Сырым Малайсары қариядан бата алмақшы болып келеді. Сонда Малайсары қария:
"Батамды беремін, бірақ көңілімде жүрген бір іс бар еді. Байұлының бір баласы Әлім жігіттерінің қолынан қаза болып еді. Соның жоқтаушысы жоқ. "Ердің құнын жастың жайсаңы даулайды, не кәрінің сайтаны даулайды" деуші еді. Сен барып сол дауды шешіп кел",- дейді.
Сырым Малайсары айтқан елге, сол елдің биі Ақсуат биге жетіп келеді. Ақсуат би:
"Уа, тоқтаңдар, ауылымның үстін шаңдатып келе жатқан кімсіңдер? Елмісіңдер, жаумысыңдар?"- деп, даусын көтере сөйлейді. Сырым батыр:
"Уа, би, ел десең- елміз, жау десең- жаумыз. Жаяулап келетін әлімнің келіні емеспіз, бізбен дұрыстап сөйлесіңіз",- дейді. Ақсуат бидің бір жігіті құлағына сыбырлап:
"Өздері он екі аттылы екен"-дейді.
Ақсуат би:
"Онда он екі ата Байұлы түгел атқа қонған екен, үш-төрттен, үй-үйге бөліп түсіріңдер",- дейді.
Сырым екі жолдасымен Ақсуаттың үйіне түседі. Сырым:
"Би, аты-жөн сұраса отырайық",- дейді.
Ақсуат би:
"Елімді сұрасаң -Әлім, жерімді сұрасаң- Бұйырғын, атымды сұрасаң- Ақсуат, осы елдің ортасындағы қазығымын, айналамнан ел кетпейді, алдымнан дау кетпейді",- дейді.
Сырым іле-шала:
"Би, сөз білесіз, суатпын деп мақтанбаңыз, су жаманы-суат, басынан соқпақ кетпейді, қазықпын деп мақтанбаңыз, мүлік жаманы қазық- басынан тоқпақ кетпейді. Бұйырғын деген шөп болады, жеген мал тоқ болады, қауқары жоқ болады, тышса боқ болады. Әлім болсаң- әліңді біл, адамымның құнын бер",- дейді.
Сонда Ақсуат би:
"Сырым балам, сырыңды енді ұқтым, Байұлының бір адамы біздің елде жазым болғаны рас еді, ердің құны мың қой, үмсе келе үй басына бір қой. Бір қойдан Әлімнің үйі кедейленіп қалмайды, жоқтаушысы кездеспей жүр, жорта өлтірген жоқ , жортуылда болған жазым ғой, төрелігін өзіңе бердім, құнын өзің айт",- дейді.
Сырым:
"Мың тоқты, бір қора қойдың жазғы төлі, мен де Байұлын байытайын деп келгенім жоқ, ел арасына бүтінші, бітімші болайын деп келдім, билікті маған берсеңіз, ұрының құны жарты құн-елу қара болсын!"- дейді. Осыған екі жақ та тоқтайды.
Тиісті малын алып, Сырым жігіттері жүргелі тұрғанда, Ақсуат би:
"Сырым балам, ел арасының бүтіндігін ойлап, ел ағасы болайын деген бала екенсің. Мұратыңа жет, жолың болсын. Әділдігің үшін жолыңа нар бастаған "тоғыз" байлатып қойдым, бұдан былай сенің жолың "бас тоғыз" болсын",- деп, Сырыммен қоштасыпты.
Сырым елу жылқыны елге алып келіп, қалы кілем жабылған қара нарды Малайсары қарияның босағасына әкеп байлайды. Риза болған Малайсары:
"Енді саған батамды берейін, сен жас болсаң да, елге бас болғандай екенсің.
Арқаң қара нардай жауыр болсын,
Мінезің қара жердей ауыр болсын.
Өкпең жоқ бауыр болсын.
Үйіңнің сыртынан дүбір кетпесін,
Құлағыңнан сыбыр кетпесін",-деп, батасын береді де:
"Мен не десем де, бәрінің мағынасы бар, қалай түсінсең , солай өзіме айырып бер",- дейді.
Сонда Сырым:
"Арқаң қара нардай жауыр болсын" дегеніңіз- ердің жүгі ауыр, арқама батты деп ауырсынба дегеніңіз болар.
"Мінезің қара жердей ауыр болсын" дегеніңіз- сабырлы, шыдамды бол дегеніңіз болар.
"Өкпең жоқ , бауыр бол" дегеніңіз- өкпешіл болма, кешірімді бол дегеніңіз болар.
"Үйіңнің сыртынан дүбір кетпесін, құлағыңнан сыбыр кетпесін" дегеніңіз- жора-жолдасың көп болсын, ел мұңына, жетім- жесірге құлағың түрік, есігің ашық болсын дегеніңіз болар",- депті.
Сырымның айтқан сөзіне Малайсары қария риза болыпты.