ӘБДІЛДӘ (АҚБАЛЫҚ)ХАЗІРЕТ БЫТЫҰЛЫ (1833-1918)

ӘБДІЛДӘ (АҚБАЛЫҚ)ХАЗІРЕТ БЫТЫҰЛЫ (1833-1918)

413
6 мин
ӘБДІЛДӘ (АҚБАЛЫҚ)ХАЗІРЕТ БЫТЫҰЛЫ (1833-1918)

Әбділданың әкесі Быты беделді, дәулетті адам болған екен. Елге Омбыдан ұлты татар молла әкеліп, балаларды оқытуды ұйымдастырған. Өзі де сол молладан дәріс алып, орысша сауатын ашып, хат таныған. 20 жылдай старшиналық қызмет атқарады.

Бытының алты баласының ең кенжесі Әбділдә (елге Ақбалық хазірет есімімен кең танымал) дүниеге шамамен 1833 жылдары Қалмаққырған тболысында дүниеге келген. «Денесінің судағы балықтай ақ болғанынан ел «Ақбалық» деп атап кеткен. Руы – Сырым ішінде Тоқсан, оның ішінде Қысырау.

Әбділда 20 жасында елден кетіп, Ташкенттің «Көкілташ» медресесінде 3 жыл оқиды. Одан кейін Бұқардың медресесіне түсіп, оқуын жалғастырады. Он екі пәнді түгел тауысқан діни білімнің ғұлама ғалымы болып шығады. 44 жасында хазірет атанады.

Білім алып, елге оралған Ақбалық хазірет ата қоныстары - Май ауданына қарасты Бестау өңірінің орта тұсында орналасқан Сарытау ауылында мешіт салдырып, медресе ашқан екен. Оның ғалым, тұлға болып қалыптасқан кезі – 1902-1909 жылдар, бұл Ресейдің Қазақ еліне толық саяси үстемділігін орнатып, жері мен суын өз мемлекетінің меншігі деп жариялаған кезімен тұспа-тұс келеді. Осы кезеңде Ақбалық хазірет және басқа да қазақтың білімді, ықпалды азаматтары қарсылық білдіріп, қазақ жерінде ислам дінін сақтап қалуға көп еңбек сіңірген.

Әбділда хазіреттің білімі мен ел ішіндегі абырой-атағына тәнті болып, текті жерден шыққан азамат екенін ескеріп, Мұса мырза өзінің туған жиен немере қызын Кәдірбибіні (Тәттімбет Қазанғапұлының немересі) қалыңмалсыз алып берген.

Ақбалық хазірет  жас кезінде ақ патшаға қарсы көтерілген, талай бүлікшіл топтарға қатысып, мұсылманның туын ұстаған. Өмірден өткенше Керекудің полиция жандармериясының бақылауында болған.

Ақбалық хазірет өз заманының Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жүсіпбек Аймауытов сияқты біртуар азаматтарымен тығыз адами қарым-қатынаста болған. Бұл жайында Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы берілген белгілі жазушы Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» романында кеңінен суреттеледі.

1875 жылы Шыңғыстаудың бөктерінде Шар өзенінің жағасында генерал лейтенант Циклинскийдің басқаруымен Абайдың үстінен жалған жазылған арыз-шағымдарды қарау және қазақ халқын басқаратын Ресей үкіметімен бекітілетін заң-ережелерді қабылдау мақсатында 80-ге жуық би-сұлтандар қатысқан үлкен Қарамола сиезі өтеді. Осы сиезде Ақбалық хазірет Абайға қарсы әрекет білдіріп отырған Зайсанның Рақыш есімді биін сөзден жығып, Абайдан кешірім де сұратқан. Өтетін сиездің  орнын белгілеп, қалың бұқараны жұмылдыруда да Ақбалық басшылық жасаған.

