Павлодар облысы Тереңкөл ауданы «Сейділдә хазірет» мешітінің ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде «Дінім – діңгегім, дәстүрім – қазынам» атты рухани мәуліт кеші жоғары деңгейде аталып өтті. Рухани кештің басты қонақтары – облысымыздың бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы, Қарағандылық айтыскер ақын, термеші Дидар Қамиев, облысымыздың мақтанышы, алтын домбыра иегері, айтыскер ақын Аспанбек Шұғатаев, аудан әкімі Азамат Мангутов болды.
Кеш шымылдығы қасиетті Құранмен ашылып, «Әбу Бәкір Сыддық» медресесінің ұстазы мен шәкірттері пайғамбарымызға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтумен жалғасын тапты.
Павлодар облысының бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы Алланың сүйікті құлы және елшісінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірбаянынан сөз қозғап, уағыз-насихат айтып, айтыскер ақындар Пайғамбарымызға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) арнау өлеңдерімен жиналған жұртты рухани ләззатқа бөледі.
Мәуліт кешін көруге келген жұртшылық рухани шарадан жан тыныштығын тауып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Әрі қарай кеш мешіт жанындағы «Бәйтерек» асханасында жалғасып, 70 адамға дастархан жайылды.










