Тылсым деген не?
Тілдік мағынасы
«Тылсым» (طَلْسَم) деген сөздің араб тіліндегі мағынасы:
1. Сиқыршы немесе балгер жазатын, ішінде түсініксіз сызықтар, сандар мен сөздер болатын жазу.
2. Жұмбақ, құпия, түсініксіз нәрсе.
Бұл анықтама «Негізгі араб сөздігінен» алынған.
Сопылықтағы мағынасы
Сопылық ілімінде «тылсым» сөзіне бірнеше түрлі түсінік берілген.
Әзреті Бәйдауи (қ.с.)тылсымға «шешілмейтін түйін» деп түсіндіреді.
Шейх Мәғруф ән-Нудһи «Әл-Хариқ уә жәрху мариқ» атты еңбегінде:
«Тылсым — көктегі әсер етуші күштер мен жердегі әсер қабылдаушы күштердің қосындысынан пайда болатын нәрсе», — дейді.
Ал шейх Ахмад ибн Идрис тылсым туралы былай түсіндіреді:
«Тылсым — даналар (хакімдер) белгілі шарттарға сай қолданғанда, ерекше қасиеті арқылы әсер ететін жасырын күш. Ал илаһи жолдағылардың түсінігінде оның әсері — Алланың рұқсатымен болады. Өйткені бұл — Алланың құдіретінің көріністерінің бірі. Оған Алланың “Қаһарлы” есімі күш береді, “Құдіретті, барлық нәрсеге күші жетуші” есімінің қуатымен әсер ету мүмкіндігі беріледі. Алладан келген бұл мүмкіндік — илаһи рұқсат деген сөз».
Шейх Мұхаммед Баһауддин әл-Байтар «Әл-Нәфахат әл-Құдсия» атты еңбегінде:
«Арифтердің (Алланы танығандардың) түсінігіндегі тылсым — кемел адам. Ол Алланың есімдерінің сырларына шынайы түрде ие болған адам. Ол осы сырларды өз бойында күш ретінде де, іс жүзінде де жүзеге асырады. Сондықтан ол — Ұлы есімнің (әл-Исм әл-Ағзам) көрінісі. Онымен анттасу — Алламен анттасқанмен тең, оған бағыну — Аллаға бағынғанмен тең», — дейді.
Нәжмуддин ар-Рази «Манар әс-сайирин уа матар әт-таирин» атты еңбекте:
«Тылсым — аспаннан келетін әсерлер мен жердегі дәрілік заттардың қасиеттерін біріктіру. Соның нәтижесінде таңғаларлық бір нәрсе пайда болады», — деп түсіндіреді.
Тылсымдардың түрлері
Шейх әл-Акбар Ибн Араби( қ.с.)тылсымның бірнеше түрін атап өтеді.
Бірінші тылсым
«Бірінші тылсым — ақыл-ойларға билік жүргізетін нәрсе. Бұл — тылсымдардың ішіндегі ең күштісі».
Екінші тылсым — қиял
Қиял адамға мағыналарды белгілі бір бейнеге енгізіп, көзге көрінетіндей етіп көрсетуге мүмкіндік береді. Яғни адам ойындағы немесе рухани мағынадағы нәрсе қиял арқылы белгілі бір формаға енеді. Сосын адамның миындағы қиялға жауап беретін функциясына әсер ету арқылы. Ақты қара, жақсыны жаман, тазаны лас етіп көрсете алады.
Үшінші тылсым — әдет
Әдет адамның нәпсісіне және санасына билік етеді. Адам бір нәрседен айырылса, соған қайта-қайта ұмтылады. Өйткені әдеттің адамға ықпалы өте күшті. Яғни тылсым арқылы адамға жаман әдеттер енгізе алады. Әзрет Ибн Араби осы үш тылсымды — ақылға билік ететін нәрсе, қиял және әдет — адамның бойындағы күшті кедергілер ретінде қарастырады. Оның айтуынша: «Адамдардың арасындағы шынайы ерекшелік — осы үш тылсымның билігінен көтеріле білуінде».
Неліктен «тылсым» деп аталған?
Имам Жағфар әс-Садыққа телінетін түсіндірмеде:
«Оны “тылсым” деп атаған, себебі бұл сөздің аты кері оқылғанда “мусаллит” деген мағынаға келеді, яғни “билік жүргізуші, ықпал етуші” дегенді білдіреді», — делінеді.
