Қазан айының 7-күні «Мәуліт-Мүбәрак болсын!» кеші Павлодар қаласындағы Естай атындағы мәдениет сарайында аталып өтті. Кешті елімізге танымал ақын, сөз шебері Арман Бердалин жүргізді.
«Әбу Бәкір Сыддық» медресесінің ұстазы Мамраев Нұрсұлтан және оның шәкірттерінің мәуліт оқу, салауат айтуымен басталған Мәуліт кеші Шымкент қаласы, «Сейітжан қари Есжанұлы» мешітінің бас имамы, Ғұламалар кеңесінің мүшесі - Ерсін Әміренің уағызымен жалғасын тауып, арықарай «Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ- музыка драма театрының» әртістері сахналаған «Жақсылық» атты қойылымға жалғасты.
Келесі кезекте белгілі ақын айтыскер Аспанбек Шұғатаев арнау өлеңімен хазіреті Пайғамбарымыз(с.а.у)-дың мүсінін сомдап жүректерді тербетсе, танымал әнші Бауыржан Ахметов бауырымыз имани әндермен көрерменнің көңілін сусындатты.
Соңында кәсіпкер Аблазимов Бахариддин ағамыздың көмегімен медресеге 1 миллион теңге сертификатын ҚМДБ, Ғұламалар кеңесінің мүшесі -Ерсін Әміре мырза «Әбу Бәкір Сыддық» медресе-колледжінің директоры Совет Есімбекке табыстады.
Кеш қызықты болып, жамағат әсерлі қабылдады.






