ЖЕРДЕГІ ПЕРІШТЕ

ЖЕРДЕГІ ПЕРІШТЕ

191
2 мин
ЖЕРДЕГІ ПЕРІШТЕ

Баяғыда дүниеге келуге даярланып жүрген бір сәби болыпты. Бір күні ол Алла Тағалаға былай деп сұрақ қояды:

– Уа, Аллам! Ертең мені жер бетіне жіберетініңді естідім. Бірақ мен сондай әлсіз, сондай кішкентаймын. Онда қалай өмір сүрмекпін? Алла Тағала жауап береді:

– Мен барлық періштелердің арасынан арнайы саған біреуін таңдадым. Ол сені күтіп тұрады, сені қорғайды. Періштең саған күн сайын ән салып, күлімсірейді. Сен оның мейірімін сезіп, өзіңді бақытты сезінесің. Сәби тағы:

 – Ал адамдар маған бір нәрсе айтқанда, олардың тілін білмей тұрып қалай түсінемін?

 – Періштең саған жер бетінде ести алатын ең тәтті, ең көркем сөздерді айтады. Саған сөйлеуді де, тыңдауды да, сүйіспеншілікпен үйретеді.

 – Мен сенімен сөйлескім келсе қайтемін?

 – Періштең саған екі алақанын жайып, қалай дұға ету керегін де үйретеді.

– Жер бетінде жаман адамдар болатынын да естідім. Олардан мені кім қорғайды? – Періштең сені өз өмірін қиюға тура келсе де қорғап қалуға дайын. Сәби тағы мұңайып:

 – Бірақ мен сені ешқашан көре алмайтыныма өте қатты қайғырамын, – дейді. Сонда Алла Тағала:

 – Періштең саған мен туралы үнемі айтып отырады әрі Маған қалай жетуге болатынын да үйретеді, – деп жауап береді. Сол сәтте жұмақта бір сәт үнсіздік орнап, жердің күбір-сыбыры жұмаққа жетеді. Сәби жерге аттанатын уақыт жақындағанын сезіп, соңғы сұрағын қояды:

 – Енді мен кеткелі тұрмын, менің Періштемнің аты кім, соны білейін деп едім? – дейді. Алла Тағала да: – Періштемнің атының еш маңызы жоқ, пендем. Сен оны «АНА, АНАШЫМ» деп атайсың.

 Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ


 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс