ОТЫЗ КҮНГЕ ОТЫЗ УАҒЫЗ
(Тарауық намазына арналған уағыз-насихат)
5 наурыз
Он алтыншы күн
ИСЛАМ ДІНІНДЕГІ ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ
اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Дініміз Исламда отбасылық құндылықтарға ерекше мән беріледі, әсіресе ерлі-зайыпты адамдардың өзара міндеттері жөнінде толыққанды баяндалған. Адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) отбасылық өмірінде жұбайларына мейіріммен қарайтын адал жар, балаларына көркем тәрбие беретін өнегелі әке болуы арқылы біздерге үлкен үлгі бола білді. Дін мен дәстүрін қадір тұтқан дана халқымыз да «Отан – отбасынан басталады» деп, отбасының қоғамдағы орнын ерекше бағалаған. Өйткені кез келген қоғамда адами жақсы қасиеттердің кеңінен тарауы үшін әр отбасының береке мен бірлікте өмір сүруінің маңызы зор. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 187-аятында:
هُنَّ لِبَاسٌ لَكُمْ وَأَنْتُمْ لِبَاسٌ لَهُنَّ
«Олар сендер үшін киім (іспетті), сендер де олар үшін дәл сондай киім (секілдісіңдер)», – деп айтқан. Аталмыш аятта Алла Тағала ерлі-зайыпты адамдарды киімге теңеуі тегін емес. Себебі киім адамды ыстық пен суықтан қорғайды, денесіндегі кемшілігін жабады, бойына көрік береді. Сол сияқты ерлі-зайыпты адамдар да, біріне қамқор, жақсылығын асырып, кемшілігін жасырып, бір-біріне көрік бола білуі тиіс.
Әр отбасының іргесі мықты болып, түтіні түзу шығуы үшін отбасындағы ер мен әйелдің өзіне жүктелген міндеттерге, отбасылық әдептерге мән бергені дұрыс. Сонда ғана ол шаңырақта сыйластық пен сүйіспеншілік орнайды.
Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі әйелдерімен әрдайым жақсы мәміледе, мейірімділіктің аясында қарым-қатынас жасайтын болған. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
خِيَارُكُمْ خِيَارُكُمْ لِنِسائِهِمْ
«Сендердің ең жақсыларың әйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста болғандырың», – деген (имам Термизи).
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құлшылық-ғибадатында, мінез-құлқында үмбетіне үлгі болуымен қатар, отбасы мүшелерімен қарым-қатынаста да біздер үшін көркем үлгі. Пайғамбарлық міндетін атқаруымен қатар отбасына көңіл бөлу, олардың көңіл-күйін көтеріп ойнату мәселелеріне де уақыт табатын. Өзге мұсылмандарға да осыны насихат етіп, хадис шәріпте:
كُلُّ مَا يَلْهُو بِهِ الرَّجُلُ المُسْلِمُ بَاطِلٌ، إِلا رَمْيَهُ بِقَوْسِهِ، وَتَأْدِيبَهُ فَرَسَهُ، وَمُلاعَبَتَهُ أَهْلَهُ، فَإِنَّهُنَّ مِنْ الْحَقِّ
«Мұсылман адам үшін үш нәрседен басқамен көңіл көтерудің барлығы жалған: садағын атуы, атын үйретуі, әйелімен ойнауы. Расында, олардың да ақысы бар», – деген (имам Ахмад).
Айша анамыз (оған Алла разы болсын) Алла Елшісімен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сапарда бірге болған кезіндегі мына оқиғаны баяндайды: «Бір кезде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына «алдыға қарай жүре беріңдер» деп бұйрық берді. Маған: «ал, кеттік, кім қаттырақ жүгіреді екен?» – деді. «Мен ол кісімен жарысып, озып кеттім». Осыдан бірнеше жыл өткеннен кейін мен тағы бір сапарға барғанымда ол кісі сахабаларына алдыңғы жолдағыдай «алдыға қарай жүре беріңдер», – деп бұйрық берді де, маған: «ал кеттік кім қаттырақ жүгіреді екен?» – деді. Бұл уақытта мен алдыңғы жолғы жағдайды ұмытып та үлгерген едім. Салмағымда, едәуір ауырлаған еді. Мен: «Уа, Алланың Елшісі! Мен мына күйімде сізбен қалайша жарыспақпын?» – дедім. Ол кісі «болсаңшы, енді», – деді. «Мен жүгіре жөнелдім, бірақ бұл жолы Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мені озып кетті». Кейін ол кісі (жымиып): «бұл сенің алдыңғы жолғы озып кеткендігің үшін», – деді (имам Әбу Дәуіт).
Асыл дініміз ер адамға отбасының тәрбиешісі болуды, нәпақамен қамтамасыз етуді, оларға қорған, пана болып, жақсы қарауды бұйыртса, әйел адамға жақсы істерде еріне бағынуды, отағасының ризалығын алуды әмір еткен. Әр отбасының бақыты ерлі-зайыптылардың отбасылық міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, отбасын аманат деп біліп, оның қадір-қасиетін білуімен тікелей байланысты. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 228-аятында:
وَلَهُنَّ مِثْلُ الَّذِي عَلَيْهِنَّ بِالْمَعْرُوفِ
«Ерлердің әйелдердегі ақысы, әйелдердің де ерлерде белгілі ақысы бар», – деп айтқан.
Алла Тағала шаңырақтарымызға береке, отбасы бала-шағаларымызға амандық беріп, қасиетті рамазан айындағы ұстаған ораза, жасап жатқан құлшылықтарымызды қабыл еткей!