«ТӘШКЕНТ КӨРГЕН»

«ТӘШКЕНТ КӨРГЕН»

1408
6 мин
«ТӘШКЕНТ КӨРГЕН»

«Тәшкент көрген»- бұл қазақта ертеден бар сөз. Қазақ орысқа қарамай түрған заманда Еуразияның жауынгер, көшпелі халықтары үшін Тәшкент қала (кент, шаһар) ұғымының басты өлшемі, көрсеткіші, үлгісі болды. Қазақтың байырғы қала мәдениеті дегенде біз алдымен Түркістанға, содан кейін Тәшкентке қараймыз. Түркістанға қарайтын себебіміз ХУІІІ ғасырдың ортасына қарай Ресейдің қазақ сахарасындағы саясатына жауап берген адамдардың бірі П.И.Рычков жазғандай: «Түркістан мен оның аймағындағы жерлердің көнелігі жағынан барлығынан да алда; себебі Түркістан қаласы татарлардың тарихи шығармаларында Бұхара қаласынан көп бұрын салынған деп айтылады, айтуларына қарағанда ерте замандарда билік осы қаладан басталған және бүкіл Азияға тараған....Осы аймақты олар ескі заманда Яссы деген атаумен де атаған, ол Түркістаннан да кәрі делінеді. Осы мағлұматтардың барлығын жоғарыда аталған ахун арабша және татарша кітаптардан көшіріп алған» (Рычков П.И. Топография Оренбургской губерний. Уфа, 1999, с.23).

Тәшкентке қарайтын себебіміз 500 жылдай Орталық Азияның қазаққа жақын аймақтарында Тәшкенттен үлкен қала болған жоқ. «Тәшкент көрген жігіт» сөзінің де шығу себебі де осыған байланысты. Өзбек тарихы Мұхаммед Шайбани тұлғасынсыз объективті жазылмайтыны сияқты, қазақ тарихы да Тәшкентсіз жазылмайды. Тәшкентке қазақтың қала туралы ұғымдары ғана емес, көне тарихи мұралары да байланған.

Қандай болсын зерттеуші ескеретін мәселе – Тәшкентті өзінің айналасымен бірге автономды қарастыру. Тарих ғылымында бұл тарихи құбылысты антика дәуірі түсініктеріне сүйене отырып polis (city-state) атайды, яғни қала-мемлекет. Біз бүгінгі әңгімеде Тәшкент шаһары мен оның агломерациясындағы жер-су атауларына қысқаша шолу жасаймыз.

Орта ғасырлық араб деректерінде Ташкент шаһарын Шаш деп атайды. Мысалы, Ибн әл Әсир «ал-Камил фи-т-тарих» (Тарихтың толық жинағы) кітабында (ХІІІ ғ.) 750-751 жылдардағы оқиғаларды баяндай келіп «...Осы жылы Ферғана ихшиды мен аш-Шаш патшасының қарама-қайшылығы күшейді, ихшид Қытай патшасынан көмек сұрады, ол ихшидты қолдап жүз мың әскер жіберді. Олар Шаш патшасын (Шаш шаһарын-Ж.А.) қоршады және Шаш билеушісі Қытай патшасын мойындады, сол себепті адамдары (шаһары-Ж.А.) аман қалды. Бұл хабар Әбу-Муслимға жеткенде ол Зийад ибн Салихты аттандырды. Екі жақ Тараз өзенінде ( Ж.А.) кездесті, мұсылмандар жеңіп елу мыңын өлтіріп, жиырма мыңын тұтқынға алды, қалғандары Қыйтайға қашты» деп жазады ( Ибн ал Асир. ал-Камил фи-т-тарих, Ташкент, 2006, 21 б).

Ибн әл Әсир бұл шайқас хижраның 133 жылы зу-л-хиджжа айында болды дейді, яғни 751 жылдың маусым айы. Бұл шайқас тарихи әдебиетте «Талас шайқасы», немесе «Атлах шайқасы» аталады.

