***
«Әлем – теңіз.
Келеді ме жүзгіңіз?
Игі істерден кеме жасау –
Ізгі іс».
***
«Соқыр қыңырлықты тый –
Тәңірден саған болар сый.
Мүгедек жанды қорлама –
Түспессің өзің торға да.
Сүрінгендерді демегін –
Береді Тәңір көмегін».
***
«Жақсылық пен бейбіт мынау өмірге,
Данышпан жан жол бастайды жатып-ақ.
Дау-жанжал мен соғыстарға тегінде,
Жақын тұрар жөн білмейтін ақымақ».
***
«Қуанышты асқан күн жоқ әлемде,
Жақындарың жүрер болса қаумалап.
Шыбын екеш қор санайды өлерде,
Досың саған көрсеткенде жау қабақ».
***
«Ұзақ жылдар өмір сүріп жүргенмен,
Несі өмір үйренерің болмаса.
Ұстаздарың өмір сырын білгенмен,
Оқытпайды, үйренем деу далбаса.
***
«Ашкөздікті қуып шыққын көңілден,
Ол бар жерде бола алмайды өмір кең.
Бұл пиғылдан жүрегіңді аршысаң,
Жомарт әлем ашар алдан көгін кең».
***
«Дайынсың-ау жұтуға сен барлығын:
Палау, шарап, шербет және бадамды.
Жыланшылар білмес әлем нарлығын –
Өлтірерін шағып жылан наданды».
***
«Жақсылықты күтпеңіз бұл өмірден,
Еңбек еткін шынайы пәк сеніммен.
Маңдай терің саған бақыт сыйлайды,
Байлығың ол – маңдайдан тер төгілген».
Аударған
Кенжеғали ҚОШЫМ-НОҒАЙ