Бір ғұлама: "Алланы жоғалтқандар нені тапты, Алланы тапқандар нені жоғалтты", - деген екен. Өкінішке қарай біз негізінен Алланы жоғалтқандар қол жеткізген "игіліктерді" көксеп, Аллаға алақан жаямыз. Рас, "Бұл дүниеде де, о дүниеде де жақсылық бер" дегенге саятын аят бар. Сонда ол қандай жақсылық? Біз тілеген дұға сол жақсылыққа сай келе ме? Ал ол "жақсылық" бізді Аллаға жеткізе ме?
Бұл сауалдар жауабы Ихсан (сопылық) арқылы ашылады.
Рас, жайылған алақандар құр қайтпайды. Дұға қабыл болып, тілектер орындалады. Тек сіз қалағандай емес, Алла қалағандай.
Себебі, Алла Тағала сізге әманда қайырлысын береді.
Себебі, мұсылмансыз. Соған орай сан мың періште сізге, сіздің дұға-тілегіңіздің қабыл болуына тілекші болады. Жалпы қай мұсылман да дұғасыз іс бастамайды. Ал ол міндетті түрде орындалады. Алайда біз "орындалмаған" дұғалар қайырын сезіне бермейміз. Болмаса біз барлық уақытта Алла рахымына шомып тұрамыз. Дұға соны түйсінгендіктен жасалады.
Рас, дұға жасамайтындар да баршылық. Біз солай ойлаймыз. Шынтуайтына келгенде, дұға жасамайтын адам болмайды. Тек жасалуы әрқилы. Қайыры да солай. Ал мәні - Аллаға аян.
Құдияр БІЛӘЛ