Менің “жаман” болатын себебім не? Ол менің ҰЯТ деген сөзді өте жоғары бағалайтыным болуы керек. Мен ҰЯТ дегенді – ұлы күш деп санаймын. Адамшылдықтың, адалдықтың, уәдешіліктің, тұрақтылықтың, тазалықтың түп қазығы ұят деп білемін. Ұяты жоқтан үміт күтпеймін.
Ұры-қары, қарақшы, қаныпезерлер ұяты жоқтан шығады. ҰЯТ - ЕҢ ҚЫМБАТ ҚАСИЕТ!
Ұяттыға иман ұялайды, ұятсызды қылмыс қуалайды.
Мен:
— Өтірік айтуға ұяламын.
— Айтқан уәдемді орындамауға ұяламын.
— Орынсыз жерде артық сөз сөйлеуге ұяламын.
— Өз кітабымды және өзімді мақтауға ұяламын.
— Трамвай, троллейбуста қарттар түрегеп тұрғанда, жастардың орын бермей, шіреніп отырғандарын көргенде ұяламын.
— Кейбір қазақ жастарының асыл ана тілін ардақтамайтынына ұяламын.
Сондықтан да, кейбіреулер тәрізді қара бет болмай, жора-жолдастарымның бетіне тура қараумен болдым.
Мен:
— Біреудің сырын сыртқа шашуға ұяламын. Досыма да, қасыма ауыр сөз айтуға ұяламын. Үлкенге де, кішіге де (әсіресе үлкендерге) “Сен” деп сөйлеуге ұяламын. Әлдекімге жағынып, жағымпаздық жасауға ұяламын. Жұмыссыз бес минут отыруға ұяламын.
Кімге болса да қолымнан келген жақсылықты жасамауға ұяламын.
Кісі нәрсесіне қызығуға, біреуден бірнәрсені тегін алуға ұяламын.
Сөйлеп тұрған кісінің сөзін бөлуге ұяламын, оны ақырына дейін мұқият тыңдауға тырысамын. Мүмкіндік болса, өз ойымды ол кісі сөйлеп болғаннан кейін айтамын. Мүмкіндік болмаса, үн-түнсіз қала беремін. Өңештемеймін.
Өкпелемеймін. Біреуден бірдеңе сұрап, қол созуға ұяламын, ешкімнен ештеңе дәметпеймін. Қоғамдық орындарда (емхана мен ауруханада, азық-түлік дүкендерінде, поштада, әртүрлі
кассалар алдында) шіретте тұрмай, “Мен ардагермін!” деп жұртты кимелеп, алға қарай ұмтылуға ұяламын.
Мен барлық жастарды ұятты болуға шақырамын!
Ұяты бар адамдарды ардақтай білуге шақырамын.
Ең соңында сіздерге айтарым:
— Адам рухының ұлы күші МАХАББАТ жасасын!
— Шала махаббат емес, мәңгілік махаббат болсын!
— Махаббаттың мәңгілік иесі жастар жасасын! — деймін.
Əзілхан НҰРШАЙЫҚОВ
Мен де осы Әзілхан атамыздай болсам деп ойлаймын,
Білмеймін солай бола алмаймын-ау деп ұяламын.
Кейде діншіл болғым келеді. Бірақ намазы-ниязы бар ұяты жоқты көргенде халықтан ұяламын.
Хызыр ЖАНАРЫС