АЛЛАҒА ҚАУЫШУДЫҢ ЖОЛЫ...

АЛЛАҒА ҚАУЫШУДЫҢ ЖОЛЫ...

391
4 мин
АЛЛАҒА ҚАУЫШУДЫҢ ЖОЛЫ...

Миғраж – Аллаһ Тағаланың сүйікті де ардақты құлы әрі елшісі болған Пайғамбарымызды өз құзырына шақырған түн. Пыраққа мініп, Жәбірейіл періштенің жетелеуімен Әл-Харам мешітінен құт-береке дарыған Әл-Ақса мешітіне барып, сол жерден Алланың құзырына көтерілген берекелі кеш.

Жәбірейіл періште сүйікті Пайғамбарымызбен жеті қат көктен асып, Сидрат ул-Мунтаһаға жеткенде әрі қарай Пайғамбарымызды «Рафраф» атты жасыл жібек төсенішке отырғызып, жалғыз өзін жібереді. Себебі, Сидрат ул-Мунтаһа – Жәбірейілдің соңғы аялдамасы еді. Одан әрі барса, періште өртеніп, жанады.

Жаратылғандардың ілімі де осы жерден бітеді. Бұл шекарадан әрі өту Пайғамбарымызға ғана нәсіп болған бақыт! «Қорықпа, уа Мұхаммед, жақында!» деген сөз тек Пайғамбарымызға ғана бұйырған мәртебе! Ибн Аббастың риуаят етуі бойынша, «Мен Раббымды көрдім!» деген сөз Пайғамбарымызға ғана тиесілі мақтаныш!

***

Тасаууф ілімінде Жәбірейіл ақылдың образы болса, Рафраф – ғашықтықтың символы, ал Пайғамбарымыз – рухтың тәмсілі. Тасаууф ғалымдары Аллаға ақылмен емес, ғашықтықпен жететінін айтады. Ақыл Алланы танытатын құрал болғанымен, Оған қауыштыруда дәрменсіз. Себебі, ақыл шектеулі. Абай айтпақшы, «Аллаһ Тағала өлшеусіз. Біздің ақылымыз өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды».

Миғраж түні Жәбірейілдің Пайғамбарымызды белгілі бір шекараға дейін әкелгені тәрізді ақыл да адамды Аллаға бет алған рухани сапарда белгілі бір жерге дейін ғана жетелей алады. Одан әрі Рафрафқа табыстағанындай, бұдан соң адамды Раббысына ғашықтық қана қауыштырады. Түрік ақыны Нәжип Фазыл Кысакүрек мұны біздерге былайша көркем суреттейді:

«Жанында – Жәбірейіл, астында – пырақ.

Сол бір жерге барды.

Соңғы нүкте, соңғы із еді ол жер, соңғы тұрақ.

Бір ағаш бар еді.

Періште тіл қатып:

«Осы жер менің соңғы шамам,

АҚЫЛДЫҢ ШЕГІ ТАУСЫЛҒАН.

Енді қозғалсам өртенем, жанам.

Бұдан соң қимылдай алман.

Пайғамбар сонда сұрады:

«Бұдан былай қайтіп жетпекпін?

Жоқ па Раббыма жетелер?»

«Ғашықтықты желкен ет», – деді Жәбірейіл:

«ТЕК ҒАШЫҚТЫҚ ЖЕТЕЛЕР».

Демек, Аллаға жетелер жолда ақыл өзінің соңғы аялдамасында қалуға мәжбүр болады. Сол аялдамадан әрі қарай Аллаға қауыштыратын нәрсе тек ғашықтық болмақ. Құл ғашықтық арқылы ғана рухани миғражға сапар шегіп, Раббысына қауыша алмақ.

Ал ғашықтық бір жақты болмайды. Мәуләна ғашықтықтың екі жақты болатындығын айтады. Яғни, Алланы сүйсең, Аллаһ Тағала да сені сүйеді деген сөз. «Аллаһ оларды, олар да Алланы жан-тәнімен жақсы көретін болады» («Мәида» сүресі, 54-аят) деген Құран аяты да осыған дәлел.

Хәкім Абай да: «Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың парыз емес пе?», «Махаббаттың төлеуі – махаббат», «Аллаһ Тағаланың пендесін махаббат уә мархаматтан жаратқанын біліп, махаббатына махаббат пенен ғана елжіремекті Құдайға ғашық болды дейміз», «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті», – демей ме?

Ендеше Миғраждан алар ғибрат: Аллаға қауышудың жолы – Аллаға ғашықтық қана.

Миғраж мүбәрак болсын!

 

Салтан САЙРАНҰЛЫ

“Тасаууф тұңғиығынан” телеграм арнасынан: https://t.me/mutasauuf

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс