МҰСЫЛМАННЫҢ ОТАН АЛДЫНДАҒЫ БОРЫШЫ

МҰСЫЛМАННЫҢ ОТАН АЛДЫНДАҒЫ БОРЫШЫ

1647
4 мин
МҰСЫЛМАННЫҢ ОТАН АЛДЫНДАҒЫ БОРЫШЫ

Жаратушы Алла Тағалаға сансыз шүкіршілік, барша әлемге мейірім мен кешірім шапағатын сыйлаған Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауаттар мен сәлемдер болсын!

Ислам діні мұсылман адамға бірқатар қасиетті міндеттер жүктейді. Олардың арасында ерекше орын алатындарының бірі – Отанды сүю, оған адал болу, және оның амандығы мен дамуына үлес қосу. Әр мұсылман үшін өзінің кіндік қаны тамған жерін қорғау, құрметтеу, оған сүйіспеншілікпен қарау – дінге сай міндеттердің бірі.

Алланың Елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) өзі туып-өскен Мекке қаласына деген махаббатын ешқашан жасырып қалмаған. Меккеден мәжбүрлі түрде кетіп бара жатқанда: «Егер де тұрғындарың мені қуып шықпағанда, сені ешқашан тастамас едім», – деп, туған жеріне деген терең сүйіспеншілігін көрсеткен. Бұл пайғамбарымыздың Отанға деген махаббат пен адалдықтың үлгісі болғанын айғақтайды.

Мұсылманның Отан алдындағы парызының негізгі амалдары

Исламда мұсылманның өз Отанын сүюі мен қадірлеуі бірқатар амалдар арқылы көрініс табады. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – қоғамның бірлігін сақтау. Бірлік – мұсылман қауымының ең басты күші. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Алланың жібіне мықтап жабысыңдар және бөлінбеңдер» (Әли Ғимран сүресі, 103-аят), – деп ескертеді. Бұл аят мұсылмандарды бірлікке, ынтымаққа шақырады. Қазақтың ұлы ойшылы Абай да осы ойды қолдап, «Бірлік – малға емес, ақылға бірлік» деген болатын. Бұл қағида елдің амандығы мен болашағын сақтауда үлкен рөл атқарады.

Қоғамдық мүлікті қорғау – мұсылманның тағы бір маңызды міндеті. Қоғам игілігіндегі мүлікті сақтау әрбір азаматтың борышы. Ислам тарихында әділдігімен танылған халифа Омар ибн Хаттаб (р.а.) мемлекеттік қызметтегі адалдығымен танылған. Мемлекет шамын жеке қажетіне пайдаланбай, жеке қаржысына шам сатып алып қолдануы адалдықтың ең биік үлгісін көрсетеді.

Адал қызмет ету – мұсылманның тағы бір борышы. Әрбір адам өз еліне адал қызмет етуі арқылы қоғамның дамуына үлес қосады. Адал еңбек пен қызмет – мұсылманның өмірлік міндеттерінің бірі болып табылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адал еңбек ету – нағыз мұсылмандық», – деген.

Отанды қорғау да маңызды борыштардың бірі. Құранда: «Алла жолында өлтірілгендерді өлі деп санамаңдар, керісінше, олар тірі» (Бақара сүресі, 154-аят), – деп айтылған. Бұл аяттан Отанды қорғау жолындағы ерлік пен жанқиярлық қасиеттің маңыздылығын көруге болады. Әскерде қызмет ету, елді қорғау – әрбір азаматтың қасиетті міндеті.

Болашақ ұрпаққа отансүйгіштікті тәрбиелеу – әрбір ата-анаға жүктелген үлкен жауапкершілік. Бала тәрбиесі – ұлт болашағының негізі. Балаларды Отанын сүюге, елдің дәстүрін құрметтеуге баулу – әрбір ата-ана үшін міндет. Ұлт тәрбиесі бесіктен басталады, сондықтан бұл қасиетті жас ұрпаққа сіңіру – ел болашағының кепілі.

Қорыта келе, мұсылманның Отан алдындағы борышы – Отанды сүю, оны қорғау, қоғамның бірлігін сақтау және адал қызмет ету арқылы көрініс табады. Отанға адал болу – дініміздің негізгі талаптарының бірі.

                                                       

    АЛИБАЕВ Ержан

                                           Баянауыл ауданы «Көшербай абыз» мешіті

 

              

 

 

 

 

 

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс