Иә, Алла…!
Он сегіз мың ғаламның иесісің,
Көк пен жердің, жан, тәннің киесісің.
Раббылардың Раббысы құдіретті,
Тылсымыңмен ғұмырым сый еді шын.
Бәрі сенің жаралған қалауыңмен,
Тамылжыған тіршілік алауыңмен.
Мейіріміңді көл-көсір төгіп тұрсың,
Аймалаған әлемді жанарыңмен.
Жалғыз ғана өзіңді ұлықтаймын,
Күпірлікті жаныма жуытпай мың.
Рахымыңды, о Алла, шапағатшым,
Басым жерге тигенше ұмытпаймын.
Әрбір атқан арайлы таңым үшін,
Биік тұрған жанымнан арым үшін,
Жүрегіммен құлшылық етем шексіз,
Өзің берген қолдағы барым үшін.
Өлшеулі жыл, айларым, сағаттарым,
Жарығым мен қараңғы, абат таңым.
Береке мен бейбіт күн, бірлік берші,
Шексіз Ұлы Тағалам, жаратқаным!
Алла жалғыз! Біздерден хамд болсын,
Бар әлемге иманмен жарық толсын.
Сансыз нығмет, шегі жоқ ризығына,
Шүкірлігім, тәубемен барып тұрсын.
Төзім беріп жасаған тағаттарға,
Күншығыстан тамылжып таң атқанда.
Саналы етіп, терең ой, ақыл берген,
Мың алғыс, Тәңірім мен жаратқанға!
Мадақтың бәрі өзіңе, әлхамдулиллаh!
Патшалардың патшасы субханаллах!
Аман сақта, жер, көкті, тіршілікті,
Сауабыңмен жарылқа, уәл-хамдулиллаh!