Дәстүрлі қазақ қоғамында отбасы мүшелері арасында әдеп (этика) жақсы сақталды. Оған келіннің босаға аттаған уақыттан бастап, қайын жұртының атын атамауы дәлел. Ал бұл салт келіннің сол үйдің қызындай болып сіңісіп кетуіне ықпал еткен дейді Құралай Сәрсембина.
– Отбасы мүшелерін уыздай ұйытып, отбасы құндылығын сақтаудағы келіннің рөлі ерекше. Сондықтан да, қазақ дәстүрінде енелер институты түскен келінді қызындай аялап, білмегенін үйретіп, өздерінің келіндік мәртебесін жалғастырушы ретінде қараған.
Отбасы мүшелерінің өзара сыйластыққа негізделген қарым-қатынасы сәбидің тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Мәселен, келін күйеуінің есімін атамай "отағасы" сынды атаулармен атаған. Қайын ағасын, қайын інісін, қайын апа, қайын сіңілдерінің де есімдерін атамаған. Оларға үлкен-кішінің жолы мен жас ерекшелігіне, түрі мен мінезіне, кәсібі мен қызметіне қарай лайықты ат қойған. Мысалы, Кенже бала, Мырза бала, Күлімкөз, Айнамкөз, Жақсым, Ерке бала, Жақсы аға, Үлкен аға, Қара бала деп атаған. Мұндай салт ат тергеу деп аталған.
Қазір бұл дәстүр Қазақстанның Қызылорда, Батыс Қазақстан секілді кейбір облыстарында ғана сақталған.
Қазіргі кезде бұл салт жас келіндер арасында қатаң сақтала бермейді, тіпті ұмыт болып келе жатқан сыңайы бар. Соның бір мысалы төмендегідей:
… Бір жас келін қайын жұртына түскен күнінің ертесіне таңертеңгілік алдынан шыққан қайынағасына қалай амандасудың ретін таппай, үйреншікті тәртібімен:
– Саламатсыз ба? – депті сызылып. Қайынағасының аты Саламат екен. Ол кісі де қу тілді болса керек, аяқ астынан сөз тауып кетіп:
– Дәл соның өзімін! – деп жүре беріпті.
Сөзден тосылған жас келін ұялып, төмен қарапты.