ТАСАТТЫҚ

ТАСАТТЫҚ

2304
2 мин
ТАСАТТЫҚ

Қыстан қымтырылып, аман-есен көктемнің лебі көрініп, жаз да келді... Осы арада жеріміз құрғақшылықтың алдында тұрғаны сөзсіз байқалып тұр. Ел болып, ізгі дұғамен Алладан сұрап қазақы дәстүрмен тасаттық бермекпіз. Мыналарды қатты ескеру қажет:

1) Алла Тағала біз сойып, құрбандыққа шалатын малымызға мұқтаж емес, одан ағып шығатын қанның да Алла үшін қажеті жоқ.

2) Малды сою кезінде де сойып жатқан адамның таза болып, дұға қылуы қажет. Барлық әрекетіміз ниетте тұр... Соятын адам: "Йа, Аллаһым, біздің жүрегімізді тазарт, ниетімізді шынайы қыл. Өзіннің разылығын үшін дүниемізден бөлдік. Ауылымызға берекеттік бер. Көктен жаңбырынды беріп, айналаны ырысқа толтыр" деген мағынадағы дұғаны шынайы айту қажет. Тасаттық беріп болған соң қалған етті де көмгенін көрдім кішкентай кезімде, енді қазір ойлаймын сол не үшін деп. Саналы адам ойланып қараса оны көміп тастағаннан не пайда, егер жеуге жарамсыз болса тым құрмады үйдегі иттер жесін. Ит те Алланың жаратылысы ғой, жарамсыз қалған ұсақ-түйек, ет-сүйек жерге көмілгенше иттің тойғаны дұрыс қой. Оны жерге көміп, наным-сенім, ырым қылып еш қажеті жоқ, одан пайда да жоқ.

3) Тасаттық жасалатын орынға байланысты. Мейлі зираттың жанында жасалса да мынаны ұмытпау қажет: біз ниет қылып Алладан сұраймыз. Аруақтарды (рух) ортаға салып, олардан тілеп қажет емес. "Аруақтар қолдай көр" деп адасу да осыдан басталады. Аруақ қолдамайды, қолдайтын да қорғайтын да бір Алла. Болашақта тасаттық беретіндей басқа бір жерден орын белгілеген дұрыс болар.

4) Алладан жәрдем үшін дұға тілейміз. Дұғаның ең ізгісі - намаз. Намаздың кілті дәрет. Барлығымыз дәретті болып, Алладан дұға тілеп, халық болып екі ракағат намаз оқуымыз қажет. Адам баласы осындай сәтте ғана шынайы ниет қылып, дұға жасайды. Әйтпесе, ойланған адамға малды сойып, жиналып, ішіп-жеу арқылы дұға қылу дұрыс та емес мұның бәрі дүниәуи нәрсе бос әңгімеге апарады.

5) Жиналып, ас берілген уақытта дүние сөздері, ойын-күлкі, арзан әңгіменің еш қажеті жоқ. Аллаға мақтау айтып, Пайғамбарға көп салауат айтқан дұрыс. Ойдың барлығы Алладан сұрау, жауын тілеп дұға қылуда болуы керек.

Абылайхан СЕРІКБАЙҰЛЫ

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс