтайдың Жеңісқан гүңі мен төрт бидің орнынан арнайы келген әр елдің, әр рудың білікті-білікті жерлерінен қадау-қадау шақырылған қонақтардан сырт Қыран, Ертіс бойындағы қалың ел жапырыла келеді.
Күн бұрын дақпыртын естіген қауымға сол «мүй-мүбарак» арқылы әлемдегі бақыт құсы Алтай еліне жапырыла ұшып келіп қонатындай сезілетін. Міне, сол бақыт есігі бүгін ашылмақшы. Қазірет ауылындағы түнімен жиналған қалың қара нөпір топ таң атып, күн көтерілген сайын әр жерден, әр тұстан топ-тобымен, жік-жігімен келіп жатқан қауыммен молая береді. Таң намазының шақырылуымен Ақмешітке сеңдей ағытылған жұрттың көбі сол мешіт маңынан қайтпайды. Күн көтеріліп, жұрт жиналып болды-ау деген мезгілде «мүй-мүбарак» ашылғаны жарияланып, салауат айтылып, Хазіреттің үлкен ұлы Қалиолла (Нұрмұхаммед) имам жағынан «Мүй-мүбарактың» қадыр-қасиетін таныстырады. Бұл арабша сөйлесе де жиналған жұрттың көбі сөзін ұқпағанымен жұмысы болмай, әйтеуір тіріде жиған, өлгенде иман беретін қасиетті мұртты көруге асықты.
Хазірет адамдары бір кезде мешіт алдында халықты қатар тұрғызып, мешіт есігі алдындағы жаңа жасалған сөре тақтайдың аржағында тұрған хазіреттің алдынан өтуге тәртіптестірді.
Алтай, Сауырдан бас қосқан қалың тілектің ошарылып, ақ мешіттің алдында Хазірет қолындағы көгілдір құтының ішіндегі қасиетті мұртынан жақсылық, пәрмен тілеп жатуы Хазіреттің абройы мен атағын тік көтерді. Күллі мұсылман баласы күніне бес рет құбылаға бас қойса, бүкіл Алтай халқы осы бір қасиетті құтының құдыретімен Хазіретке ден қойды. Алтайдың төресі мен төрт биін өз алдына иілдірді.
Міне, Мұхаммед Мүһмин ел алдында осы беделге келген кезде Алтайдың төрт би төресі өздері басып отырған ұқықтарының бір шетін Хазіретке де еріксіз бастырды. Алтай өңірінде ислам діні үкім шығаратын қазылық орынға көтеріліп, ел ішінің дау-шарында дін сотын ашып, жесір дауы, жер дауы да ислам діні шариғатымен басқарыла бастайды.
Осылайша дін орныққан соң біреулер құдайшылдығымен мешіт салдырса, енді біреулер атақ-абыройға бола қара таласып мешіт салдыра бастайды. Сөйтіп ХХ ғасырдың басталуымен тең Алтай елінде мешіт салу бәсекесі басталды. Әр тайпа, әр ру, әр атадан шыққан дәулетті ел иесі адамдар өз алдына мешіт салып, жамағатты бес уақыт намазға шақырса, ішінара саналы, көзі ашық адамдар мешітке қоса медіресе салдырып, бала оқытып, мұсылманша сауат ашуға шөгел кірісті. Сол кезде Алтай-Сауыр көлемінде ілгерінді-кейінді елу неше мешіт салынып, әр мешітке имамдық еткен имамдар өз хал-жағдайларына қарай бала оқытып, молда жетістірді. Бұл мешіттің ішіндегі беделі зор мешіттер: Көктоғайдағы Ақыт қажы мешіті, Бітеуіргедегі Мәми бейсі мешіті, Сауырдағы Жәке би мешіті, Ертістегі Жақып амбы мешіті, тасбикенің Ақарал мешіті, Буыршын бойындағы Өміртай мешіті, Ертіс бойындағы Тоқбай мешіті, Қабадағы Дабы мешіті, Балбағай мен Күртідегі Қуанбай қажы мешіті қатарлы мешіттер болды. Осы мешіттердегі үлкен медіреселер: Бітеуіргедегі Абақия медіресесі, Сауырдағы Жәке би ашқан медіресе, Көктоғайдағы Ақыт қажы медіресесі, Ақмешіттегі Атаң аулы медіресесі болды.

Мұхаммед Мүһмин хазіреттің Алтайдағы қабірі
Ықшамдап әзірлеген Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ
[1] Ақыт Үлімжіұлы. Жыр, толғау, хиссалар.Өлгий 1994.149-б