КИІЗ ҮЙЛЕР ДЕ МЕШІТ СИЯҚТЫ...

КИІЗ ҮЙЛЕР ДЕ МЕШІТ СИЯҚТЫ...

353
4 мин
КИІЗ ҮЙЛЕР ДЕ МЕШІТ СИЯҚТЫ...

Адамның өз әдемілігі өз ішінде. Сіз бір әдемі адам едіңіз. Саясатпен ешқандай қатысыңыз жоқ еді. Тарихты құмарта оқуға болатынын білдіңіз. Ертегі де өмірге қажет екен. Ән өте бір тамаша дүние екен. Әубаста еш жаралы болмаған жаныңызды осы әннің неге сонша жайлы, рахат етіп жібергеніне қатты таңғалдыңыз. Сіз өзіңіздің сағынышыңызды тексерсеңіз бір қалаға барайын деп кетіп бара жатқанда кезіккен даланың ескіден қалған адам жүрмес тарғыл жолдары, ауыл шетіндегі арбаның ізі жапырған шалғындағы жол, ескі бір заманда естен шығып ұшқан құстың дәл төбеңізде сағыныш болып қонып отыратынын, даланың сарғыш шалғынының себептен-себепсіз өзіңізді сағындыратынын білдіңіз. Бірақ, арнайы шығармашылықпен шұғылданып жатпаған соң, оны елеп-ескермей кеткендейсізбе, қалай?...

Әр адамның жаны - музыкант, ақын, жазушы.... Сіздің жан әлеміңіз әлем үшін қымбат. Қолда барда алтынның қадірі жоқ болып, қадіріңізді саясатпен, біреуді саяси тұрғыда бағалаумен өзіңізден кетіріп, жаныңыз тынышталмай жүргенін-ай!

Адам атаны құдай тағала құжынап бір жерге тоқтаусыз жиналуға бұйырмаған. Құмырсқадай бір жерге құжынап, құмырсқаның миын киіп, дән табумен ғана айналысып кеткен әбден иістенген қоғамнан құдайдың өзі жиіркенеді. Ондай жерлерге ауру-сырқау жіберіп бір сәт қаңырап бос қалғанын қалайды. Құдай адамды құжынап жинала түсуге емес, өзінің дара болғаны секілді дара отырып ойланып бір сәт тазаруын ұнатады. Әрбір адам оқшау отырып өзгеше ойлануды үйренсе құдайға жаққаны. Әлем халқы бір сәт отырып, байыз тауып, жүйкесін емдеп ойланып отырса әлем тазарып кететін еді. Құдай өзі құсап оқшау отырып ойланғандарды сүйеді. Тым жақындап кетпейік адамдар, тым құжынап кетпейік. Адамдар қатты құжынаған жерде, адам денесі мен өңі, көзі бір-біріне өте көп тиетін жерде абырой мен биіктік,асқақтық, даралық кетіп, ақша мен төсектің құмары есіңе түсе береді.

Құдай мешіттерді сүйеді. Бірақ, мешіттерге құдайды толыққанды түсінбейтіндер кіреді. Мешіттер күмбезбен салынады. Мешітке кіремін. Мешіттің күмбезінің айналасындағы тесіктерден саулаған нұрға басымды көтеріп қарап, құдайдың нұрын тамашалаймын. Құдайдың күмбезден түсіріп тұрған арайын бағалап аз отырып қарамастан, бірден кіре салып тоңқайып жығылып жататындар құдай үшін бұл ісінің аса бір сүйікті емес екенін біле ме?

Мешіт - құдайдың үйі. Оның ең басты сыры, маңыздылығы - күмбезінде. Осы күмбезден күндіз саулаған арай-шуақ пен түнде саулаған айдың қою нұрын тамашалау, бақылау арқылы біз құдайға шынайы жақындаймыз. Сол үшін күмбездерге ай нышаны шаншылған.

Киіз үйлер де құдайдың үйі. Киізүйдің шаңырағынан күндіз күн нұрын көруге, төбеге қарап асықпай бақылап жатуға, Тәңірі жайлы көбірек ойлануға болады. Түнде айдың нұрын көруге болады. Бірақ, ұйықтаған адамға, қозғалыссыз денеге айдың нұрының өз күші зиян салатындықтан ай нұры түсер сәтте шаңырақты бүркеп қоямыз түңлікпен, бірақ көбінде ашық тұрады, себебі ай әрбір үйдің шаңырағынан көрінбейді. Төбеден көрінетіні - жұлдыздар. Жұлдызды әлем - құдайдың құпиясы, құдайдың қақпасы. Мешіт пен киізүйдің құдайға қылар құлшылық орны ретінде мәртебесі біп-бірдей. Бұл киізүй - Адам атаның алғашқы дүние танымы бойынша жасалған. Әрбір адам өз үйін мешіт етіп кең далада көшіп жүрген, күндіз күмбез-шаңырақтағы тамшылап тұрған арайға, тіпті күнге, түнде жұлдызға қарап қолын мойынының астына қойып шалқалап жатқан адамға Тәңірі жақын болмай қоймайды, әрқашан құдайды еске алады.

Бүгінгі күні адамдар киізүйін сатып, құртып, оның есесіне бір жерге жиналып мешіт салып, көбі арай мен нұрдың, көкке қараудың құдіретін білмей, мешіттің қараңғылау, алакеуім жағына кіріп асығыс тоңқайып, көтеріліп бетін сыйпап орнынан тұрып кетеді.

Көкбөрі Мүбарак Қизатұлы

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс