ӨТІРІК АЙТУДЫҢ МӘНІ

ӨТІРІК АЙТУДЫҢ МӘНІ

1859
5 мин
ӨТІРІК АЙТУДЫҢ МӘНІ

"Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам". Оны білеміз. Солай бола тұра адам баласы өтірікті өміріне серік етеді. Әйтсе де шындықтың өтіріктің бетін ашпай қойған кезі кемде-кем. Соған орай аталарымыз:

"Шындық бар жерде

Өтірік байқап жүреді.

Шындық жоқ жерде

Шіреніп, шайқап жүреді", - деген. Алайда ол да уақытша шайқау. Аталарымыз соны білгендіктен де: "Жыртық үйді жел табар,

Өтірік сөзді ел табар", - деп, "Өтіріктің қүйрығы бір-ақ тұтам" екендігіне кімнің де болсын көзін жеткізіп баққан. Солай бола тұра өтірік сөзде де адам жанын баурайтын құпия мән бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Соған орай Қадыр ағамыз былай депті:

"Туыстық жайлы лепіріп,

Тұлпардан бетер желеді.

Бәрі де соның өтірік,

Бірақ та сенгің келеді.

Болып сол елдің өкілі,

Бауырыңа сенің енеді.

Өкілдігі де өтірік,

Бірақ та сенгің келеді.

Аяусыз сөзбен өлтіріп,

Арамды жерлеп-көмеді.

Онысы тағы өтірік,

Бірақ та сенгің келеді.

Ақырын сөйлеп отырып,

Абайға мені теңеді.

Бәрі де мұның өтірік,

Бірақ та сенгің келеді.

Бір кезде кенет өкіріп

Жылайды,

Жасын төгеді...

Онысы тағы өтірік,

Бірақ та сенгің келеді".

Алайда Блез Паскаль айтпақшы: "Адам баласы шындықтан өлердей қорқып, өтірігінің ашылып қалуынан сақтанып жүрсе, бұдан артық бақытсыздық жоқ". Себебі, "Өтірік сөз - өрге баспайды". Қорқыт атамыздан қалған осы сөз әлі күнге дейін өз мәнін жойған жоқ. Сондықтан болса керек, Авраам Линкольн:

"Артымнан айтылған жалған, жала сөздерге ешқашан мән беріп көрген емеспін. Өтірік сөзге күйіп-пісудің не қажеттілігі бар?" - депті. Әйтсе де Асқар Сүлейменов: "Өтірікті кешіруге болады, ақтауға болмайды", - дейді.

Қалай десек те Махатма Ганди айтпақшы: "Өтірікші шындығына келгенде өзін-өзі алдайды". Алайда: "Көп өтірік айтатын адамдар шыншыл болып көрінуге тырысып бағады". Бұл - Цицеронның пайымы. Бірақ қанша жерден шыншыл болып көрінуге тырысқанымен, өтірік - адам баласының болмысын өзгертеді екен. Оны Виссарион Белинскийдің мына сөзінен аңғаруға болады: "Егер адам тұла бойы түгелімен жалғандыққа берілсе, ақыл-ой талантынан айрылатыны айдан анық". Солай бола тұра сол өтірікке кейде билік те жүгініп жатады. Бұл тұрғыда Марк Твен:

"Өмірде өтіріктің үш түрі бар: жәй өтірік, көзіңізді бақырайтып қойып айтылатын бетсіздердің өтірігі және статистика", - дейді.

Енді негізгі айтпағымызға ойысайық. Ол: "Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам" деген мақалдың мәні. Ол мәнді аталарымыз:

"Өтірік сөз жанға қас.

Өткір пышақ қынға қас", - деген келесі мақалымен айтып та қойыпты. Демек, өтірік сөз - жаннан тысқары екен. Жаннан тысқары болғандықтан да ол адамның табиғи болмысы емес. Соған орай Шерхан Мұртаза:

"Күйреген рухты қайта көтеру - міне, қазіргі тандағы басты мақсат. Қып-қызыл өтірікті көтере беретін осы дүние ғана. О дүниеде оңдай қулық өтпейді" - дейді.

Білген жөн. Өтірік пен шындық бір жерде тұрмайды. Соған орай Малик бин Динардан жеткен хадисте:

"Шындық пен өтірік екеуі, бірі екіншісін қуып шығарғанға дейін көңілде (жүректе) күреседі", - делінеді. Соны білген Лұқпан хакім:

"Балам, өтірік айтудан сақтан, ол құс етіндей тәтті. Одан аз адам құтыла алады", - десе, Айша анамыз (р.а): «Сахабалар үшін ең жаман, ең ауыр күнә өтірік болатын. Өйткені олар өтірік пен иманның бір арада болмайтынын жақсы білетін еді» дейді.

Өтірік пен иманның бір арада болмайтыны... Хадиске жүгінелік. Бір күні Пайғамбарымыздан (с.а.с): "Мұсылман адам қорқақ бола ма?", - деп сұрағанда: "Иә", - деп, "Мұсылман адам сараң бола ма?" - деп сұрағанда тағы да: "Иә", - деп, соңында: "Мұсылман адам өтірікші бола ма?" - деп сұрағанда "Жоқ", - деп жауап берген (Малик).

Сонымен мұсылман адамның өтірік айтпайтынын білдік. Өтірік айтатын - мұнафықтар (екі жүзділер). Олардың аузынан шыққан сөздің бәрі өтірік болып келеді. Ал мұсылмандардың аузынан шыққан сөздердің бәрі ақиқат болып келеді.

Осы жерде кілтипан бар. Оның қандай кілтипан екенін бәріміздің де ішіміз сезіп отыр. Енді аузыңнан шыққан сөздің бәрі шындыққа құрыла бермейтіні рас қой. Сонда... Күмілжудің реті жоқ. Аузымыздан шыққан сөздің бәрі шындық. Себебі, мұсылманбыз. Ал мұсылман өтірік айтпайды. Өтірік айтпайтыны, біз аманатқа қиянат жасамаймыз. Ол аманаттың аты - жан. Соған орай аманатты өзі иелік еткен адамның (мұнафықтың) аузынан шыққан әр сөзі өтірік болып табылады. Себебі, сөйлеуші ол емес, аманат. Ал мұсылман жанға иелік етпейді. Әйтсе де күнәсізбіз дей алмаймыз. Ол күнә - нәпсіге тән. Сондықтан да біз нәпсіні мұсылман қылуға міндеттелгенбіз. Нәпсі мұсылман болған кезде... Дұрыс. Ешкім өтірік айтпайды. Мұндай мүмкіндік мұсылманнан өзге ешкімге берілмеген. Сондықтан да өзгелер өтірік айтуын қоймайды. Ал біз оларға қарата: "Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам", - деп қоямыз.

Құдияр БІЛӘЛ

 

 

 

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс