Жоқ болса ақың өзімде,
Қалғандарды зарлатпа.
Өтірік болса сөзімде,
Ойыма менің алдатпа.
Ақың болса біт алып,
Көп жетімге қарғатпа.
Өлгенге өтірік дау салып,
Қайыңды талға жалғатпа.
Өлген жанның моласын,
Тепкілемек өнер ме.
Онымен қайтіп оңасың,
Ойласаң, пайда келер ме?
Өзімнен басқа әркім бар,
Бәрін де жеңдім дей берме.
Алдыңда қиын бір күн бар...
Аптығып, асып, елерме.
Ақың болса басымда,
Осы күнде мені өлтір.
Отырмын ғой қасыңда,
Өзіңнің жазаң деп өлтір.
Жазам болса таратайын,
Қолыңнан келсе, әне, өлтір!
Обалымды артайын,
Қызықсаң босқа, және өлтір!
Ол қолыңнан келмесе,
Ойнақтама, дулама.
Ойлашы өзің, ендеше,
Соған көңлің тола ма?
Үйтсең - қатын болғаның,
Еркек олай бола ма.
Ол емес қой оңғаның,
Мұнымен кісі оңа ма?
ШӘКӘРІМ қажы