Баяғыда ақылдан кенде қалған, бәлкім содан да болар, жоқшылықтың қамытын киіп күн кешкен бір адам болыпты. Күндердің бірінде ол базарда “шындықты” сатып тұрған алыпсатарға жолығыпты. Қалтасында сақтап жүрген бірнеше “өтірігін” беріп, соның орнына “шындықты” сатып алады.
Алған заты тым үлкен, аса ауыр екен. Түсі де көзге жағымсыз, дәмі де ащы болса керек.
Қара терге түсіп, оны сүйреп жүріп түн ортасында үйіне әрең жетсе, әйелі де жақтырмай, ұрыс шығарады. Сонда әлгі адам:
- Қуана бер, мен шындықты сатып әкелдім. Енді ол біздікі, - дейді.
Екеуі шындықты жаман лашықтарына кіргізбек болады. Бірақ ол үйге сыймайды. Ертең кіргізерміз деп, таң атқанша кезектесіп күзетіп шығады. Ертеңінде де, одан кейін де кіргізе алмай, әбден әбігерге түседі.
Кейін байқаса, далада жатса да ешкім алмайды. Тіпті назар аударып қарамайды да. Қажетіне жаратайын десе - ештеңеге жарамсыз.
Амалсыз ақылдаса келе, шындықты қайта базарға апарып сатуға шешім қабылдайды. Бір тиынға болсын өтсе екен дейді.
- Шындық сатам! - деп қанша жар салса да, алушы табылмайды.
Сол кезде өңірдегі ең алаяқ адам келіп, “шындықты” бір ауыз “рахметке” айырбастап алады. Бірақ заты ауыр болғандықтан, тағы біреуін ертіп келіп, ортасынан бөліп алып кетеді.
Содан кейін шындық екіге, төртке, сегізге бөлініп, әркімнің қолына тиеді. Кейде “рахметке”, кейде “көп рахметке” сатылып, ұсақтала береді.
Сөйтіп, уақыт өте келе әркімнің өз шындығы пайда болады. Бір-біріне сәйкеспейтін, әртүрлі форматтағы шындықтар.
Сондықтан да бүгін екі адам кездессе, өз шындықтарын салыстырып көріп, ешқашан қабыспайтынын аңғарады.
(Шындық ауыр күйінде ешкімге керек болмады. Ал бөлшектелген кезде бәріне тиесілі болып кетті)
Бегзат МАҒЗАТАЙҰЛЫ