РУДАКИДІҢ ЖЫРЛАРЫ

РУДАКИДІҢ ЖЫРЛАРЫ

645
10 мин
РУДАКИДІҢ ЖЫРЛАРЫ

Рудаки — парсы тілінің тұңғыш ақыны және парсы поэзиясының атасы, көптеген ақындар оның поэзиялық стилін ұстанған.

Рудаки парсы поэзиясының көптеген салаларында алғашқылардың бірі болып саналады. Ол көптеген өлеңдер жазды. Өкінішке орай, бүгінге дейін оның бірқатар өлеңдері ғана сақталған.

Рудакидің мәснеулерінің ішінде ақын хинди және пехлеви тілінен парсы тіліне аударып, толығымен поэзия тілінде жазып шыққан "Калиле мен Димна", "Синдбаднаме", Бахр Сариден Мотфи Мауфтың "Мәснавилерін" және басқаларын атап өтуге болады.

***

«Қанша ұзақ өмір сүргін сен мейлі,

Соңы өмірдің тіреледі өлімге.

Өлім шоғы ешқашанда сөнбейді,

Осы тағдыр кешетінің сенің де.

Өтсін өмір тыныштықта, байлықпен,

Қаталдыққа толы болсын ғасырың.

Рея мен Тараздан ал жай тіптен,

Ұмытпайды алатұғын асылын.

Алқымнан ап өлім сәті келгенде,

Адыра боп қалар барлық арманың.

Көрген түстей боларсың-ау шерменде,

Түсінгенде өмірдің бұл жалғанын.

Өлім сәті бір-ақ рет келеді,

Жақсы, жаман ажырата алмайсың.

Өткен өмір сағымдайын желеді,

Ұзақ тұрмай негізіңе самғайсың!»

***

«Ғұламалық мұра болып тұқымыңа тарамас,

Ұлың сенің көбейте алар ұрпағыңды тек қана,

Көп болғанмен ұл-қыздарың даналыққа жарамас,

Өзгелерге ауысады даналық та топтана».

***

«Өмірден өтті бір ақын,

Керуен кетті жылыстап.

Жоғалттық кімнің жыр атын,

Кім берер жауап дұрыстап.

Былай деп айтар көздерім:

«Қайтқан жан жалғыз емес пе?»

Ақылым қосар сөздерін:

«Айрылдық жаннан көп әсте».

***

«Көргенің мен сүйгеніңнің бәрі де,

Татымайды бір данышпан адамға.

Бадам, шарап толып жатыр әлі де,

Бұл өмірдің соңы жоқтай наданға.

Өмір – жылан, оны ұстар өршіл жан,

Ал сәтсіздер өлім құшар әманда.

***

«Жеміс жайлы ойламаңыз бұл өмірдің бағында,

Мәжнүн талдар ол бақтарда мұңға батып жылайды.

Бағбаны бар, абай болғын аралайтын шағыңда,

Самал боп ес, қолдарыңмен былғай көрме лайлы».

***

«Өмір деген ғажайып қой, досым-ау,

Аспан асты көрме сынды осынау.

Патшаға да айналдырар тағдырың,

Аяғыңа әкеп жығар әрбірін.

Күресінге тастар сосын лақтырып,

Бреу мінер ол патшаны ат қылып».

***

«Уақыт-ай! Жас шағыңда бай болып та шалқыған,

Қызмет жасап, дәурен сүріп, ат үстінде балқыған.

Уақыт өте айрыларсың атақ пенен аттан да,

Қайыршыдай салпақтайсың көш керуен артынан».

***

«Біз кімбіз? –

Қайғы-қасірет кілемін жаятындармыз.

Біз кімбіз? –

Қайғыны жасырып жүрекке қоятындармыз.

Біз кімбіз? –

Дұшпанның қатыгез тағдырын ойнайтындармыз,

Теңіздің түбіне батырмай қоймайтындармыз».

***

«Сұраншақты жақтырмайды өзгелер,

Тыңдамастан кетіп қалып жатады.

Мәжбүр болып тыңдайтын да кез келер,

Жоқ нәрсеңе болмас бірақ шатағы».

***

«Біле тұра біреудің жау екенін,

Біле тұра жолға тастап кетерін.

Оған дәйім дос құшақты жаямын,

Келмейді оған жылылықты аяғым».

