Хақ дін Ислам жан-дүниеміз бен отбасымызда, одан арысы ел іші мен жер бетінде тыныштық пен береке орнауы үшін, бізді екі дүние бақытына бөлеу үшін түсірілген. Ал, ондай өмірдің негізгі шарты – мейірім мен әділетке негізделген қоғам құра білу. Өз кезегінде тобыр емес, топтанған ел болу үшін өзара құрмет пен қызмет керек. Азаматтары бір-бірін бауыр сезіне алмаған халықтың ұлы бір мақсат жолында бірігуі былай тұрсын, ондай халықтың болашағының өзі бұлыңғыр...
Қоғамдық өмірдегі әділеттіліктің табиғи кепілі де – бауырмалдық. Егер де қоғамда бауырмалдық болмаса, мейірімділік жоғалса, адамдар іштарлық пен көреалмаушылық дертіне шалдығады. Ал, бұл дерт дами келе зұлымдық пен шектен шығуды тудырады. Сол себепті де ардақты Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) әділетті қоғамның бастамасы ретінде атқарған алғашқы істерінің бірі мұхажир мен ансар сахабаларды бауырластыру болды. Алла елшісі өз өнегесімен де, айтқан өсиеттерімен де мейірімділік пен өзара көмекті, өзге жанға риясыз қызмет етуді шексіз сауапқа бөлейтін қағида ретінде бекітті. Мәселен бір хадисте былай делінеді: «Мұсылман бұл дүниеде мұсылман бауырының уайым-қайғысын кетірген болса, Алла Тағала Қиямет күні оның уайымын кетіреді. Кім бұл дүниеде мұсылман бауырының айыбын жасырған болса, Алла Тағала оның айыбын Қияметте жасырады. Алла Тағала мұсылман бауырының қамын ойлаған мұсылманның жәрдемінде болады».(Бұхари және Муслим жеткізген)
Ардақты Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!): «Адам баласы қайтыс болғанда, оның мына үш нәрседен басқа амалдары тоқтайды: үздіксіз садақа (ел игілігіне мешіт, жол, мектеп салу, т.б.), көпке пайдасы тиетін білім (кітап т.с.с.) және артынан дұға қылатын игі ұрпақ» (Муслим жеткізген) деген хадисі бар. Бұл хадисте, көріп отырғанымыздай, адам қайтыс болса да оның амал дәптеріне көзі тірі кезіндегідей сауап барып тұруына себепші үш нәрсенің бірі – ел игілігіне жарайтын мешіт, мектеп, кітапхана, аурухана, көпір салдыру екені, яғни көп игілігіне еңбек етудің артықшылығы анық айтылып тұр. Ал, сахих жолмен жеткен мына оқиға бұл артықшылықты одан ары бекіте түседі: Абдулла бин Аббас атты сахаба (Оған Алла разы болсын!) Пайғамбар мешітінде ихтикаф құлшылығында отыр еді. Бір кісі мешітке келіп, хазіреті Абдуллаға сәлем береді де жанына отырады. Ибн Аббас оған: «Ей пәленше! Уайым-қайғының ішінде отырғаныңды көріп тұрмын, не болды, жөніңді айт?» дейді. Ол: «Уа, Алла елшісінің көкесінің ұлы! Менің пәленшеге берешек қарызым бар еді. Алламен ант етейін, сол қарызымды өтеуге шамам келмей жатыр» деп жауап береді. Ибн Аббас: «Мен барып сөйлессем қайтеді?» деп сұрағанда, жаңағы кісі: «Қалауыңыз білсін» дейді. Абдулла бин Аббас аяқ киімін киіп, мешіттен тысқа шығады. Сонда әлгі кісі: «Сіз мешіттегі шаруаңызды ұмыттыңыз ба?» дегенде. Ибн Аббас: «Ұмытқаным жоқ, мен бұл қабірдің иесінен (Пайғамбарымызды меңзеп тұр) мына сөздерді естіген едім» деп, төмендегі хадисті айтып, көзіне жас алады: «Кімде-кім бауырының қандай да бір шаруасына пайдалы болып, оның қажетін орындаса, ол ісі 10 жыл ихтикаф жасағаннан абзал болмақ. Ал, кім Алла разылығын іздеп бір күн ихтикафқа кірсе, Алла Тағала ол адам мен тозақтың арасына, арақашықтығы шығыс пен батыстан да алыс болған, үш орды қояды» (Байхаки жеткізген).
