23 қазан күні Республика күні қарсаңында Павлодар қалалық Қ. Әбусейітов атындағы мәдени-сауық орталығында Павлодар қаласында орналасқан ең көне тарихи мешіт - «Ақмешіт» мешітінің 120 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс -шара өтті. Шараға еліміздің және өңірімізден әр тарапынан арнайы шақырылған қонақтар келіп қатысты.
1902 жылы Кереку шаһарының ірі саудагерлерінің бірі – Абдулфаттах Камалитденұлы Рамазанов бастама көтеріп, мешіт құрылысына елеулі қаржы бөліп, қазақ және татар байлары қолдап, сондай-ақ, татар тұрғындары мен қазақ жатақтары да қол ұштарын беріп, мешіт екі жылда салынып біткен. Сөйтіп, 1905 жылы бүгінде «Ақмешіт» аталған мешіттің есігі қала тұрғындарына айқара ашылған еді. Кеңес өкіметі орнасымен мешіттер жабылып, имамдар қуғын – сүргінге ұшыраған ұзақ тарихы біртөбе...
Шараға қадірлі ақсақал Ильясов Байкен ағамыз жетекшілік жасап, сөз кезегін Павлодар облысының бас имамы Жолдас Қоспақұлы алып ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфтидің атынан келген құттықтау хатты табыс етті. Келесі кезекте С.Торайғыров университетінің профессоры, доктор Айтмұхамбет Трушев, облыстық татар-башқұрт этно- мәдени бірлестігінің мүшесі Венера Альфредовна Иванова және көрші ел астанасы - Москва қаласынан келген Абдулфаттах Рамазановтың шөбересі Рустем Рамазановтар өз лебіздерін білдірді. Сонымен қатар іскер азаматтарға аймақ руханиятына сүбелі үлес қосқаны үшін Рамазанов медалы табысталды.
Шара барысында Ертіс-Баян өңіріндегі мешіттер мен мецанеттер туралы айтылып, «Ақмешіт» мешітінің тарихы туралы деректі фильм көрсетіледі.
Соңында орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінде Құран бағшталып, ас беріледі.