Тик-Токтың шыққанына көп болмаса да бүгінде бұл қосымша бүкіл әлемді жаулап үлгерді. Тіпті қолданушылар саны бойынша ютуб, инстаграм, фейсбуктан да асып түсті. Қысқасы қазіргінің тренді осы. Біздің елде де бұл қосымшаны қолданушылар саны күн сайын артып келеді.
Тик-Ток желісінде қолданушы дайын аудиоларды пайдаланып, қысқа видеолар түсіреді. Оны көңіл көтеру мақсатында көбіне жастар қолданады. Тик-Токта көбінесе ашық киінген қыздар камера алдында билеп, жігіттер ерсі қылықтарымен елдің есін шығаратыны ақиқат.
Жай ғана мазақ қылу, жерге таптау басым. Жастар мұны әзіл ретінде қабылдап отыр. Құранды, атақты адамдарды келеке еткен жағдай да болды. Ненің ақ, ненің қара екенін білмейтін жеткіншектер ішінде олардың әрекетін қайталап, жаман әдетке еліктейтіндері де табылады. Олардың арасында маңызды тақырыпта видео түсіретіндері де жоқ емес.
Ар-ұят, намыс мәселесіне аса мән беру қажет. Өйткені оған немқұрайлы қараумен қоғамда түрлі проблемалардың басы ашылатыны анық. Ерлі-зайыптылар арасындағы дау-дамайлар, ажырасулар, арсыздық пен арандатушылық әрекеттері соған мысал.
Құран Кәрімде: «Иман еткендер арасында арсыздық атаулының етек алуын көксейтіндерге келсек, оларға бұл жалғанда да, ақыретте де жантөзгісіз ауыр азап бар», – делінген («Нұр» сүресі, 19-аят).
Сондықтан Тик-Ток желісіне мәнсіз, әдепсіз, ұятсыз бейнероликтерді салу және сол роликтерді тамашалау, сондай-ақ желіде отырып, уақытын зая кетіру – харам.
Мұсылман адам ондай іс-әрекеттерден барынша тыйылғаны дұрыс.
ДЕРЕККӨЗ: muftyat.kz