26 ақпан
Тоғызыншы күн
НАМАЗ – ҰЛЫ ҒИБАДАТ
اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Намаз – исламның бес парызының бірі әрі құлшылықтың ең абзалы. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) намазды «Діннің тірегі», «Мүминнің миғражы», «Жұмақтың кілті», «Көзімнің нұры», – деп түрлі атаулармен атаған. Бұның барлығы намаз оқудың қаншалықты маңызды екендігінің көрінісі.
Құран Кәрімдегі пайғамбарлардың атасы Ибраһимнің (оған Алланың сәлемі болсын) Алла Тағаладан:
رَبِّ اجْعَلْنِي مُقِيمَ الصَّلاَةِ وَمِن ذُرِّيَّتِي رَبَّنَا وَتَقَبَّلْ دُعَاء
«Раббым! Мені әрі ұрпақтарымды намазды толық орындаушы ет! Раббымыз! Тілегімізді қабыл ал», – деп дұға еткендігі баяндалған («Ибраһим» сүресі, 40-аят). Даналығымен танылған Лұқман Хакім де өзінің ұлына:
يَا بُنَيَّ أَقِمِ الصَّلَاةَ وَأْمُرْبِالْمَعْرُوفِ وَانْهَ عَنِ الْمُنكَرِ وَاصْبِرْ عَلَى مَا أَصَابَكَ
«Әй, ұлым! Намазды толық орында, жақсылықты бұйырып жамандықтан тыйып, басыңа түскен ауыртпашылыққа сабырлы бол», – деп өсиет айтқан («Лұқман» сүресі, 19-аят).
Бұл аяттар намаздың артықшылығын көрсетіп қана қоймай, ұрпағымызға да оны үйретудің маңызды екендігіне дәлел. «Бесінші тілек тілеңіз, бес уақытта бес намаз, бірі қаза болмасқа» деген Бұқар жырау бастаған асыл ата-бабаларымыз да біздерге намаз оқуды көптеп өсиет еткен.
Шортанбай Қанайұлы бабамыз:
Құбылаға бас қоймақ,
Мұсылманның тарығы.
Ораза, намаз қаза қылмасаң,
Көңіліңде Құдай барлығы, – деп айтқан. Хакім Абай атамыз: «Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс, жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс», – деп, исламның бес тірегі саналатын ғибадат-құлшылықтарды түгелімен орындауды өсиет еткен.
Мүминнің рухани миғражы болған намаз құлшылығына бекем болып, ерекше ықыласымен орындау үшін әрбір мұсылман адам оның мынадай артықшылықтарын білгені жөн:
Бірінші: намаз – арсыздықтан тыяды
Намаз ұлы құлшылық болуымен қатар, адамның жаман істерден арылуына себепші болады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Анкабут» сүресі, 45-аятында:
اتْلُ مَا أُوحِيَ إِلَيْكَ مِنَ الْكِتَابِ وَأَقِمِ الصَّلَاةَ ۖ إِنَّ الصَّلَاةَ تَنْهَىٰ عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنْكَرِ ۗ وَلَذِكْرُ اللَّهِ أَكْبَرُ ۗ وَاللَّهُ يَعْلَمُ مَا تَصْنَعُونَ
«Кітаптан саған уахи етілгенді ғана оқы да намазды орында. Күдіксіз намаз арсыздықтан, жамандықтан тыяды. Әрине Алланы еске алу, аса ірі нәрсе. Сондай-ақ Алла не жасағандарыңды біледі», – деп айтқан.
Жалпы Алла Тағаланы ұдайы есімізде ұстауға екі нәрсе себеп болмақ. Оның біріншісі – Құран оқу, екіншісі – ықыласпен оқылған намаз. Сол үшін де Алла Тағала жоғарыдағы аяттың басында ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзіне уахи етілгенді оқуды бұйырып, артынша «Намазды орында» деп әмір еткен. Адам баласы намазды қаншалықты ықыласпен оқыса, соншалықты оның жамандықтан ажырауына алып келеді. Ал енді намаз оқып, жамандық атаулыдан тыйылмаған адам турасында ғалымдарымыз: «Оның намазында кемшілік бар» деп айтқан.
Екінші: намаз – күнәлардың кешірілуіне себепші болады
Намаз – пендені Жаратушының кешірімі мен мейіріміне бөлейтін ұлы құлшылық. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
أرَأيْتُمْ لَوْ أنَّ نَهْراً بِبَابِ أَحَدِكُمْ يَغْتَسِلُ مِنْهُ كُلَّ يَوْمِ خَمْسُ مَرَّاتِ هَلْ يَبقَى مِنْ دَرَنِهِ شَيءٌ؟ قَالُوا: لاَ يَبْقَى مِنْ دَرَنِهِ شَيءٌ!! قال: فَذَلِكَ مِثلُ الصَّلَوَاتُ الخَمْسَ يَمْحُو الله بِهِنَّ الخَطَايَا
«Қалай ойлайсыңдар, егер де сендердің біреулеріңнің есіктеріңнің алдында өзен ағып жатса әрі ол оған күн сайын бес уақыт жуынатын болса, оның бойында кір қалама ма?» – деп сұрайды. Сахабалар: «Жоқ, оның ешбір кірі қалмайды», – деп жауап береді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бес уақыт намаз да тура сол секілді. Адамның істеген қателіктерін жуып-шаяды», – дейді
Тағы бір хадисте:
الصَّلَوَاتُ الخَمْسُ، وَالْجُمْعَةُ إلى الجُمْعَةِ، وَرَمَضَانُ إلى رَمَضَانَ، مُكَفِّرَاتٌ مَا بَيْنَهُنَّ إِذَا اجْتَنَبَ الْكَبَائِرَ
«Егер адам үлкен күнәлардан сақтанатын болса, бес уақыт намаз, жұма намазы мен келесі жұма намазы, рамазан айы мен келесі рамазан айы олардың арасындағы күнәлардың кешірілуіне себепші болады», – деп айтқан (имам Мүслим).