Аталмыш хадис дініміздегі бауырластық байланыстың, өзгелер үшін қызмет етудің артықшылығын анық көрсетіп тұр. Бәріміз білеміз, ихтикаф құлшылығы – намаз, ораза және зікір құлшылықтарын қамтитын үлкен ғибадат. Оның үстіне ибн Аббас сол сәтте, ол жерде атқарылған құлшылық басқа мекендегі ғибадаттан 1000 есе артық сауапты болатын, Мәдина қаласындағы Алла елшісінің мешітінде ихтикафта еді! Бұған қоса хазіреті ибн Аббас – білімінің тереңдігімен ерекшеленген сахаба. Итикаф құлшылығын тотқатып, діндес бауырының шаруасына жәрдем етуге сахабаға жол сілтеген нәрсе – сол білімі. Мінеки, саңлақ сахабаларды Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) осылай тәрбиелеген еді...
Халыққа, туған елге қызмет етудің дәрежесі әуелі иман қуатына тәуелді болса, одан кейін Отанға деген махаббатқа байланысты екендігі даусыз. Елге қызмет етудің бір көрінісі сол елдің тілін, дінін, салт-дәстүрін, мемлекеттік рәміздерін құрметтеу болып табылады. Сондай-ақ, халық игілігіндегі мүлікті талан-таражға салмау, кісі ақысына көңіл бөлу, ұлт мүддесі үшін жұмыс істеу де – Отан алдындағы адалдықтың, иман кемелдігінің белгісі. (Осы орайда жолдасы келген кезде алдындағы шырағын ауыстыратын ІІ Омардың үлгісі қандай ғажап!..) Сол себепті кез-келген ел мемлекет мүлкіне зор жауапкершілікпен қарайтын, ұлт мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя білетін, ақшадан арды биік санайтын азаматтары көбейгенде ғана гүлденері анық. Ал туған елінің абыройын ойлаған, туған жерінің көркейгенін қалаған әрбір азамат өз ісін жақсы меңгеруге талпынуы қажет; кәсіби біліктілігін арттырып, өз мамандығының шебері болуы тиіс. Сонда ғана көпке пайдалы болып, сауабы еселене бермек.
Түркі жұртына рухани ұстаз болған Қожа Ахмет Йассауи бабамыз халыққа қызмет етудің шарты – топырақ сипатты болу, яғни өзімшілдіктен арылып, нәпсіні тыю екенін ескертеді. Ол кісі: «Дертсіз адам – адам емес, мұны аңда» деп, Жаратушы Иесіне деген махаббаттан жұрдай мұндармен қатар, өз елінің, Отанының алдындағы міндетін ескермеген, қара басының қамын ғана күйттейтін пендені адамдық қасиеттен ада, яғни «уайымы жоқ, дертсіз» жан ретінде суреттейді. Ал, Абай хакім:
«Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін,
Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.
Көптің қамын әуелден Тәңірі ойлаған,
«Мен сүйгенді сүйді» деп Иең сүйсін», – деп түйіндесе, Шәкәрім атамыз: «Адамдық борышың – халқыңа қызмет қыл, Ақ жолдан айнымай, Ар сақта, оны біл», – дей келе, халыққа қызмет қылу Ар-иманның басшылығымен ғана дұрыс жүзеге асатынын дәйектеп берді. Ендеше, «Кәміл адам – жүрегін толығымен Алла Тағалаға, тәнін халыққа қызмет ету жолына тапсырған адам» (Әбу Әли Жүржани) деп тағы бір данышпан айтпақшы, халыққа қызмет ету – құлшылық екенін, адамдық әрі мұсылмандық борыш екенін бағамдай отырып, «Халыққа қызмет – Хаққа қызмет» деген қағиданы басшылыққа алып ғұмыр кешсек, жүзіміздің екі дүниеде жарық болары анық!
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛ
Ы