МЕН ДЕ ӨМІР СҮРІП ЖҮРМІН

МЕН ДЕ ӨМІР СҮРІП ЖҮРМІН

1073
3 мин
МЕН ДЕ ӨМІР СҮРІП ЖҮРМІН

Бір адам өзінің бала кезінен білетін досына кіріп шығуды ұйғарды. Ол досы бала жасынан мүгедек, қоларбаға таңылған жан болатын. Араға ай салып, жыл жылжытып осылай көңілін аулап шығатын әдетімен бұл жолы да ол досының үйіне бас сұқты. Екеуі де егде тартқан. Бірақ бұл жүріп-тұрғасын, дені сау болғасын мүгедек досынан жасаң көрінетіндей. Досымен әңгіме-сұқбат құру оған айрықша әсер етеді, неге екені өзіне беймәлім қай тақырыпты қозғамасын, бұл досы бәрін біледі, бүге-шегесіне шейін талқылап, ойға жақсы ой жамайды, тұманды сейілтіп, бәрін ұғынықты қылып жібереді. Бұл досының осы қасиеті үшін де құрметтейді. Ол бүгінгі әңгімеден де қатты әсерде қалды. Содан ойланды, "Бұл досым ғой бала жасынан мүгедек, жүріп-тұра алмайды, бірақ өмір көрген бізден, мына менен артық, білмейтіні жоқ, сонда бұл өзі қалай?.." деп сауалына жауап таппай, араға күн салып, мүгедек досына қайтып келді.

- Досым, мен сенен бір нәрсе сұрайын деп едім... Бірақ жаныңды жаралап аламын ба деп...

- Қысылма, айта бер. Екеуміздің арамызда айтылмаған не қалды, досымсың ғой, көсіл!-деп жігерлендірді. Бұл көкейіндегі сұрағын қойды.

- Сен ғой төрт қабырғадан басқаны көрмейсің, білмейсің, осы жатыс... Бірақ білмейтінің жоқ. Сені тыңдасам мен мүлдем өмір сүрмегендей күй кешем, тіпті ана тыста жүрген адамдар да өмір сүріп жатпағандай көрініеді маған... Сен не күнә, не жақсы, бақыт дегеніміз не?.. Бәрін-бәрін қалдырмай білесің. Жаратылыс жайлы ой-толғамың, адамның жан дүниесінде болатын құбылыстарды, ол ер ме, әйел ме, барлығын оқып-тоқып қойғансың. Бір қарасам сен ең кемел адамдайсың, ал кейде ең күнәһардай көрінесің... Осының себебі неде? Сен мұның бәрін қайдан білесің? Сенің отырысың осы ғой...

Досы жымиып қана отырды. Мұны ақырына шейін тыңдады. Сосын ләм деп тіл қатпастан арбасының дөңгелегін қозғап, келесі бөлмеге өтті. Бұған соңыма ілес деп ишара жасады. Келесі бөлме толған сөре-сөре кітап...Құран-Кәрім, діни кітап , Абай, Шәкәрім, Мағжан, Толстой, Шекспир, Гете, Пушкин, Достаевский, Чехов... не керектің бәрі тұнып тұр... Ақын-жазушылар мен небір ғалымдардың еңбегі.

- Досым, міне, мен осы дүниені түгел меңгердім, оқыдым-тоқыдым өзің айтқандай, және жай оқып қойғам жоқ, мұның бәрін жүрегімнен өткіздім... Сондықтан да мен сендер сияқты жүріп-тұрмасам да әлемнің түкпір-түкпірін шарлап шыққан адаммын. Мен жиһангезбін, дәруішпін, ғашық жанмын!.. Мен де өмір сүріп жатырмын!.. Дұрысы, өмір сүріп жүрмін,-деді.

Мұнайдар БАЛМОЛДА

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс