Елімізде «35 000 тал егу» республикалық науқаны басталды
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай, ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен ауқымды экологиялық акция бастау алды. Науқан аясында республика бойынша барлығы 35 000 түп ағаш егіледі.
Игі шараның алғашқы қадамдарының бірі Павлодар облысы, Шарбақты ауданына қарасты Шалдай ауылында өтті. Мүфтияттың бастамасымен және жергілікті жамағаттың қолдауымен мұнда Ғабдул Уақит хазірет атындағы саябақтың құрылысы мен абаттандыру жұмыстары басталды. Шараға ҚМДБ, «Зекет және қайырымдылық» қоры директорының орынбасары Әли Әзірбекұлы мен ауыл тұрғындары қатысты. Тал егу рәсімі алдағы уақытта Павлодар облысының басқа да елді мекендерінде және еліміздің барлық өңірлерінде жалғасын таппақ.
Бұл бастама қоршаған ортаны қорғаумен қатар, ел Тәуелсіздігінің мерейлі жылына арналған рухани әрі тағылымды тарту болмақ.