Негізгі мәселеге келейік, мәселе Шаш (Ташкенттің) өз билігі өзінде болғандығында, бұлар Орталық Азияның, жалпы Шығыстың үлкен қалалаларының көпшілігіне тән заңдылық. Қала шаруашылығын махалла (даха) басшыларының, ақсақалдардың кеңесі (магистрат) өздері жүргізе береді. Қазақ саяси тарихындағы Есім хан мен Тұрсын хан арасындағы соғыстың да негізгі себептерінің бірі Ташкенттің қала-мемлекет ретінде өмір сүру дағдысы.

***

Ташкент атауы хақында

Ибн әл Әсир және басқа араб тарихшылары Тәшкентті Шаш (аш-Шаш) деп атайтынына дәлел жоғарыда келтірілген мысал, бірақ түрік тілді жазбаларда бұл шаһарға қатысты Тәшкент атауы қолданылады. Мысалы, Әбу Райхан Беруни Бинкат шаһары түркше Ташкент (ар), юнанша (яғни грекше- Ж.А.) тас қала (тош қала) аталған дейді (Беруни, Абу Райхан. Канон Масуда (кн.І V)//Избранные произведения. Т.5, ч.1, Ташкент: Фан, 1973, с.271). Ал М.Қашқари Шаш уәләйатындағы бас қала Ташкенттің аты түрік тіліндегі тас шаһар деген мағына білдіреді дейді, бірақ М.Қашқари «тас» сөзінің оғыз тіліндегі табиғи тасқа қатысы жоқ мағынасын да (жаман, нашар, пәс) келтірген (Қашқари М.Түрік сөздігі. 3 томдық, 1 том, Алматы, 1997, 387 б.). Біздің ойымызша Тәшкент атауы ерте замандағы Азия мен Еуропа арасындағы тас саудасына (лазурит жолы, нефрит жолы т.б.) байланысты пайда болуы да мүмкін. Әбу Райхан Беруни қолданатын Бинкент атауы тарихи жазбаларда ғана бар. Тәшкенттің археологиялық қазбалар бойынша ғана белгілі, біздің жыл санауымыздың басындағы шаһар орнын ғалымдар Бинкет деп болжайды.

Сонымен Ташкент атауы түркілік деректерде, ал Шаш, Бинкет атаулары арабтық, парсылық деректерде қолданылды деп есептеуге болады. Шаш (аш-Шаш) атауы негізінен Шыршық өзенінің бойындағы алқапқа қатысты қолданылатынын ескерту керек. Өзбек тіліндегі анықтамаларда «Чирчиқ дариесининг хавзаидағи тарихий вилоят» делінеді. Араб деректерінде «водий аш Шаш», «мароъи аш-Шаш» деген ұғымдар кездеседі, яғни Шаш суы (Сырдария), Шаш жайлауы. Ибн Хаукалдың «Китоб сурат ал-ард» кітабында аш-Шаш аймағындағы қалалардың тізімі бар «улар: Бинкат (бұл Ташкент болуы керек-Ж.А.), Данфағонкат, Жинонжкат, Нажокат, Банокат, Харашкат, Устибайғу, Ардлонкат, Худайнкат, Канкрок, Калашжик, Ғарканда, Ғаннож, Жабузан, Вардук, Кабарна, Ғадронк, Нужкат, Ғазақ, Абрадкат, Бағұнкат, Баркуш, Хотункат, Жабғукат, Фаранкат, Кадок, Таколик» (Ибн Хавкал. Китоб сурат ал-ард, с.72 б.). Бұл атауларға қатысты этимологиялық зерттеулер керек екені аян,

Ортағасырлық деректерде Шашпен қатар, көрші Илоқ (Илақ) деген аймақ атауы кездеседі, бұл Әнгрен (Охангарон) өзені бойындағы уәлайат. Охангарон парсы тілінде «темір ұстасы» деген мағына береді, «Әнгрен» осы атаудың түркіленген нұсқасы ма, әлде басқа этимологиясы бар ма, ол жағы бізге жұмбақ. «Шаш» сөзінің мағынасы да түсініксіз, кейбір жазбаларда ол ортағасырларда әлеуметтік рангты білдіретін аспа-белбеуге қатысты қолданылған дейді.

Проф. Ж.О.АРТЫҚБАЕВ

 

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс