1888 жылы Павлодар уезінен Теміров Нұрым, Сейтов Батырбай, Жанболатов Мерғалым, Қуандықов Қатпа, Сейтенов Тасқынбай, Латин Әбділ, Табелев Досжан, Талғарин Тілеу, Бекбаев Құлмағамбет, Маманбаев Меңдібайдың қажылық парызын өтеуге барғандықтары жайлы дерекетер бар. Ол кезде бір уезден екінші уезге бару үшін де рұқсат қағаз алу керек болған екен. Сонда біздің өңірдің қазақтары төтен жолдан қияс жатқан қияндағы Санкт-Петербург пен Мәскеуге дейін барып, губернаторлардың қолынан төлқұжат алудың да жүйесін тапқан көрінеді. Мәселен, 1899 жылы Әбілғазин Әбділмәжит, Қуанбаев Ұят, Төлендин Сүлеймен, Титықов Баймұрын, Өтеубаев Сыздық, Жаныбеков Жанбақы, Асаубаев Отыншы сол кезде Ресей империясының құрамында болған Польша корольдігінің астанасы Варшаваға барып, «Австрия мен Германияға сауда-саттық жұмысымен сапар шегеміз» деп шетелдік төлқұжат алып, Мекке мен Мединеге тартып отырған екен.
Бағымұлы Сарман- алғашқы қажылыққа барғандардың бірі. Ол кезде Меккеге жаяулап, түйемен 40 күн жүріп барады екен. Бірінші рет аман-есен барып келген соң бәйбішесі сәбилі болыпты. Дүниеге келген сол балаға Мекежан деп ат қойыпты. Сарман 80-нен асқан шағында туған-туыс балаларымен қоштасып, бәйбішесін ертіп Меккеге екінші рет кетіпті.
Ал Баянауылдың тумасы Ысқақ 1888 жылы 17 жастағы ұлы Лұқпанды ертіп Меккеге барып, әкесі Шоқыбайға (Аманжол) «Бәдел қажы» деген куәлік әкелген екен.
Қажыға алғаш барғандардың ішінде әкелі-балалы, шешелі-балалы, ерлі-зайыптылар да болған. Мәселен, Павлодар уезінен ағайынды Мұсалы және Жәнпейіс Бектасовтар, Меңдібай және Қылышбек Аманбаевтар, ерлі-зайыпты Байқонақ және Жанымжан Жарқынбаевтар, Бектібай және Ұрлықай Жәкеновтер, Сәбит және Жанкүнім Ақкозиндер, шешелі –балалы Қаражан және Күзенбай Түктібаевтар, Жантемір Айтуаров және күтушісі Сағынбай Итқұловтар Меккеге барып қажылық парыздарын өтеген.
Тінәлі ұлы Кененбай қажы Алқакөл (Ақтоғай ауданы) болысының тумасы, 1908-1909ж.ылдары қажылық парызын өтеген, Ақтоғай ауданы Исантерек ауылында Кененбай қорымы, Кененбай жері деген атаулары сақталған. Алан ұлы Манатай қажы да Ақтоғай өңірінің тумасы дінге қызмет жасап үш мәрте қажылық парызын өтеген Мекке де жерленген екен. Ақтоғай ауданында Манатай деген жер атауы сақталған. Манатай қызы Жанкүнім қажы Алқакөл болысының (Ақтоғай ауданы)тумасы 1908-1909ж жолдасы Сәбитпен бірге қажылық парызын өтегені жоғарыда аталды. Ол анамыз діни сауаты мол, білімді адам болыпты.
1900 жылдың 31 желтоқсанындағы №2414 қаулысына сәйкес ерекше бақылаудағы ресми ұйғарым бойынша Ресей аумағындағы мұсылмандарға Осман империясының аумағына енуге рұқсат беріліп, Қара теңіз арқылы Меккеге қажылыққа баруға жол ашылған екен. Содан бастап біздің өңірден қажылыққа бару көбейген.
Қажылыққа алғаш барғандардың ішінде меккеден оралмағандар да болған. Мәселен, 1901 жылы 31 желтоқсанда Ақкелін болысынан Мекке-Мединеге қажылық парызын өтеуге аттанған 75 жастағы Шорман Иса, 80 жастағы Шөтіков Сәтбай, 74 жастағы Жылқыбаев Алтыбасар еліне оралмады, Меккеде қайтыс болды.
1917 жылға дейін Қаржасбайұлы Дүйсенбай қажылыққа 2 рет барып келген екен. Оның мәйіті Сілеті өзені бойына жерленген. Ал ағаш шебері, он саусағынан өнер тамған зергер Тұрсынбайұлы Шоқыбай-алғашқылардың қатарына Меккеге барып, қажылық парызын өтеген иманды кісі. Оның баласы Әбдіхалық «қажының баласы» деп қудаланып, туып-өскен жерінен алысқа-Ресейге кетіп жан сақтаған. Ол 1970 жылы 70 жасында дүниеден озды.
Сондай-ақ Ақтоғай ауданына қарасты Жаңабет пен Жаңатап ауылдарының ортасындағы күре жолдың тоғай жағында үлкен қорым бар. Көл жиегіндегі ол мүйісті ел Мәрдәбрар атайды. Ол қорымдарда жеті (кейбіреуі тоғыз) қажы жатыр деп халық қастер тұтады. Бұл тарихи шындықты өлкетанушылар зерттеп жазуда.
Тәуелсіздік жылдары облысымыздан қажылыққа барушылар саны жылдан-жылға көбейе түсуде, және қажылық парызы, умра құлшылығын өтеуді ұйымдастыру ісі бір жүйеге қойылған. Бұл ретте қажыға барғандардың барлығын түгелдей тізіп жазу емес, қажылыққа алғаш аттанған аталарымыздың Меккеге қандай қиындықтармен барғанын кейінгі ұрпақ білсін деген ниетпен кейбіреулерін ғана оқырмандарға ұсынуды мақсат еттік.