Осы роман жөнінде пікірін жазған жазушы Төлеубай Қазиұлы Ақшолақов Абайдың абыройының артуына Бұхар медресесін тәмамдаған он екі пәнді түгел тауысқан ғұлама Ақбалық хазіреттің де шарапаты тиген деп жазады. Абайға айтқан бір сөзін ойға алып, тағы бір дерегінде былай жазылады: «...Ғалыммын, ғибадатым жоқ. Баймын, сақуатым жоқ. Мұсылманмын дұрыс намазым жоқ. Сонда мен кіммін?» деп маған үш түрлі сұрақ қойып еді. Мен сездім оның нені білгісі кеп отырғанын. Сондықтан үш сұрағына да: «Ғалым болып ғибратың жоқ болса, сен перғауынсың. Бай болып сақуатын жоқ болса, сен – Қарынбайсың. Мұсылман болып дұрыс намазың жоқ болса, сен кәпірсің!»,- деп Абайға кезінде қисайып жауап қайтарып едім. Абай сол сөзімнен дұрыс  қорытынды шығарып, осы сиезде шығарған заң-жобасымен, өзінің ақыл-парасатымен шын ғалым, шын жомарт, нағыз мұсылман екенін көрсетті. Бұдан артық бақытты құдайдан алтын тақта отырған патша ағзам да тілеп ала алмас»- деп Абайға үлкен баға береді.

Ақбалық хазірет Шәкәрімге және жанындағы серіктеріне берген: «Өздерің бақытты, халқың алтын тақты болсын!»,- деген ортақ батасын Қазақстанның Халық Жазушысы Әзілхан Нұршайықов жоғары бағалап, «менің дін өкілдеріне деген көзқарасым мүлде өзгерді, олар да білімді жинақы терең ойлайтындарына көзім жетті», - деп жазады.

Батагөй хазірет өзінің  батасын белгілі қазақ композиторы, әрі әншісі Мәдиге де берген.  Мәди де елге сыйлы, қасиетті адамнан бата алғысы келеді. Оның өтінішін хазірет қабыл алып, бірақ, оған оның іс-әркетіндегі кейбір олқылық әркеттерден бойын аулақ салып,  түрлі күнәдан алыс жүруін талап еткен (Мәдидің жылқы ұрлайтын барымташыларға көмектесуі). Осыдан соң Мәди хазіретке уәде беріп, оны орындаған екен.

Халық арасында хазіреттің өркөкірек, өзінің төңірегіндегі адамдарға, тіпті өз әкесіне де «мырза» деп айтқызған Тәнті деген байды қалай өз орнына қойып, сабақ бергені жайлы оқиғасы кеңінен тараған.

1902 жылы Ресей патшасының бодандарды христиан дініне аудару, шоқындыру жөнінде «ережесі» қабылданады. Исламды, тілді қорғау үшін қазақтың ықпалы бар, зиялы адамдары бой көтереді. Солардың ішінде Ақбалық хазірет бар мүмкіндіктерін пайдаланып, аянбай еңбек еткендердің қатарында болған.

Дінмен халықты адастырушы деген айыппен сот жауапкершілігіне тартқан.  Сондықтан да, оның ұрпақтары үкіметтен  қорқып оның жиған-тергенін ескі зират-молаларға тыққан. Өкінішке орай оның барлығы бүлінген, жойылған. Сондықтан, Ақбалық хазіреттің өмірі мен қызметі жайлы әлі де тарихшылар зерттеуге мүмкіндік бар. Дәлел құжаттар Петербор, Омбы, Семей архивтерінде сақталуы мүмкін.

1905 жылы ақ патшаға қарсы мұсылманның туын көтеріп, оларды біріктіру туралы уағыз айтқан. 1916 жылы 83 жастағы Ақбалық хазрет былай депті: «Түс көрдім. Ишалла, қазақ азаматтары әскерге алынудан аман қалар. Әлихан Алаштың қамын жеп жүр ғой».

 

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс