Бақара сүресінің 261-аятында дүниесін Алла жолында жұмсағанға берілетін сауаптың есесі қалай болатын баяндап, мұсылмандарды Алла жолында қызмет қылуға шақырады. Аятты былай тәпсірлейді:
"Алла жолында дін ислам үшін шынайы ықылас-ниетпен мал-мүлкін сарп етсе, ол парыз, уәжіп немесе нәпіл болсын, берген қайыр-жақсылығының есесін мына мысалмен түсіндіреді: егілген бір тұқымнан Алланың хикметімен бір сабақтан масақ шығады, оның үлкендігі сондай әр масақта жүзден жеміс береді. Демек, берген жақсылығы жеті жүз есе болғаны".
Мүміндер бір дана тұқымды да аз көрмеу керек. Мұны егетін адам «Қолымдағы біреу ғана, топыраққа себуге келер ме екен...» деп ойласа, қандай пайда көрмек?
Ешқандай.
Сондықтан бір тұқым болсын босқа жібермей, егу керек.
Яғни, Алла жолында жасалатын істі, беретін дүиеңді аз-көп демей, қолыңнан келгенше қол ұшын бер. Алланың жәрдемі болмаса, егілген бір дана болсын сабағы да, масағы да шықпастан шіріп кетер еді. Міне, сондықтан құлдың да амалы осы сияқты. Осылай болғандықтан адамның еккен бір тұқымы Алланың хикметімен жүздеген есе жеміс береді.
Алла жолында жұмсалған дүниенің өзі де ақыретте осылайша еселеніп алдымыздан шығып, мизан таразысына қойылады. Алла үшін қызмет қылған Алла жолында сарп етілген дүниенің, егілген тұқымның фейізі мен берекетін, әлбетте, көреді. Бірақ мысал қуалап, негізгі мақсатты ұмытып кетпейік. Мақсатымыз бидай жинау емес, оны орнымен, Алла жолында сарп ету. Бұл егіннің негізгі жинау науқаны жәнатта орылмақ.
Міне, сол кезде біреуіне жеті жүз еседен төмені болмайды. Алла қалағанына осылайша еселеп бермек. Бұл дүниеде тіршілік атаулының пайдасына, Исламның өркендеуіне, Алланың құлдарына, әсіресе, Алла жолында берілген жәрдем, садақаның есепсіз сауап пен жемісіне ие болатынына шүбә жоқ. Алланың мейірімі шексіз, кең. Оның жолында қанша инфақ жасалса да Алла Тағала қарымтасын әркімге еселеп береді. Сондай-ақ инфақ етушінің де ниетін де, мөлшерін де, Өзіне берілген сөз-уәдені де Білуші (Алим) екенін ұмытпайық.