Аталарымыз: "Құдайдан қорықпағаннан қорық", - депті. Сонда Құдайдан қорықпайтын ол адамдар кімдер?
Басын ашып айтайық. Олар сырттан келетін жау емес. Өзге дін, не өзге ұлт өкілдері де емес. Егер жат біреу болса, біз олардың атын айтып, түсін түстер едік. Демек Құдайдан қорықпайтындар - оны бар деп білмейтіндер, яғни, дінсіздер. Ал ондай адамдар кешегі күнге дейін арамызда өріп жүрді. Әлі де аз емес.
Біз ол дәуірден өттік. Дін қайта оралды. Алайда қайта оралған дін қазақтың таным-түсінігіне мүлде үйлеспеді. Шынтуайтына келгенде, аталарымыз айтқан Құдайдан қорықпайтындар осы діни танымдағылар. Өкінішке қарай ол діни таным қанатын кеңге жайып кетті. Олардың ресми аты - сәләфи-уахабилер.
Егер байыбына бармасақ сәләфи-уахабилерді Құдайдан қорықпайтындар санатына жатқызу қисынға келмейтін тәрізді. Шынтуайтына келгенде олардың кешегі дінсіз қауымнан, яғни атеистерден еш айырмашылығы жоқ. Себебі, екеуі де өз қиялдарындағы құдайларына сенеді. Сол сенім олар көзіне шын Құдайды көрсетпейді.
Көңілде күмән қалмас үшін басын ашып айтайық. Атеистердің жайы белгілі. Олардың құдайы - өздері ардақ тұтатын идея. Ал сәләфи-уахабиердің құдайы - Алла жалғыз деген сенім. Алайда Алланы көрмеген соң олар сенімінің де атеистерден еш айырмашылығы жоқ. Тіпті олардың сенімі атеистерден де қауіпті. Себебі атеистердің сенімі жалаң идеяға құрылса, сәләфи-уахабилердің сенімі санадағы "Бар" деген материяны түзеді. Ал ол "Бар" Аллаға ширк болады.
Өзімізге келейік. Жасыратыны жоқ, қазақ халқы ислам дінін қабылдағалы бері сопылық жолды ұстанған. Сопылық жол діни тілде Ихсан деп аталады. Ихсан - Алланы көру, не Алланың өзіңді көріп тұрғанына деген сенім.
Басын ашып айтайық. Сопылық жолды ұстанбайынша еш мұсылман өзінің Алла алдында тұрғанын сезіне алмайды. Себебі сопылар жан мен тәнді бөлек қарастырады. Олар тәнді жанның киімі деп қабылдайды. Сол сияқты барлық материялды әлемді "киім" деп біледі. Олардың "Мына әлемде Алла жоқ" дейтіндері сондықтан. Ал өзге мұсылмандар "киімнің" ішінде тұрады. Соған орай олар Құдайды көрмейді. Көрмеген соң, әрине, қорықпайды.
Ұғынықтылық үшін, тәнді (киімді) көлікке алмастырайық. Сонымен сопылар үшін тән жанның көлігі. Ал өзгелер үшін жан мен "көлік" бір ұғым. Енді сопылардың өздерін Алланың көріп тұрғандығын қалай сезінетіндігіне назар аударайық. Егер байыбына барсақ, жол бойында бақылау камералары тұрғандығын тек көлік иелері ғана сезінеді. Ал жаяу жүргіншілер оны бар деп те білмейді. Демек Алланы тек жаны тәннен ажырағандар ғана көреді.
Рас, "Өлмей тұрып өліңдер" деген хадисті барша мұсылмандар біледі. Бірақ оны тек Ихсанды қабыл алғандар, яғни, сопылар ғана ұстанады.
Бүгінгі күні сопыларға тас атушылар көбейіп тұр. Ал ол заңдылық. Себебі, Құдайдан қорықпайды. Сондықтан ата-бабаларымыз ұстанған дәстүрлі дінімізге тіл тигізушілердің барлығын сәләфи-уахаби, не солардың жандайшаптары деп білген жөн. Мүфтиге, әруаққа қарсы шығып жүргендер де солар. Қорықсақ, солардан қорқайық.
Құдияр БІЛӘЛ