ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы жұмыс сапарымен Шарбақты ауданының орталығында болды. Сапар аясында аудан әкімі Сержан Ерғалымұлымен кездесу өткізіліп, тараптар өңірдегі діни ахуал, рухани тәрбие, қоғаммен байланысты нығайту, сондай-ақ имамдардың жұмысын жандандыру бағытында пікір алмасты.
Сондай-ақ, бас имам ауданға қарасты барлық ауыл имамдарымен кеңейтілген жиын өткізді. Жиында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылымы, мүфтияттың тарихы, қазіргі таңда қабылданып жатқан маңызды құжаттар мен тұжырымдамалар жайлы кеңінен сөз қозғалды.
Кездесу барысында діни рәсімдердің орындалу тәртібіне, әсіресе ас беру мәдениетіне ерекше тоқталды. Қайғылы жағдайда өткізілетін астарда ысырапқа жол бермеу, шектен тыс даңғазалық пен астамшылықтан сақ болу, қонақасын дәмхана мен мейрамханаларда емес, қарапайым түрде, отбасылық шаңырақта өткізу мәселесі көтерілді. Бұл – дініміздегі қарапайымдылық пен сабырлылықты насихаттайтын аса маңызды қағида.
Сонымен қатар, жаназа рәсіміне қатысты кейбір орын алып жүрген жаңсақ әрекеттерге де тоқталды. Атап айтқанда, жаназа намазынан бұрын марқұмға “дәлел оқу”, Құран оқу сияқты шариғатқа сәйкес келмейтін амалдардан аулақ болуға шақырды. Бұл мәселелерде ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесі бекіткен ортақ пәтуалар мен шешімдерге сүйеніп, барша жамағатты бірізділікке, тәртіпке шақырды. Діни рәсімдерде жік-жікке бөлінбей, бірлік пен татулықты сақтап, шариғи талаптарға сай жаназа мен жерлеу рәсімдерін өткізуге үндеді.
Жиын барысында әр ауылдың имамдарына нақты тапсырмалар берілді. Сонымен бірге, ҚМДБ-ның 35 жылдық мерейтойына орай өткізілетін игі шараларды жоғары деңгейде өткізу үшін бірігіп жұмыс істеу қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ, имамдардың білім деңгейі мен діни сауаттылығын арттыру мақсатында семинарлар мен оқыту бағдарламалары ұйымдастыру, діни қызметтің сапасын көтеру жөнінде тапсырмалар берілді.
Іссапар қорытындысында бас имам аудан имамдарының жұмысына оң бағасын беріп, діни тұрақтылықты сақтау жолындағы еңбектеріне сәттілік тіледі.