***

«Ақша – тәннің қалауы,

Жадыратар тәніңді.

Білім – ақыл жалауы,

Байытатын жаныңды.

***

«Жаратылыс ұланымыз бәріміз,

Кешетұғын жаз бен көктем, сары күз.

Кіп-кішкентай ұшып жүрген торғаймыз,

Өлім – сұңқар, құтыла да алмаймыз.

Мейлі ерте, мейлі кеш пе, түбінде,

Қурап қалар жайқалған бұл гүлің де.

Тасып жатсын бақытың мен құт күшің,

Жоя алмайсың өлімнің дүр үккішін».

***

«Біреудің дастарханында

Ет те бар, бадам самсап тұр.

Біреу жүр аштар халінде,

Арпаның нанын тамсап құр».

***

«Ашуланған шақтарда,

Айналамын долыға.

Өлең жазып жатқанда,

Қондырам гүлді қолыма».

***

«Қандай қайғы! Қорқынышты тағдыр бар деп білмеппін,

Ер сыйламас бетпақ әйел жары болып жүрмеппін.

Арыстан да ықтыра алмас ақырса да қаншама,

Жақындауға қорқақтаймын, отқа жаным жанса да.

Тым дөрекі, ашулы боп көрінетін қатыннан,

Арашалап қалу керек күндеріңді шатылған».

***

«Талант, білім – шамшырағың жағатын,

Тас түнекті жарық қылып жаратын».

***

«Көп болады жалғыз жаудың өзі де,

Мың досты да аз деп жүргін сезіне».

***

«Күн сайын естіп жүрсең де тәтті әуенді,

Зарлы үндерге болғың келмейді тәуелді».

***

«Аш адамды тоқ адам сұғанақ деп санайды,

Ауру жанды сау адам жалқаулыққа балайды».

***

«Уақыт – тұлпар арқырар,

Шабандоз болып желменен мынау жарысқын.

Уақыт – қылыш жарқырар,

Жеңемін десең, батыл бол да алысқын».

***

«Отыратын орындарға адал жан,

Алаяқтар отырады қадалған.

Көрсетілер көп қошамет есекке,

Ескерілмей қалар түйе десек те».

***

«Зорлық үшін ұстамайды жарқыраған қылышты:

Зұлымдықты Тәңір білер, дұрыс дейді дұрысты.

Кісі өлтіру түбінде бір күйдіреді жүзіңді,

Бал шырынын ішу үшін екпей ме бұл жүзімді.

Өліп жатқан жанды көріп Иса бірде өкінді:

«Кімді өлтірдің, қашан өлдің? Қан жуыпты бетіңді.

Білмедің бе істегенің шығатынын алдыңнан,

Енді мынау қиянатың өзіңді де қан қылған».

Жазықсыздың дарбазасын ұрғылама ешқашан,

Өзге жанның өз қақпаңды ұрғылауын тоспасаң».

***

«Бәріміздің қолымыздан екі іс бар келетін:

Не таяқ же, ұрып құлат күшің болса сенетін.

Тамырымен жоқ қылуға жетер ме екен шамаңыз,

Ешқашанда жойылмайды айтылатын бар аңыз».

***

«Ұлық Алла құтқарды бар қайғыдан,

Төрт қасиет маған беріп өлмейтін:

Жақсы мінез, саулық, ақыл, даңқы һәм,

Темірқазық секілді олар сөнбейтін.

Төрт қасиет қонған болса адамға,

Қайғысыз сен сапар шеккін ғаламға».

***

«Ескірер бір кез жаңа да,

Араға жылдар салғанда.

Ауысар ескі жаңаға,

Осылай өмір, таң қалма».

***

«Махаббатың өліп-өшіп қалаған,

Тұзды судай кермек татып тұрады.

Аңқаң кеуіп су іздейсің даладан,

Ішкен сайын шөлдетеді бұлағы».

***

«Реніш те таптым кейде сөзімнен,

Өз сөзімнен қуаныш та сезінгем».

***

«Кір болсын киім, алайда,

Жүректі шаңға бастырма.

Кірленген сана қалайда,

Батырар сені тас мұңға».

***

«Тобырлар дәйім күндейтін,

Адамның ғана досымын.

