Соңғы уақытта бірнеше мәселе байқалып жүр . Олардың бірі, бірнеше қарагөз қыздардың өзге дінге өтіп, халықтың дәстүрлі танымына агрессиялық шабуыл жасауы. Бұл қазақ ұлтының өкілдері енді ғана өзге сенімдерге өте бастады деген сөз емес, сол ондаған жылдар жергілікті ұлт өкілдеріне прозелитизммен айналысқан топтар мен діни ұйымдар халық алдына өз ұлтымыздың өкілдерін алдыға салып шаға бастағандығы.
Мұсылман дінін барынша жамандау арқылы өз ұлтына қарсы екінші бір сенімді қолдана отырып арандатуға тырысуы. Тіпті олардың біреуін діннен жақсы хабары бар адам ретінде біліп, жазбаларын қарап жүретін едім. Өзінің рухани жинақтаған білімі мен жазбаларын оқитын аудиториясын басқа сенімге бұра бастад. Ой зайырлы елміз, кім қандай сенімді ұстанса да өзі біледі деген жалпақшешейлік құндылығымыз емес кемшілігімізге айнала ма деген қауіп бар.
Демек бұл, исламофобияға қызмет ететін екінші бір фронттың ашылып келе жатқандығын көрсетеді. Бүгінге дейін бейбітсүйгіш ағымдар ретінде назардан тыс қалып жүрген жаңа діни ағымдар да біртіндеп ұлттың рухани бірлігіне ауыз сала бастағаны байқалады. Әсіресе қыздарымыздың аузымен таралуы, “исламнан басқаның бәрі жақсы” болып жүрген кейбір адамдарға өтімді көрінуі ойланарлық мәселе. Әсіредіншіл, радикал ағымдар мен Тәңіршілдік рухани бірегейлігімізді шайқай бастаған кезде мұндай үрдістердің байқалуы қоғамда дінталасты ұшықтырары сөзсіз.
Еліміздегі дін тақырыбын зерделеп жүрген талай маман болған күннің өзінде “Сен қандай сөз айтсаң да, қарсы тарап өз деңгейінде түсінеді” дегендей, көп адам рухани бірегейліктің маңыздылығын түсіне бермейді. Жалпы діни сана тақырыбында сананың бірнеше деңгейлері айтылады. Тәндік деңгей, ақылдық деңгей, рухтық деңгей дегендей.
Сондықтан да тәни деңгейдегі түсінік үшін ақылдық деңгейдегі, ал ақылдық деңгейдегі көзқарас үшін рухтық деңгейдегі мәселе түсініксіз болары белгілі. Бірақ, мен бұл мәселені түсіне алмаймын дейтін адам бар ма қазір?! Немесе менің түсіненім осы ғана деп емес, ең жағары ақиқатты мен сияқты түсіну керек деп өз көзқарасын тықпалау басым болады.
Екінші бір алаңдатарлық мәселе, қазір жаз уақыты, мектеп балаларының демалыс мерзімі. Мешіттерімізде “имани жаз” сияқты лагерлер ұйымдастырылып балаларға сауат ашу курстары өткізілуде. Бұған да наразы адамдар шығып жатады. Алайда, соңғы кезде жұма намаздарында дәстүрлі емес бағыт өкілдерінің баларын жиі байқаймын. Тіпті олардан ата-анасындағы агрессияны да көріп қалып жүрмін.
Бала болған соң ересектер мән бермегенімен, астарында үлкен қауіп жатыр. Олар өсе келе мен әкемнің дінінде жүрмін, бұл сенім мен үшін “дәстүрлі” ұстаным дері шындық қой! Дәстүрлі бағыттағы мұсылмандарға балаларды мешітке апармау керек деп талап қойып жүргенде радикалды балалардың өсіп келе жатуы болашақ рухани бірегейліктің ауылы алыстап бара жатқандығын көрсетеді. Қалай болғанда да елдің рухани жікке бөлінуі, аталарымыз дауысын аңсаған:
…Азан даусы аймақ жарып күңірентіп,
Діндар затты естіпсқалған төңірентіп,
Иесіне құлдығына ес кетіп,
Жүгіргені елестейді көзіме (Сәдуақас Ғылмани) азанның дауысы ұйқымды бұзды деп шағым жасаушылардың шығуы да ұлт руханиятына деген көзқарастың қай деңгейде екендігін көрсетсе керек! Түбі тыныш болғай!