Қыпшақ Қорлыбай бидің баласы Досболдан, атаға жүйрік дегеннен кейін күншығыс жұртының біреуі ата сұрапты. Сонда өзінен Адам атаға шейін сырғытып айта беріпті. Адам атаға барғанда. "Адам атасы кім!" - дегенде.
- Адам атасы - Арсалаң! - депті.
Естіп тұрган ғауымдар.
- Жарықтықтың атаға жүйрігі - ай! Адам атаның атасының атын да біледі, - деген.
"Мұндай атаға жүйрік жан тумас", - десіп, дүркірей - ақ жөнеліпті. Ол кісінің айтуы:
- Қазақ, Қалмақ, Қарақалпақ, Естек, Орыс – бәрі бір ағайынды екен. Ең кенжесі - орыс екен. Баланың кішісі болган соң, еркелетіп басы ауырады деп, шашын алдырмаған екен. Шүметейі ауырады деп, кестірмеген екен. Сол себептен орыс жұртының шашын алдырмай, кестірусіз кеткені, - депті. Білімі жеткендікпен тауып айтты деп, бірсыпыра жұрт үғып алғандықтан, жұрт аузында бұл да сөз болып қалды.
*Арсалаң- қазақ ертегілерінің жұмбақ қаһармандарының бірі. Адам бейнелі, бірақ тым сенгіш, қайырымды және қиық мінез иесі. Көптеген ертегілерде Арсалаң –алып күштің және мүмкіндіктің иегері дәу аңқау жан иесі. Өзге қаһамармандардан (Дию, Таусоғар, Дәу) бір ерекшелігі Арсалаң адамдардың арасында өмір сүреді және өз шаруасының бірін керісінше атқарады, мысалы ол саған жақындау үшін оған әрі тұр деуіңіз керек, әрі кетсін десеңіз бері кел дегеніңіз дұрыс. Досбол, қазақтың далалық білімін терең игерген өте танымал тұлғалардың бірі, әрине Адам атасы Арсалаң деген сөзді жәй айтып отырған жоқ. Шамасы, оның білігінде бізге жетпеген дәлелдер мен аргументтер жүйесі болған, мүмкін бұл жерде адамзат таихының ерте кезеңінде қатар өмір сүрген неандерталь адамдары туралы әңгіме бар ма екен ?