Қайғысыз, дымды білмейтін,

Жандардан күнде шошыдым».

***

«Тағдырыңды түзет те,

Адалдап сүргін өмірді.

Қасіретті күзетпе,

Өмірің болар көңілді.

Өкінішке берілме,

Ешқашан қайғы шекпейсің.

Кедей болсаң да жеңілме,

Бақытқа дәйім жеткейсің».

***

«Алдау, арбау жақсылыққа апармас,

Қиналғанда ешкім келмес көмекке.

Тәтті жеміс болсын саған татар ас,

Улы жеміс жинамағын себетке».

***

«Соғыс үшін жаратты ма адамды?

Онсыз дағы мынау келте ғұмыр ғой.

Кімге қажет қанға бояу даламды,

Сыздатпай ма жүрегіңді жұмыр ой?..»

***

«Бұл әлем пайда болғаннан бері түнекте,

Туылса ғалым өкінген емес ешкім де.

Құрылмас жеңіс әрқашан дағы білекке,

Білім шырағы кіргізер әрін кештің де.

Жазылу керек тақтайшаларға сондықтан:

«Жүрекке таным себеді деп жарық нұр,

Қиындықтарда көрсетер жолды барлық нұр».

***

«Сынақтан өт түсінем десең өмірді,

Оған үлкен, кіші деп те қарама.

Барлық жерде қорған болар сенімді,

Күш жинайсың, қалдырмайды табаға.

***

«Өмір деген аямайды үйрету мен кеңесін,

Мейірім мен қаталдықты тамырыңа құяды.

Сен біреудің көре алмасаң алға басқан кемесін,

Сенен олар алшақтаумен қатынасын тияды.

Сабыр сақтап, әр уақытта еге болғын тіліңе,

Орға түссең, зар боларсың бүгінгідей күніңе».

***

«Сен жалғызсың жүрсең дағы арасында жүздердің,

Жалғыз қалсаң ал қанеки, айта қойшы іздер кім?»

***

«Данышпанмын деп бекерге бөспегін,

Болса егер туған ұлың ақымақ.

Ондай ұлмен алға баспас көштерің,

Шыға алмассың төбеге де сатылап».

***

«Бақыт деген аспаннан құр жаумайды,

Қолға оңай түспес құстан аумайды».

***

«Әлемдегі бар құштарлық білімге,

Өшкен емес сол құштарлық бүгінде.

Өмір бойы ұмтылумен келеді,

Барлық адам өзі білер тілінде».

***

«Білім – барлық қауіптердің қорғаны».

***

«Әлем – теңіз.

Келеді ме жүзгіңіз?

Игі істерден кеме жасау –

Ізгі іс».

***

«Соқыр қыңырлықты тый –

Тәңірден саған болар сый.

Мүгедек жанды қорлама –

Түспессің өзің торға да.

Сүрінгендерді демегін –

Береді Тәңір көмегін».

***

«Жақсылық пен бейбіт мынау өмірге,

Данышпан жан жол бастайды жатып-ақ.

Дау-жанжал мен соғыстарға тегінде,

Жақын тұрар жөн білмейтін ақымақ».

***

«Қуанышты асқан күн жоқ әлемде,

Жақындарың жүрер болса қаумалап.

Шыбын екеш қор санайды өлерде,

Досың саған көрсеткенде жау қабақ».

***

«Ұзақ жылдар өмір сүріп жүргенмен,

Несі өмір үйренерің болмаса.

Ұстаздарың өмір сырын білгенмен,

Оқытпайды, үйренем деу далбаса.

***

«Ашкөздікті қуып шыққын көңілден,

Ол бар жерде бола алмайды өмір кең.

Бұл пиғылдан жүрегіңді аршысаң,

Жомарт әлем ашар алдан көгін кең».

***

«Дайынсың-ау жұтуға сен барлығын:

Палау, шарап, шербет және бадамды.

Жыланшылар білмес әлем нарлығын –

Өлтірерін шағып жылан наданды».

***

«Жақсылықты күтпеңіз бұл өмірден,

Еңбек еткін шынайы пәк сеніммен.

Маңдай терің саған бақыт сыйлайды,

Байлығың ол – маңдайдан тер төгілген».

Аударған Кенжеғали ҚОШЫМ-НОҒАЙ

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс