Адам өмірі – тылсым сырға, жұмбаққа толы. Жаратушы Иеміз адам баласына ақыл, сана, ерік пен таңдау еркіндігін сыйлағанымен, оның болашағы беймәлім. Алда қандай қуаныш немесе қандай сынақ күтіп тұрғанын ешкім дәл болжай алмайды. Сондықтан халқымыз «Жақсы ниет – жарым ырыс» деп, ізгі ойға, игі амалға ерекше мән берген. Қайырымдылық жасау, мұқтажға қол ұшын созу, садақа беру – осы ізгі ниеттің көрінісі. Себебі садақа адамды түрлі бәле-жаладан, апат-қатерден сақтайды, келе жатқан қиындықтың бетін қайтарады деген сенім бар.
Ислам дінінде садақаның орны ерекше. Дегенмен, садақаны зекетпен шатастырмаған жөн. Зекет беру – мұсылманның бес парызының бірі. Ол – Алла тағала берген ризық-несібеге шүкіршілік етіп, байлықтың белгілі бір мөлшерін мұқтаж жандарға үлестіру. Бұл жайында қасиетті Құран Кәрімнің «Зарият» сүресінің 19-аятында: «Олардың мал-мүлкінде сұраушының да, сұрамайтын жарлының да хақысы бар» деп нақты айтылған.
Ал садақа – әр адамның өз еркімен, ықыласпен беретін қайырымдылығы. Қазақ халқы садақаны адамгершіліктің, ізгіліктің биік көрінісі деп бағалаған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінің бірінде: «Адамның тірі кезінде берген бір дирхам садақасы, өлер сәтінде берген жүз динар садақасынан артық» (Әбу Дәуіт) деп, жақсылықты кейінге қалдырмауға үндеген. Осыған сүйенген ата-бабаларымыз «саулығыңда бер» деген ұстанымды берік ұстанып, қайырымдылықты өмір салтына айналдырған.
Садақаның адам тағдырына ықпал ететіні жайлы ғибратты оқиғалар көп. Солардың бірі – Иса (а.с.) пайғамбарға қатысты риуаят. Бірде ол жолда кір жуып отырған адамды көріп, сәлем беріп өте шығады. Біраз жер ұзап кеткен соң, қасындағы шәкірттеріне: «Қайтарда осы адамның жаназасына дайын болыңдар», – дейді. Алайда кері қайтқанда әлгі адамның тірі екенін көреді. Таңданған Иса (а.с.) Жәбрейіл (а.с.) періштеден мұның сырын сұрағанда: «Бұл адамды жылан шағып өлтіруі тиіс еді. Бірақ, оның берген садақасы ажалын кейінге шегерді», – деген жауап алады. Бұл – садақаның бәлені қайтаратынын, өмірді ұзартып, тағдырды өзгертуге себеп болатынын аңғартатын терең мағыналы мысал.
Қазіргі таңда кейбір адамдар садақаның мәнін бұрмалап, оны тіленшілікпен шатастырып жүр. Шын мәнінде, садақа – қайырлы іс, ал тіленшілік – еріншектік пен намыссыздықтың белгісі. Аяқ-қолы сау, еңбек етуге қауқары бар адамның қол жайып, қайыр сұрап жүргені көңілге қаяу түсіреді. Бұл – адал еңбектен қашудың, масылдыққа бой алдырудың көрінісі. Әсіресе, үлкен қалаларда бұл жағдай жиі кездеседі. Тіленшілік бірте-бірте әдетке, тіпті кәсіпке айналып бара жатқаны жасырын емес.
Дегенмен, шынымен мұқтаж, тағдыр тауқыметін тартып жүрген жандар да бар. Көшеде аяқ-қолы жоқ, немесе ауыр дертке шалдыққан адамдарды көргенде, оларға көмек қолын созу – адамдық парыз. Өйткені олар расымен көмекке зәру. Бұл тұста ұлы ойшыл Абайдың 37-қара сөзіндегі: «Тоқ тіленші – адам сайтаны, харекетсіз – сопы монтаны» деген сөзі ойға оралады. Ақын тіленшілікті, жалқаулық пен әрекетсіздікті өткір сынға алған.
Ал Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Егер адам бір күндік нәпақасын табуға күш-қуаты жетіп тұрса, оған садақа беруге болмайды» деп, еңбекке қабілетті жанды масыл етпеуге үндейді. Белгілі абайтанушы ғалым Омар Жәлел де осы ойды жалғастырып: «Садақа бергеннен гөрі, қарыз берген дұрыс. Өйткені, садақаны мұқтаж емес адам да сұрауы мүмкін, ал қарызды тек шынымен мұқтаж жан ғана сұрайды» дейді. Ол Абайдың «Кісіге біліміне қарай болыстық қыл; татымсызға қылған болыстық өзі адамды бұзады» деген нақылын негізге алады. Демек, көмек шынайы еңбектеніп, талпынып жүрген адамға көрсетілгенде ғана өз нәтижесін береді. Кездескеннің бәріне көмек беру адамдарды масылдыққа тәрбиелеуі мүмкін.
Халқымыз: «Жақсыға жақсылық қылсаң – есінен кетпейді, жаманға жақсылық қылсаң – есігіңнен кетпейді» деп бекер айтпаған. Сондықтан қайырымдылықта да ақыл мен парасат, талғам мен таным қатар жүруі тиіс.
Исламда ерекше орын алатын садақаның бірі – пітір садақа. Ол қасиетті Рамазан айында беріледі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінің шешімімен биыл пітір садақа мөлшері жан басына 735 теңге болып белгіленді. Шариғат бойынша пітір, зекет және пидия садақалары тұрмысы төмен жандарға, жетім-жесірге, қарызға батқандарға, Алла жолында қызмет етіп жүргендерге, жолда қалған жолаушыларға берілуі тиіс. Ал мешітке беру – халқымызда қалыптасқан игі дәстүр, сауапты амал.
Қорытындылай келе, садақа – тек материалдық көмек емес, ол – жүректің тазалығы, ниеттің шынайылығы, адамгершіліктің асыл көрінісі. Садақаны қиындық келгенде емес, саулығыңда, бар кезде, кеңшілікте беру – ең сауапты іс. Өйткені бүгін жасаған жақсылығың ертең алдыңнан нұр болып шығады.
ЖАҒЫПАРОВ Жасболат
(Май ауданы Саты аулының имамы)