Бұл хадистерден түсінетініміз намаз күналарымыздың кешірілуіне себепші болуы үшін адам үлкен күнәлардан аулақ болуы қажет. Намаз оқып тұрғанда адам күнә жасамасы анық. Өйткені ол Раббысының алдында тұрғандығын сезінеді. Сол сияқты намаз оқушы адам намаздан кейін де Жаратушысының көріп тұрғандығын біліп, бүкіл күнә атаулыдан аулақ болуы тиіс. Міне, сол кезде намаз біздің күнәларымызға каффарат болады.
Үшінші: намаз – Жаратшуымызға деген шүкірліктің белгісі
Алланың нығметін санасақ, санына жете алмасымыз – ақиқат. Міне, осындай жоғары мәртебеге ие жаратылыс ретінде жер жүзінде сансыз нығметтермен ризықтандырып, өмірдің сан алуан жақсылықтарын нәсіп еткені үшін Аллаға құлдарының шүкіршілік етуі заңды. Алла Тағала қасиетті Құранның «Нахыл» сүресі, 78-аятында:
وَٱللَّهُ أَخْرَجَكُم مِّنۢ بُطُونِ أُمَّهَٰتِكُمْ لَا تَعْلَمُونَ شَيْـًٔا وَجَعَلَ لَكُمُ ٱلسَّمْعَ وَٱلْأَبْصَٰرَ وَٱلْأَفْـِٔدَةَ ۙ لَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ
«Алла сендерді аналарыңның құрсағынан еш нәрсе білмейтін түрде шығарды, сосын сендерге есту, көру және ойлау қабілетін берді. Әрине шүкіршілік етерсіңдер», – деп айтқан.
Шүкірлік – тек тілмен ғана емес, жүрекпен әрі амалмен де орындалуы қажет. Тіпті, амалмен, яғни дене мүшелеріміздің қатысуы арқылы жасалатын шүкірліктің мәнісі өте үлкен. Алла Тағала қасиетті Құранның «Сәбә» сүресі, 13-аятында:
اعْمَلُوا آلَ دَاوُودَ شُكْرًا
«Уа, Дәуіттің отбасы! Шүкір етіңдер», – деп айтқан. Бұл аятта «Шүкір айтыңдар» деп емес, «Шүкір етіңдер» делінуі арқылы, шүкірліктің амал арқылы да болатындығын ұғамыз. Ал амал арқылы атқарылатын шүкірліктің ең ұлығы – намаз.
Төртінші: намаз – ақыреттің азығы
Дүние ақыреттің егіні болса, намаз сол ақыреттік азығымызды молайтып, намаз оқушыларға қорғаныш және қиыншылықтан құтылу болмақ. Алла Тағала қасиетті Құранда:
قَدْ أَفْلَحَ الْمُؤْمِنُونَ الَّذِينَ هُمْ فِي صَلاتِهِمْ خَاشِعُونَ
«Сондай ықыласпен (берілген күйде) намаз оқыған мүминдер, расында да құтылды», – деп айтқан («Муминун сүресі, 1-2-аяттар»).
Тіпті, адам баласының ақыретте ең алғашқы сұралатын амалы да оның намазы жайында болмақ. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
إِنَّ أَوَّلَ مَا يُحَاسَبُ بِهِ الْعَبْدُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ مِنْ عَمَلِهِ صَلَاتُهُ فَإِنْ صَلُحَتْ فَقَدْ أَفْلَحَ وَأَنْجَحَ وَإِنْ فَسَدَتْ فَقَدْ خَابَ وَخَسِرَ
«Қиямет күні пенденің амалдарынан ең әуелі сұралатыны – намаз. Егер намазы дұрыс болса, онда пенде қуанышқа бөленіп, игілікке қол жеткізеді. Егер намазы дұрыс болмаса, онда апатқа ұшырап, қайғыға түседі», – деген.
Намазды қаншалықты ықыласымен оқуына байланысты адамдар мынадай түрлі дәрежеде болады:
Бірінші дәреже: намазға немқұрайлы қарайтын адам. Бұл санаттағы адамдар дәретін, намаз уақытын, шарттарын толық орындамайды.
Екінші дәреже: намаз уақыттарына, шарттары мен дәретіне ұқыпты болады, бірақ нәпсісінің азғырғанына қарсы тұра алмайды. Оны намазында өзге ой-пікірлер жеңіп кетеді.
Үшінші дәреже: намаз шарттарын, уақыттарын ұстанады. Азғыруларға қарсы тұрады. Намазы бұзылып немесе сауабы кемімеуі үшін ой-қиялымен, нәпсісімен күреседі.
Төртінші дәреже: намазға тұрса, оның барлық ақысын өтеп, жүрегімен беріліп тұрады. Оның барлық ниеті, ойы намазын дұрыс орындауға арналады.
Бесінші дәреже: намазды толықтай орындауға барынша тырысады. Өзін Алланың алдында тұрғандай сезініп, жүрегі Жаратушысына деген махаббатқа толы күйде жалбарынады.
Алла Тағала қасиетті Рамазан айын баршамызға мүбәрак етіп, ұстаған ораза, оқыған намаздырымызды қабыл еткей!