Бұл түсінік әл-Байтардың «Әл-Нәфахат әл-Құдсия» еңбегінде келтірілген.
Тылсым иелері (сиқыршылар) мен «Алла есімдері» тәжжаллий болған (әулиелер) тассаруфтарының айырмашылығы
Тарихшы әзрет Ибн Халдун бұл екі жолдың арасындағы айырмашылықты былай түсіндіреді:
Тылсым жасаушылардың әрекеті — аспан денелерінің рухани күштерін белгілі бір бейнелермен немесе сандық қатынастармен байланыстыру арқылы табиғатта белгілі бір өзгеріс туғызу. Ал Алланың есімдерін қолданушылардың әрекеті — рухани күрес, машықтану және рухани ашылу арқылы келген илаһи нұр мен Раббани жәрдемге сүйенеді.
Сондықтан олар табиғат күштерін өзіне бағындыру үшін аспан денелерінен немесе басқа күштерден көмек сұрамайды. Өйткені олардың сүйенетін күші — одан әлдеқайда жоғары деп түсіндіріледі. Тылсым иесіне (сиқыршыға) белгілі бір дәрежеде рухани жаттығу жеткілікті болуы мүмкін. Бұл жаттығу оның жан дүниесін күшейтіп, аспан күштеріне әсер етуге мүмкіндік береді. Ал Алланың есімдерімен амал ететін (әулиелердің) рухани жолы әлдеқайда күрделі. Олардың мақсаты — дүниеге билік жүргізу емес. Сопылық түсінікте дүниеге және жаратылыстарға билік етуге ұмтылудың өзі адамға рухани перде (хижаб) болуы мүмкін. Егер оларда қандай да бір ерекше әсер ету қабілеті пайда болса, ол — олардың негізгі мақсаты емес, Алланың берген бір кереметі ретінде көрінеді.
Бұл түсініктер Ибн Халдунның «Шифа әс-Саил ли-таһзиб әл-масаил» еңбегінде баяндалады.
Ұлы тылсым
Әзрет Ибн Арабидің «Булғату әл-Ғауас» атты еңбегінде:
«Ұлы тылсым — адам. Ол — ең қадірлі әрі бүкіл әлемнің ерекшеліктерін өз бойына жинақтаған жаратылыс. Жұлдыздарды жаратуы Аллаға жақындаудың құралы ретінде. Осы ұлы тылсымның арқасында жұлдыздар әлемде қызмет етеді», — деген мағынадағы пікір айтылады. Яғни мұнда «тылсым» кәдімгі сиқырлы тұмар мағынасында емес, адамның бүкіл әлемді бойына жинақтаған ерекше жаратылыс екендігін білдіреді.
Яғни адам — әлемнің құпия бір сыр.
Адам әлемнен алынып тасталса, әлемнің қазіргі қалпы бұзылады деп түсіндіріледі. Басқаша айтқанда, адамзаттың өмірі тоқтаған кезде дүниенің қазіргі өмір сүру кезеңі де аяқталып, мәңгілік ақырет өмірі басталады.
Сондықтан адамды: «әлемнің сыры» және «ұлы тылсым» деп атайды.
Құтбтық (ұлы әулиелік) тылсым
Әзрет Абдулкәрим әл-Жилидің (қ.с.) «Әл-Инсан әл-Камил фи мағрифати әл-Ауахир уәл-Ауәил» атты еңбегінде:
«Құтбтық тылсым — әлемінің үлгілік көрнісі немесе осі. Ол барлық үлгілер мен тылсымдардың орталығы және солардың айналатын тірегі. Жанның бейнелері соның арқасында орнығады», — деген түсінік беріледі.
Әзрет Сәһрауарди (қ.с.)«тылсым иесі»
Шиһабуддин Сәһрауарди түсінігінде «кемел тылсым иесі» деген ұғым адам бейнесімен байланысты. Адам бейнесі — жаратылыстардың ішіндегі ең көркем әрі ең абзал бейне деп қарастырылады.
Сөздің түйіні адам өз бойындағы тылсымын Ібліске жүгіну арқылы оята алады. Немесе иләһи есімдерді өз бойына сіңіріп сол сипаттармен сипатталу арқылы рухани тылсымын оята алады. Осы екі тылсымның қайнар көзі қайдан екенін көпшілік адам ажырата алмайды.