Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,
Надандыққа жеңілмей соғысалық.
Харекетке жұмсайтын көп жасыңды
Баянсызға алдырмай іс қылалық.
Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,
Ақылды ағалардан үлгі алалық.
Сауық-сайран дегенді ерте тиып,
Тиянақпен пайдалы іс қылалық.
Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,
Ертерек есті жиып, қамданалық.
Пайдасызға күш жұмсап, бос далақтап,
Тіл беземей, құр сөзге іс қылалық.
Дүние — хайласы көп, тарам-тарам,
Ертерек қамданбаған күнің қараң.
Жұмыстанып, ел үшін ет ауыртпай,
Жан рахатта көп көрген күнің арам.
Мал екеш мал да көрер күндік күнін,
Ерте тұрып іс қылар сенен бұрын.
Тиеді оның пайдасы басқаға да,
Сен ұялмай адамсып жүрсің бүгін.
Дүние һәм тұрлаусыз — ағын судай,
Бос өткізген уақытың жұтқан удай.
Тамырға алпыс екі түгел тарап,
Маңдай соғып қаларсың, саның сабай...
Таубаласы-ШӘКӘРІМ