Адам – рух және денеден тұратын бір болмыс, яғни жан менен тәннен тұратын бір жаратылыс. Сауап пен күнә базары болған бұл дүниеге сауда жасау үшін келген рухқа бір сауыт қажет болып, денені уақытша аманатқа алған.
Рух бұл денені аманат қып алған соң, оның енді күтімі де бар. Шәкәрімше айтсақ:
«Дене сауыт сықылды жанның орны,
Оған да күту керек бұзылмасқа».
Ал дененің күтімі үшін не қажет десеңіз, Имам Ғазали өзінің «Кимия ус-Сағадат» атты еңбегінде дененің ең зәру үш қажеттілігін атайды. Олар:
Азық;
Киім;
Баспана.
Имам Ғазали барлық өнердің осы үш-ақ қажеттіліктен туғанын айтады.
Негізінен өнер көп, бірақ сол өнердің барлығы негізгі үш өнерден тарайды. Олар да:
Егін шаруашылығы (азық қажеттілігінен туған);
Тоқымашылық (киім қажеттілігінен туған);
Құрылыс (баспана қажеттілігінен туған).
«Қалған басқа мамандықтар осы үш өнердің салалары. Мәселен, текстиль тоқымашылықтың бір саласы және қосымша бір мамандық. Тігіншілік болса, оның толықтырушысы.
Әрбір өнерге құралдар қажет. Құралдар да негізінен ағаштан, металдан және теріден жасалады. Осылайша ағаш ұсталығы, темір ұсталығы және тері илеу өнері пайда болды.
Бұлардың барлығы пайда болған соң, адамдардың бір-біріне деген мұқтаждықтары туындады. Өйткені, жалғыз адам бәрін бірден атқара алмас болды. Сол себепті, араларында ашкөздік және қызғаншақтық деген сезімдер туды. Әркім өз ақыларына разы болмай, арада дұшпандық артты. Бұдан да тағы үш өнерге қажеттілік пайда болды. Олар да:
Саясат (адамдарды басқару өнері)
Сот (әділетті үкім беру өнері)
Құқық (Заң шығару өнері)
Бұлардың қолөнерге қатысы болмаса да, әрбіреуі бір-бір өнер саналады. Міне, осылайша дүние істері көбейе берді. Алайда, адамдар бұлардың тек азық табу, киім кию және баспаналы болу қажеттіліктерінен ғана туындағанын түсіне алмады», – дейді Имам Ғазали.
Қарап отырсаңыз, баршамыздың таңнан кешке дейін соңына түскен қу тіршіліктің барлығы бар болғаны Хакім Абай суреттеген «боқ көтерген боқтың қабы» үшін және соның қамы үшін екен. Ал асыл мақсатымыз болған рухтың қамы қайда қалды? Осы кезде Шәкәрімнің:
Бiз семiрттiк дененi азықпенен,
Байлап бердiк жанды оған қазықпенен.
Ұйқы, тамақ күйлеген сорлы дене
Құтылар ма осындай жазықпенен, – деген сөзі ойға оралады.
Сондай-ақ, Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Адамда екі түрлі мақсұт бар: оның бірін – «тән мақсұты», бірін «жан мақсұты» дейміз. Қара басының қамын ойлап, өзімшілдік, мақтан көксейтін – тән мақсұты. Адамшылық ар мен адал еңбек іздейтін – жан мақсұты. Бастапқыны көксеген адам зұлымдық, қиянатпен болса да, мал, мансап, мақтан табуға құмар болады. Соңғыны көксеген адамның адал еңбек, ақ ниеттен басқа іздейтіні жоқ, ол адам баласын ала көруді, қиянат қылуды тіпті ұнатпайды», – деп адамның асыл мақсұты «жан мақсұты» болуы тиістігін меңзейді.
Сөздің соңын да Шәкәріммен қорытындыласақ:
Дене менен жан – анау, көңiл – мынау,
Қайсысына билеттiң байғұсым-ау?
Ең түбiнде өзiң – кiм, сенiкi – кiм,
Досың қайсы, өзiңе қайсысы жау?
Анық қара: жан – өзiң, дене – киiм,
Мақтан, бояу – денеге берген сыйың.
Жанға мұндай алдауың азық емес,
Оған пайда не қылдың жалғыз тиын?
Салтан САЙРАНҰЛЫ