Бүгін «Мәшһүр Жүсіп» мешітінде «Адал ас-шариғат талабы» атты семинар жүргізілді. Семинарға мешіт белсенді жамағат өкілдері және «Әйел-қыздар секторы»-ның белсенді мүшелері қатысты. Семинар қатысушыларға пайдалы ақпарат беріп, халал мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.
Облыс бас имамы Жолдас Қоспақұлы адал астың шариғаттағы маңыздылығына кеңінен тоқталып ҚМДБ-ға қарасты «Халал Даму» мекемесінің жұмыс барысы таныстырды. Сондай-ақ мекеменің негізгі мақсаты – кәсіпорындарға халал стандарты бойынша сараптама жүргізу, өндіріс орындарын тексеру, шикізат құрамын зерттеу және тұтынушыларға сенімді өнім ұсыну екенін айтты. Халал сертификатын алу үшін кәсіпорындардың технологиялық үдерісі, қоспалары, тасымалдау және сақтау талаптары шариғат нормаларына сай болуы қажет екендігі баяндалды.
Келесі кезекте «Әйел-қыздар секторы»-ның Павлодар облысы бойынша меңгерушісі Туғанбай Ақерке халалдың шариғаттағы рөліне тоқталып, халал тек тағаммен шектелмейтінін, ол – мұсылман өмірінің барлық саласын қамтитын ұғым екенін жеткізді. Халал табыс, халал кәсіп, халал тәрбие – барлығы да рухани жол екені айтылды.
Павлодар облысы бойынша халал даму мекемесінің технологы Ақбота Болатбекқызы тағамдық қоспалардың түрлерін нақты мысалдармен түсіндірді. Ол қоспалардың өсімдік, жануар және синтетикалық негізде болатынын, кейбір эмульгаторлар мен бояғыштардың жануар текті шикізаттан алынуы мүмкін екенін ескертті. Мысалы, желатин, кейбір Е-кодты қоспалар, ферменттер мен хош иістендіргіштердің шығу тегі маңызды рөл атқаратыны айтылды.
Семинар барысында халал мен харамның аражігі нақты түсіндіріліп, күмәнді (машбух) өнімдерден сақтану қажеттігі айтылды. Қатысушыларға өнім құрамын мұқият оқу, сертификат таңбасына назар аудару және сенімді дереккөзге жүгіну керектігі жөнінде кеңес берілді.
Іс-шара барысында қойылған сұрақтарға жауап беріліп, адал ас тұтынудың денсаулыққа, рухани тазалыққа және қоғам игілігіне әсері кеңінен талқыланды.
Семинар соңы сұрақ-жауаптармен аяқталды.



