НӘПСІНІ ҚАЛАЙ ТАНИМЫЗ?

НӘПСІНІ ҚАЛАЙ ТАНИМЫЗ?

2
5 мин
НӘПСІНІ ҚАЛАЙ ТАНИМЫЗ?

Иасауидің «хәл ілімінде», жалпы сопылық психологияда нәпсі өзін ашық көрсетпейді. Ол адамға өзін дұрыс, әділ, тіпті кемелмін деп көрсетеді, мәне осы жерде көп шайх яки пір шынайы танымнан алыстайды. Сондықтан нәпсіні анықтау үшін адам оның белгілерін ғана емес, өзіндегі нәпсінің ізін де бақылауы керек. Мысалы, қай кезде ренжідіңіз? Өзіңізді бақылаңыз. Сонда сізде өзіңізді тану үдерісі пайда болады. Ал өзін тануға кіріскен адамда «Қай сөз жүрегімді ауыртты? «Неге мақтағанды ұнатамын?» «Неге сын көтере алмаймын?» деген сұрақтар пайда болады. Көбіне реніштің, яки өкпелеудің түбінде менмендік, мақтанқұмарлық, көзге түсу, атаққұмарлық жатады. Абайша айтқанда «десіндер» мінезі ортаға шығады. Болмаса да, мені бай десін, мецанат десін, ұлтшыл десін, әділ десін, адал десін, кемел десін, дана десін, білгіш десін... осылай кете береді. Міне, нәпсіні дәл осы жерден байқауға болады. Ол ішіңіздегі дүлей күш, маза бермейді.

Екінші бір белгісі, адам өзін өзі ақтауға бейім. Себебі, нәпсі болған жерде, адам «Мен қателестім» демейді. Кінәні сырттан іздейді. Көбіне жағдай яки шарт кінәлі, болмаса басқа адамдар кінәлі жалпы сылтау іздейді, табады. Бірақ оны адам өзі сезіп тұр. Бірақ мойындамайды. Себебі өз өзімен сұхбаты жоқ. Ал өзін тани бастаған адам «Мен шындықтың емес, өз құлқынымды қорғап, елестің соңында жүр екенмін» деген ойда болады. Бұл өзін өзі кіналай бастаған адамның хәлі. Иасауи ілмінде «маламатийа» құбылысы. Яғни, өзін өзі сөгуді дағдыға айналдырады.

Сол үшін адам біреу өзін мақтағанда, сынағанда өзі мурақаба жасау керек. Яғни өзін-өзі бақылау. Өзіңіздегі хәлді анықтаңыз, мақтағанда қандай күй кештім, яки сынағанда қандай хәлде болдым. Себебі оны сенен басқа ешкім де сезіне алмайды. Бәрі сенде. Егер көңіл-күйіңнің екі жағалауда болуы, тұрақсыздануы мақтау мен сынға тәуелді болса, онда сен нәпсінің жетегіндесің. Сені сыртқы күш өз ықпалында ұстап тұр деген сөз. Сыртқы күш ол сені өзіңнен алыстатып, сыртқы өтірік мақтанға бағындырып тұр. Бағыныштысың, жалтақсың, екіжүздісің...бұлар нәпсінің сендегі қорегі.

Мұндай хәлдегі адам қорқақ келеді. Өзіңіз неден қорқатыныңызды анықтаңыз. Оны да сенен басқа ешкім білмейді. Тағы да өз өзіңмен сұхбат құрмасаңыз болмайды. Мысалы, абырой-бедел жоғалтудан қорқу, ақшасыз қалудан қорқу нәтижеде әлсіз болып көрінуден қорқу, жеңілуден қорқу. Қорқыныш деген нәпсінің қорегі мен құмарын көз алдыңа алып келеді.

Тез ашулансаң ол жерде нәпсі бар. Ашу көбінесе адамның нәпсіқұмарлықтарын ашады. Мысалы біреу сені сыйламаса, яки тыңдамаса, наразылық танытса ..ашуға басасың. Сол кезде өзіңе «Мен шындық үшін ашуландым ба, әлде өз эгом/нәпсім үшін бе?» деп сұрақ қой. Сонда білесің. Оны да өзіңнен басқа ешкім білмейді.

Өзін басқалардан жоғары санау, менсінбеу. Сопылар ең қауіпті нәпсі түрлерінің бірі. Шайх, пір білім жинайды, құлшылық етеді, өзін кемелдендіреді. Бірақ ішінен «Мен басқалардан артықпын» деген ой келеді. Бұл жерде нәпсі тіпті руханияттың өзін жоққа шығарып жіберуі мүмкін. Иасауидің іліміндегі маламатийа сол үшін қолданылатын метод. Ал менменсу, такаппарлық қанша жерден шайх болса да, надандықтың белгісі.

Иасауи ілімінде нәпсіні жеңудің алғашқы қадамы – онымен күресу емес, оны тану, көру, анықтау. Сондықтан нәпсіні бақылау шарт. Күніне бірнеше рет «мені қазір кім басқарып тұр?» Мені нәпсі мен, рух па, ақыл ма, не басқарып тұр? Мен қазір нені дәлелдегім келеді? Қазір мен неге ренжідім? Қазір мен нені қорғап тұрмын? Осындай мұрақаба/бақылау сұрақтары күшейген сайын нәпсі де әшкере бола бастайды.

Қысқасы Иасауи психотехникасында нәпсіні анықтау мәселесі өте қарапайым. Оның өлшемі, сіз бір құбылысқа шектен тыс қуансаңыз, яки шектен тыс күйзелсеңіз, сол жерде нәпсі болуы мүмкін. Себебі сен әлемді өз көзіңмен емес, нәпсіңнің шаблондарымен көріп жүр екенсің. Осыны аңғару сәті сен үшін шынайы өзін-өзі тану бастамасы. Міне, сондықтан да, адамның өзін тану жолындағы ең алғашқы баспалдақ, ең үлкен жаңалық осы...

 

Досай КЕНЖЕТАЙ

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс