Қызды алып кету үшін жеті немесе одан да көп адам келеді (әйтеуір тақ болуы керек). Құдалар атпен есік алдына құйғытып келмей, әудем жерден түсіп, жаяулап келеді. Күйеу баланың алдынан жеңгелері шығып, амандасып, қалжындасып үйге қарай алып жүреді.
Күйеу бала үйге жақындағанда көбіне қыздың шешесі табаққа құрт, ірімшік, тәтті-пәтті салып, қарсы алып, басынан асырып шашу шашады. Басқа бәйбішелер де ілгеріңді-кейінді жақындап келіп шашып жатады. Шашу күйеу келгенде ғана емес - жалпы қуаныш атаулының бәрінде бола беретін кәде.
Бұл ысырапшылыққа жатпайды, бір қазақтың отбасы құралып жатса бұған бүкіл аймақ жиналады, тіпті бала-шаға да қатысады, үлкен қуаныш.
Балалар үлкендердің сұхбатынан, уағыз-насихатынан ғибрат алады. Шашуды осы жүрген балалар жапа-тармағай теріп жейді. Балалар емес мұны үлкендер де терісіп, таласып бір қызыққа батады да қалады.
Құда-құдағиларды күтуші абысын-ажын бір-бірден қарсы алып, киімдерін іледі, орындарына апарып отырғызады. Отырғызбас бұрын бір әйел оларды табалдырықта күтіп тұрады. Құдалар табалдырық аттар деген кәделерін береді. Құдалар отырған соң сүрі еттен табақ тартылады. Табаққа жамбас, кәрі жілік, ұлтабар т.б. арнайы мүшелер салынады. Бұлардан қателесу әйелдер үшін үлкен айып. Сөйтіп ескі еттен асылған сыбаға желініп біткен соң құдаларға арнайы мал әкелініп, бата сұралады.
Малға бата жасалып болған соң құдалар қымыз, шұбат ішіп, сұхбат құрып отыра тұрады. Осы кезде құйрық-бауыр асатылады. Маң-маң басып:
"Құда-құда деселік, құйрық-бауыр жеселік" - деп әндетіп бәйбішелер кіреді. Олар уыс-уыс қып құдаларға өз қолдарымен құйрық-бауыр асатады. Құйрық-бауыр асатылғаннан кейін бөлек бөлмеде отырған жастардың ішінен күйеу баланы ата-енесінің алдына шақыртады, атасы маңдайынан сүйеді.
Күйеу бала өзі отырған бөлмеге көп тұрмай кетіп қалады. Күйедің табағына асықты жілік пен төс салынады. Күйеу бала да табаққа кәдесін салады (жүзік, яки ақша).
Жаңа сойылған малдың еті келген соң бас пен жамбасты малға бата берген адам өзі ұстайды. Балаларға құлақ үлестіріледі. Басты үй иесіне жамбаспен қосып қайтарады. Ет желініп болған соң бір бата жасайды:
Асың, асың, асыңа,
Бақыт қонсын басыңа!
Таң мезгілі болғанда,
Бөденедей жорғалап,
Қырғауылдай қорғалап,
Қыдыр келсін қасыңа!
Денсаулығың зор болсын,
Дастарханың мол болсын!
Қайда барсаң алдыңда,
Жарқыраған жол болсын!
Армандарың алдыңнан,
Саған шығып қол берсін!
Дұшпаның саған құл болсын,
Үйің толған ұл болсын!
Құдалар табаққа ырым-кәде салады. Мұны табақ тасыған әйелдер бөлісіп алады. Сөйтіп отырғанда неке оқитын молда да жөткірініп кіріп келеді. Баяғыда қазақ некені қыздың үйінде кескен. Некесіз қызын ешкім беріп жібермейді. Қидырып бір-ақ жібереді. Бұрынғының салтында неке оқылғанда қыз басқа бөлмеде болады.
Жарас Кабишев