Павлодар қаласы, орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінде толық жабдықталған арнайы кітапхана бар. Кітапханада кітап қоры 15 мыңға жуық, діни және дүниауи ілімдер жинағы және қазақ фольклоры, ұлттық классиктердің таңдаулы танымал шығармалары, «Мәдени мұра» жобасы арқылы ұсынылған қазақ ұлтының ауыз әдебиетінің қаймағы болған 100 томдығы және тағы басқа құнды кітаптар мол. Әлбетте, ғұлама Мәшһүр Жүсіптің атындағы мешіттің кітапханасы ретінде қасиетті Құран кітабының көптеген тарихи нұсқалараымен қоса заманауи тәпсірленген аудармалары, электронды нұсқалары, сонымен қатар Мәшһүр әулиенің шығармаларының толық жинақтары да оқырман сөресінен орын алған.
Кітапхана меңгерушісі, саналы өмірінде тек осы салада қызмет еткен кәнігі маман -Назым апай Ғиззатқызы.
«Кітапхана көп жылдан бері мешіт жамағаты мен қызметкерлеріне және халыққа мүлтіксіз қызмет етіп келеді.
Сонымен қатар мешіт тарапынан ұйымдастырылатын әртүрлі діни-рухани іс-шаралар да кітапханамен тығыз байланысты. Облыстағы әртүрлі оқу орындарының және қала, аудан, ауыл кітапханаларымен де тығыз байланыс жасап, кітаптар алмасып тұрады. Имам-молдалар да әркез кітап қорына үлес қосып, ҚМДБ сараптамасы арқылы жарық көрген жаңа кітаптарды сатып алып беріп тұрады. Кітап қоры жылдан-жылға көбеюде»-дейді кітапханашы Назым апай.
СУРЕТТЕРДЕ: ҚМДБ –ның тапсырмасына орай «Ислам и генезис Казахской Мусульманской традиции» кітабының 75 данасын облыстық кітапханаға, 9 данасы мешіт кітапханасына сыйға беру сәті.


