Бүгін Павлодар қаласында «Әбу Бәкір Сыддық» медресе-колледжінің жаңа оқу корпусының ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Діни оқу-ағарту және кадр даярлау бөлімінің меңгеруші орынбасары Серікбол Тілегенұлы Аршабаев арнайы қатысып, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жеткізді.
Сондай-ақ Павлодар облысының бас имамы Жұманазар Қари Өсерханұлы медресенің жаңа корпусын салуға қолдау көрсеткен барлық демеушілерге шынайы алғысын білдіріп, бірқатар азаматты алғыс хаттармен марапаттады.
Жаңа оқу корпусының алғашқы кірпіші 2023 жылдың көктемінде қаланды. Екі қабатты ғимарат 200 студентке арналған. Мұнда 20 оқу кабинеті, акт залы, кітапхана, ұстаздар бөлмелері мен әкімшілік кабинеттері орналасқан.
Оқу корпусы жеке кәсіпкер әкелі балалы Талғат Бақытұлы мен Бақыт Нұрғалиұлының қаржылай қолдауымен салынып, медресенің игілігіне берілді.
Бұл – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жастарға сапалы діни білім беру және білікті мамандар даярлау бағытындағы жұмыстарының жалғасы.
Елімізде діни сауаттылықты арттыруға және дәстүрлі діни құндылықтарды дұрыс түсіндіруге бағытталған білім беру мекемелерінің маңызы зор. Мұндай оқу орындары жастардың діни білімін жетілдіруге және қоғамдағы рухани құндылықтарды нығайтуға ықпал етеді.
Қазіргі таңда медресе-колледжде 110 шәкірт білім алуда. Жаңа корпустың құрылысына жеке кәсіпкерлер қаржылай қолдау көрсетіп, жас ұрпақтың білім алуына өз үлестерін қосты.
Шарадан кейін "Мәшһүр Жүсіп" мешітінде демеушілер, қолдаушылар мен медресе шәкірттеріне арналып ақ дастархан жайылды.
















