Әр мемлекет белгілі бір тарихи кезеңде өзіне бір сұрақ қояды: қоғамды ұзақ мерзімде не ұстап тұрады?
Бұл сұраққа әр ел әртүрлі жауап берген. Бірақ бір қызығы - орныққан мемлекеттердің бәрі ақырында өз ішкі мінезін айқындауға келген.
Жапония тәртіпті ұлттық мәдениет деңгейіне көтерді. Онда тәртіп әкімшілік бақылаудан бұрын қоғамдық әдепке айналды.
Оңтүстік Корея еңбекті ұлттық серпілістің өзегіне айналдырды. Еңбек экономикалық міндет қана емес, тарихи өрлеудің тілі болды.
Франция азаматтық сананы республикалық дәстүрмен бекітті. Мұнда мемлекет пен азаматтың байланысы заңмен қатар мәдени жауапкершілікке сүйенеді.
Қытай мемлекеттік тұтастықты ұзақ мерзімді өркениеттік бағдар ретінде ұстап отыр. Онда мемлекет - күнделікті басқару ғана емес, тарихи сабақтастық ұғымы.
Бұл елдердің жолы бірдей емес. Бірақ олардың бәрінде ортақ бір белгі бар:
мемлекет өз ішкі құндылықтарын анық атайды.
Қандай мінез маңызды? Қандай бағыт ұзақ мерзімді тірек? Қандай сапа қоғамның ішкі өзегіне айналуы керек?
Бұл сұрақтар жасырылмайды.
Қазақстанда да бұл ізденіс жүріп жатыр. Соңғы жылдары мемлекеттік тіл, тарихи сана, әділет, еңбек, мәдениет, жауапкершілік туралы жиі айтылуы - кездейсоқ құбылыс емес.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағыттарды бірнеше рет нақты көтерді.
Ал Алаш Орда бұл мәселені бір ғасыр бұрын әлдеқайда ықшам түрде айтып кеткен:
Тіл + Жер + Білім + Заң + Ұлттық сана
Бір қарағанда уақыт басқа. Бірақ мазмұн өзгерген жоқ.
Өйткені мемлекет сыртқы шекарасымен ғана өмір сүрмейді. Оның ішкі рухани шекарасы да болады.
Сол ішкі шекара әлсіресе, қоғамда бос кеңістік пайда болады. Ал бос кеңістік ұзақ бос тұрмайды.
Сондықтан бүгінгі ең маңызды мәселе - айтылып жүрген құндылықтардың біртіндеп ішкі ұлттық формулаға айналуы.
Бәлкім, бүгінгі Қазақстан үшін қысқа формула мынаған жақын шығар:
Тіл - Тарих - Әділет - Білім - Еңбек - Мәдениет - Жауапкершілік
Бұл түпкілікті дайын формула емес. Бірақ қоғамдық ойдың қазіргі өзегі осыған жақындап келе жатқандай.
Өйткені мемлекет заңмен өмір сүреді.
Бірақ ұзаққа баратын қоғам - ішкі сеніммен сақталады.
Ал ішкі сенім әрдайым ортақ тарихи сөзден басталады.
Мүмкін, біз дәл қазір сол ортақ сөздің табиғи түрде қалыптасу кезеңінде тұрған шығармыз.
Тоққожа Қожағұлов суретші-ғалым