Павлодар облысы Аққулы ауданының «Ғабдылуахит хазірет» мешітінде әйел-қыздар секторының ұйымдастыруыменен «Дінім, тілім – тұмарым» атты өңірлік сайыс болып өтті.
Байқауда «Мәшһүр Жүсіп» мешіті, «Ақмешіт», «Әбу Бәкір Сыддық», «Омар әл Фаруқ», «Шайхы ата», «Ғабдылуахит хазірет» мешіттерінің әйелдер қауымы өз өнерлерін ортаға салып, бақтарын сынады.
Шараның мақсаты –мешіт жамағаттары арасындағы ынтымақтастықты, ауызбіршілікті нығайту, туған ана тілімізге деген сүйіспеншілігімізді арттырып, дініміздің қадірін түсінуге, құрметтеуге шақыру.
Сайыстың шарттары бойынша - үміткерлер өздерін таныстырып, ұлттық киім үлгілерін паш етті. Туған тілдің қадір-қасиеті жайлы жүректен шыққан төл туындыларын ұсынды. Мақал-мәтелдердің мән мағыналарын тереңінен ашып, классик ақын-бабаларымыздың поэзиялық шығармаларын жатқа айтты.
Барлық қатысушылар жоғары дайындықпен келгендерін көрсете алды. Нәтижесінде бас жүлдені «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің шәкірті Мақпал Хайратбек иеленді.
1-орынға «Ғабдылуахит хазірет» мешітінен Ақниет Тлеубаева,
2-ші орынға «Омар әл Фаруқ» мешітінен Рахат Кенжекей қол жеткізді, сондай-ақ, 3-ші орынға «Әбу Бәкір Сыддық» мешітінің шәкірті Арай Мұхарапқызы ие болды.
Жүлделі орын алғандар ақшалай сертификаттармен марапатталса, қалған барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары тарту етілді.














