Павлодар қалалық “Ғазиз” мешітінің ұжымы мен жамағаты бірлесіп қасиетті Рамазан айының құрметіне “Рамазан тәттісі” атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Бұл бастаманың басты мақсаты – Рамазан айының мейірімі мен жылуын балалардың жүрегіне жеткізіп, оларға қуаныш сыйлау.
Акция аясында мешіт қызметкерлері мен жамағат қаламыздағы жетімдер үйлерін аралап, балаларға арнайы дайындалған тәттілер мен сыйлықтарды табыстады. Балаларға жылы лебіздер айтылып, мейірім мен қамқорлықтың маңызы түсіндірілді.
Сонымен қатар “Ғазиз” мешітінің ұжымы мен жамағаты қасиетті Рамазан айының берекесін бөлісу мақсатында арнайы 300 студентке арналған ауызашар кешін ұйымдастырып, ауызашар дастарханы жайды.
Кеш барысында Рамазан айының қадір-қасиеті мен тәрбиелік мәні туралы насихат айтылды. Сонымен қатар, студенттерге рухани қолдау көрсетіліп, бірлік пен бауырмалдықтың маңызы насихатталды.
Шарада мешіттің бас имамы Асқар Қуаныш жастарға Рамазан айының адам тәрбиесіндегі орны, сабыр мен мейірім туралы тағылымды уағыз айтты.
Осындай қайырымды іс-шаралар жастардың жүрегіне иман нұрын себіп, қоғамда ізгілік пен жанашырлықтың артуына үлес қосады.
Алла Тағала жасалған игі амалдарды қабыл етсін!


